21.02.2017, 10:51
Қараулар: 294
Шаш қию да өнер

Шаш қию да өнер

а-212Сайқындық Раушан Жүнісованың жеке кәсіппен айналысып келе жатқанына ширек ғасырдан асып барады. Аз уақыт емес. Жас кезінен қолына қайшы, тарағын алып шаш қиған ол жұрт жаппай өз істерін ашып, кәсіпкерлікке ден қойғанда осымен айналысуды ойлады. Бос тұрған бөлмелерді жалға алып, жұмысын бастап кеткен. Оған ауылдастары да жиі барып, қызметіне жүгінетін. Жұмыс орнына лайық жерді алмастырып жүріп, бес-алты жылдай бұрын кәсіпкерлік бөліміне қарасты бизнес орталығынан орын алып, шаштараздықты батыл жалғастырды. Бүгінде көгілдір отынмен жылытылатын бұл орталықта жеке кәсіппен айналысушылар қатары да жылдан жылға өсіп келеді. Былтыр ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді.

– Мекемеге пластикалық терезелер орнатылды. Іші кеңейіп, адамдармен жұмыс жасау бұрынғы кездерге қарағанда жағымды әсер сыйлауда. Мұның өзі үлкен қуаныш,-дейді шаштараз.

Иә, Раушан тәжірибелі кәсіпкер. Әдемілікті сүйетін ол шаштараз бөлмесін гүлге көмкеріп қойыпты. «Мынау «Әйел бақыты» деп аталады. Ал, мына тұрғаны…»,- деп әр гүлді таныстырып өтті.  Үнемі клиенттерінің көңілін тауып, әрі оларды түсініп отыру оның күнделікті дағдысы. Адамның ішкі дүниесіне жол салғысы келіп тұратын жеке кәсіп иесін «Өз ісінің шебері» дейді ауылдастары. Жөн-ақ.

– Алдыма келгендер шаштараз үстеліне отырғаннан-ақ, көңілдері жайланып кететіндерін айтады. Көпшілігі қызметіме дән риза. Маған керегі де сол ықылас. Мұның бәрі кішкене нәрсе болса да, адамның көңілін өсіреді екен,-дегенді қосып қойды ол.

Г.АЙНА.