Бүгінгі таңда құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің веб-порталы арқылы әр азамат қылмыстық іс бойынша өзіне берілген талонның көмегімен анықталып жатқан қылмыс туралы нәтижелерін, өзіне қатысты айыппұлдардың бар-жоқтығын, күмәнді адамдардың іздеуде жүрген немесе жүрмегендігін, алимент төлеуден қашып жүргендерді де, өз автокөлігінің жол-көлік оқиғасына қатысы бар-жоқтығын анықтап, статистикалық есептерді қарап, талдау материалдарымен, соның ішінде, карталармен таныса алады. Біз ұсынатын ақпарат түрлі азаматтық немесе басқа мәмілелерді жасауға, мысалға автокөлік сату-сатып алу, жалға алу-беру, сенімхат рәсімдеу, жұмысқа қабылдау, тағы басқаларға негіз қалайды.
Азаматтарға комитет мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет беру мақсатында Facebook, Вконтакте, Twitter әлеуметтік желілерінде тиісті парақшалар құрылды, солар арқылы желі тұтынушылары жарияланған материалдармен танысып, өз пікірлерін білдірулеріне болады.
Жол-көлік оқиғаларын есепке алу деректері картада трасса, елді мекен, жол қиылысы, көшесіне дейін көрсетіледі. Бұл жолда жүру қозғалысын қауіпсіз етіп, апаттар санын азайтуға мүмкіндік берері хақ. Картаны жергілікті тұрғындармен қатар, облыс қонақтары, біздің елімізге жұмыс жасауға келген шетел азаматтары да пайдалана алады. Ол жылжымайтын мүлікті сатып не жалға алғанда, қала ішінде, сыртында жүргенде қауіпсіз бағыттарды таңдауға көмектеседі.
Комитет сайтындағы «Өтініштер картасында» облыс, қала, аудандардан түскен өтініштерге қатысты барлық мәліметтер көрсетіледі. Мемлекеттік орган ғана емес, сонымен қатар кез келген азамат аймақ бойынша мәселелердің сипатына қарай өтініш саны туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде ала алады. Бұл ақпаратты түрлі мақсаттарда қолдануға болады.
2016 жылдан бастап кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қолсұқпаушылықты бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарды есепке алудың жаңа түрі қосылды. Педофилдер туралы электронды деректер қоры 1991 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оған ТМД елдерінде педофилияға қатысы бар адамдар туралы мәліметтер енгізіліп, олардың Қазақстан жеріне кіруіне шектеулер қойылған. Аталмыш ақпарат тек құқыққорғау органдарына ғана емес, шекарашыларға да беріледі.
Бағдат ДӘУЛЕТОВ,
құқықтық статистика және арнайы
есепке алу саласының аудандық статисі.