28.02.2017, 12:26
Қараулар: 383
 » 
Республика прокурорының міндетін атқарған Ш.Бекмұхамбетовтың туғанына 125 жыл

Республика прокурорының міндетін атқарған Ш.Бекмұхамбетовтың туғанына 125 жыл

в-106 Ш. Бекмухамедов - нарком земледелияОның өмір, еңбек жолы туралы деректі мәліметтер белгілі ғалымдар С.Зиманов пен С.Дәулетованың еңбектерінде, өлкетанушылар М.Әбдеш пен Т.Шәріпқалиевтің мақалаларында, Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешені қорында сақталған 1918-1919 жылдардағы Бөкей облыстық съездерінің хаттамаларында молынан кезігеді.

 

Осыдан 125 жыл бұрын, 1892 жылдың 26 ақпанында Бөкей хандығындағы ІІ Теңіз жағалауы округінің үшінші болысында ауқатты отбасында дүниеге келген Шафхат Мұхамбетжанұлы Бекмұхамбетов 1902-1912 жылдары Астрахан гимназиясында, 1912-1917 жылдары Қазан университетінде оқыған. Алғашқыда медицинаны қалағанымен, кейін заң факультетіне ауысады. Білім алып жүріп студенттердің демократиялық бағыттағы қозғалысына қатысқаны үшін оқудан шығарылып, қайта алынады. Алайда, заманның аумалы-төкпелі кезеңі, қоғамның саяси тұрақсыздығы оқуын бітіруге мүмкіндік бермейді. Ш.Бекмұхамбетов 1916-1917 жылдары І дүниежүзілік соғыстың тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне көмектесу, оларға бас-көз болу мақсатында қазақ зиялыларымен бірге Минскіге барады. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтардың 16 наурызда Минскіден жүріп жатқан империалистік әділетсіз соғысқа наразылық білдіріп, қазақ оқығандарына жолдаған телеграммасына ол да қол қояды.

1917 жылғы Ақпан төңкерісі нәтижесінде құрылған буржуазиялық уақытша үкімет тұсында елде саяси-демократиялық қозғалыс кең өріс алды. Жер-жерде съездер өтіп жатты. 1917 жылы 2-6 сәуір аралығында Ш.Бекмұхамбетов Орынбор қаласында, Орал, Ақмола, Семей, Сырдария облыстарының және Бөкей ордасының съездеріне, Бөкей Ордасы өкілдері қатысқан Торғай облысындағы қазақ съезіне қатысып, басшылық жасайды. 1918 жылы ол Бөкей облыстық жер-су комиссары, кейін губерниялық жұмысшы-шаруа және қызыләскер кеңесінің төрағасы болады. 1918 жылы Ордада құрылған Қазақ Орталық әскери комиссариатының комиссары Мұхамедияр Тұңғашиннің орынбасары болып тағайындалып, қазақтың бірінші үлгілі атты әскер полкін жасақтауға атсалысады. 1919-1921 жылдары Ш.Бекмұхамбетов жер бөлімінің басшысы, Орынбор жұмысшы-шаруа инспекциясының алқа мүшесі, Бөкей губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. 1921 жылы қыркүйектен ІІ жалпықазақ съезінде Қазаткомның шешімімен Қазақ АКСР әділет комиссары болып тағайындалады. Ш.Бекмұхаметовтың заңға жетік болғаны сондай, ол осы қызметте жүріп «Прокуратура туралы», «Адвокат туралы» заң ережелерінің жобасын әзірлейді және республика прокурорының міндетін қоса атқарады. 1922 жылы Қостанай облысына прокурор болып барудан бас тартқаны үшін Ш.Бекмұхамбетов партия қатарынан шығарылып, қызметінен алынады. Шафхат Мұхамбетжанұлы 1930 жылға дейін Қазақ АКСР-ның әділет комиссариатында аса маңызды істер бойынша тергеуші, кеңесші-заңгер болуымен қатар жоғары оқу орындарында дәріс береді. Сондай-ақ, ол Қазақ АКСР Конституциясын дайындау комиссиясының мүшесі болады.

Халық арасында «Мақаш правитель» атанған әкесі Мұхамбетжан Шолтырұлы Бекмұхамбетовтың қоғам қайраткері, ағартушы ғалым ретінде мерзімді баспасөздерде мақалаларын жариялап, «Жақсы үгіт» атты кітабын да шығарғаны белгілі. Не дегенмен бойында әке қаны бар ғой. 1958 жылы Алматы қаласында өмірден өткен Шафхат Мұхамбетжанұлы өмірінің соңғы кезеңін әдеби шығармаларды аударуға арнаған көрінеді.

Амантай ХАМЗИН,

тарихшы-өлкетанушы.

 (Суреттер мұражай қорынан алынды).