28.02.2017, 12:28
Қараулар: 325
«Қарасайды білмейтіндер бар екен-ау…»

«Қарасайды білмейтіндер бар екен-ау…»

 

Соғыс жылдары күллі кеңестік кеңістікте мал басының күрт кеміп кеткені белгілі.  Кеңес Үкіметі соғыс біткесін іле-шала ауыл шаруашылығын, соның ішінде, мал шаруашылығын дамытуға жіті көңіл бөліп, бұл бағытта тиісті қаулылар қабылдады. 1946-1949 жылдар аралығында ынталандыру мақсатында мал шаруашылығы саласында қандай да болмасын жоғары табысқа  қол жеткізген еңбек адамына (әр аналыққа төл ерткендерге) Социалистік Еңбек Ері атағы көптеп берілді. Біздің Орда ауданының өзінен 24 Еңбек Ерінің шығуы соның дәлелі. Одан кейінгі жылдары бұл атаққа қазір арамызда жүрген Ескендір Есімовтен басқа ешкім ие болмапты.

 

Сол Ерлердің бірі – осыдан 110 жыл бұрын Бисен ауылында дүниеге келген Қарасай Сариевтің балалық, жастық шағы ел өміріндегі аласапыран өзгерістермен тұспа-тұс келді. Ол тұрмыс тауқыметі мен жоқшылықтың зардабын тартудай-ақ тартты. Бірде алдын, бірде артын беретін бұраңбел өмір соқпағы оны қайда апармады, не істетпеді. Ауылдағы күнкөріс көзі тарылғасын кешегі малды ауылдың баласы кәсіп іздеп, қыр асты. Ол алғашқы еңбек жолын Астрахан қаласындағы балық тресінде жұмысшы болудан бастады. Жиырмасыншы жылдардың аяғы, отызыншы жылдардың бас кезінде колхоздастыру үрдісі басталғанда Қ.Сариев қаланы тастап, ауылға келіп, колхоз ісін көтеруге бар күш-жігерін жұмсады. 1930 жылы «Алғашық» колхозына мүшелікке кіріп, кейін бригадир болады. 1939-1942 жылдар аралығында Қ.Сариев ауданның арнайы байланыс бөлімінде фельдегерь қызметін атқарған.

1942 жылы әскерге алынып, неміс басқыншыларына қарсы Ұлы Отан соғысы майдандарында ерлікпен шайқасады. 1943 жылдың қазан айында солтүстік Кавказ майданында жаумен кескілескен ұрыстардың бірінде ауыр жараланып, госпитальға түседі. Медкомиссия соғысқа жарамсыз деп оны ауылға қайтарады. Одан кейін жас жігіт әйел, бала-шағаға бас болып, өзі сияқты майданнан мүгедек болып оралған жартыкеш жандармен колхоздың сан-салалы шаруашылығында дамыл таппай еңбек етті. Көп ұзамай аупартком іскерлігімен көзге түскен майдангерді колхоз басқаруға жұмсады. Бұрын басшылық қызмет атқармаған кісіге шаруашылық басқару үлкен жауапкершілік екенін терең түсінді. «Ешкімде басшы болып тумайды» дегендей, мұны да жүре бара дөңгелентіп алып кетті. Соғыс жылдары шаруашылық басқару әлдеқайда жауапты да ауыр еді. Техника жоқ, қол күші жеткіліксіз. Таңның атысы, күннің батысы бітпейтін қат-қабат колхоз жұмысы әйел, бала-шағаның қолымен атқарылды. Адам айтқысыз ауыр кезең. Екі күннің бірінде бірінің күйеуі, бірінің баласы қанды шайқаста қаза болғандығы жөнінде келген «қарақағаз» баршаны есеңгіретіп тастайтын. Осындайда ауыл адамдары бір-біріне басын сүйеп, жоқтау айтып жылағанда, сай-сүйегің сырқырайды. Қарасай онсыз да осынау жүректері жаралы, жүздерін мұң шалған жандарды жұмысқа жұмсағанда дікектемей, көңілдерін аулап, тілін табуға тырысты. Ортақ қайғы, ортақ мақсат арқылы бастары біріккен колхоз мүшелері де уақытпен санаспай еңбектенді. Бар күш майдан мұқтажын өтеуге жұмылдырылды.

Міне, сарыла күткен Жеңіс күні де келіп жетті. Төрт жылға созылған алапат айқастан азап шеккен ел енді еңсесін тіктеуге бағыт алды. Іскер азамат басқарған Карл Маркс атындағы колхоздың шаруашылық шкаласының көрсеткіштері жылдан-жылға жоғарылады. Бұл кезеңдегі колхозшы қауымының төккен тер, еткен еңбегі еш кетпей, өздеріне береке-байлық, мол ырыс болып оралды. Нақты айтқанда, белгіленген жоспар, үкімет тапсырмасы, мал басы өсуінің барлық көрсеткіштері артығымен орындалып, колхоз бес жылға белгіленген жоспарды үш жылда еңсерді. Еселі еңбек ескерусіз қалмады. 1948 жылы ауыл шаруашылығы өндірісінде, соның ішінде, мал басын өсіруде қол жеткізген жоғары жетістіктері үшін Қарасай басқарған «Карл Маркс» колхозының төрт бірдей мүшесі – аға шопан Төлеген Өтешев, жылқышылар Қалеш Ғиылманов, Кенже Құрмашев, жылқы фермасының меңгерушісі Қабден Темірғалиев және қарамағындағы колхозшыларын ерен еңбекке жұмылдыра білген оның өзі де Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Атақ, абыройға бөленген бес бірдей Еңбек Ерінің суреті сол кездегі облыстық «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал өңірі») газетінде басылған екен. Бүгінде уақыт табынан сарғайған газеттің сол нөмірі Бөкей ордасы мұражай кешені қорында сақтаулы.

Мал шаруашылығында жоғары жетістіктерге жеткен «К.Маркс» колхозының Қ.Сариев бастаған бір топ колхозшылары КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, оның күміс медалін де иеленген. Осындайда ел аузынан естіген мына бір әңгіме еске түсіп тұрғаны. Мәскеу үлкен шаһар. Құжынаған халық. Солардың арасынан жол тауып шығу оңай ма?! Сеңдей соғылысып жүргенде серіктері Қарасайдан көз жазып қалады. Қай жаққа қарасаң да түрлі ұлт өкілдері:

– Біздің Қарасайды көрмедіңдер ме?-деп олар анадан да, мынадан да сұрайды. Олар «Мыналар не дейді?» дегендей, бажырайып бір қарап өте шығады.

– Әй, бәрі керең болып қалған ба?! Жауап қатпайды ғой… Қабден (ішіндегі пысығы да, жасы кішісі де сол болса керек), сенің бір қағарың бар еді ғой, «түсі игіден түңілме» деген ана кетіп бара жатқан сары иманжүзді сияқты, тоқтатып, содан сұрашы,- дейді бірі.

– А кто такой Карасай?- деп, ол да жөніне кете барады.

–Ту-у-у, Қарасайды да білмейтіндер бар екен-ау,- деп сонда бәрі аң-таң болыпты.

Қ.Сариев «Карл Маркс» колхозында 1944-1952 жылдары аралығында тынымсыз тер төгіп, еңбек етті. 1952 жылы жерінің үлкен бір бөлігі әскери полигонға беріліп, аудан таратылғанда ол Жәнібек ауданына жұмысқа ауыстырылып, сондағы Тау ауылдық кеңесіне қарасты «Калинин» колхозында басқарма төрағасы болды. Жұмыстан қол үзбей, Орал қаласындағы колхоз басқармаларын даярлайтын ауылшаруашылық мектебінде оқып, агроном мамандығын алды. 1957-1971 жылдары Қ.Сариев «Сайқын» совхозының №3 бөлімшесінің орталығы – Сейітқалида агроном, бөлімше меңгерушісі, кейін кеңшар директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Зейнеткерлікке шыққасын Орал қаласына қоныс аударған есімі елге танымал Еңбек Ері 1982 жылы сонда дүние салды. Артына айшықты із қалдырған ардақты азамат әлденеше рет ауылдық, аудандық, облыстық кеңестерінің депутаты болып сайланды, Қазақстан Компартиясы ІV съезіне, бірнеше рет Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысты. Нарынның нар ұлдарының бірі болған оның өткен өмір белестері шағын мақаланың шеңберіне сыймайтынын білгендіктен осы жерден тізгін тарттық.

Тоқсан ауыз сөзді түйіп айтар болсақ, еңбек пен ерліктің ерен үлгісін танытқан осынау аптал азаматтың есімі ел есінен өшпек емес. Кезінде Сайқын ауылындағы және Орал қаласындағы (бұрынғы Дзержинский, қазіргі Еуразия көшесінде) ол тұрған үйге орнатылған ескерткіш тақта да соның айқын дәлеліндей.

А.АҚМУРЗИН.