28.03.2017, 10:07
Қараулар: 382
Музей ашқан Файыз ата

Музей ашқан Файыз ата

в-123-2Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің елімізге ғана емес көптеген шет елдерге де кеңінен танылуының бірден-бір себебі, әрине, өңірдің бай тарихы, атақты тұлғалары  және 55 жылдан бергі музей қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі. Биыл кешеннің алғаш негізін қалаған ардагер-ұстаз, өлкетанушы, Қазақ ССР-ына еңбегі сіңген мұғалім Ахметфайыз Юсупұлы Тажетдиновтың туғанына 125 жыл.

 

Файыз атаның өмірі сол замандағы ірі оқиғаларға толы бір тұтас тарих десек те болады. Өзі жазып қалдырған өмірбаянын: «Бұрынғы Қазан губерниясының Мамеинск болысы, Байчурин ауылындағы шаруа отбасында 1892 жылы дүниеге келдім. Ордадағы жоғарғы бастауыш училищесін, оның жанындағы педагогикалық курсымен қоса оқып бітірдім. 1913 жылы Бөкей ордасындағы татар мектебінде орыс тілінен дәріс бердім», — деп бастапты. 1914 жылғы бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде патша әскері қатарына шақырылғанымен, денсаулығына байланысты ұстаздық қызметіне қайтарылған. Тек 1917 жылдың басында тағы шақыртылып, Царицын (қазіргі Волгоград) қаласындағы 115-запастағы жаяу әскер полкіне алынады. Осы жылдың жазында Гори қаласындағы прапорщиктер мектебін тамамдап, Қазан әскери округіне қызметке жіберіледі. Кейін Симбирскідегі 242-запастағы жаяу әскер полкінде кіші офицер болады. Денсаулығы сыр беріп, әскерден босатылады да, Орда мектебіндегі орыс тілі пәні мұғалімдігіне қайта оралады.

1918 жылы Ордада құрылған қазақтың тұңғыш үлгілі атты әскер полкіне өз еркімен кіріп, взвод командирі ретінде бөкейліктегі және 25-Чапаев дивизиясы құрамында Орал майданындағы ұрыстарға қатысады. Азамат соғысы аяқталғаннан кейін жаппай сауатсыздықпен күрес ісіне белсене араласады. 1921-1922 жылдары Орда татар мектебінің мұғалімі, 1922-1924 жылдары Жиделі мектебінің меңгерушісі қызметтерін атқарып, 1925-1931 жылдары аралығында ауылдық, аудандық кеңестерге депутат болып сайланады. 1926 жылдан зейнеткерлікке шыққанша  М.Горький атындағы Орда орта мектебінде физика және математика пәндерінен сабақ береді. 1948 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі» атанған ол 1949 жылы Ленин, 1967 жылы «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің, облыстық, аудандық партия, комсомол комитеттері тарапынан көптеген құрмет грамоталарын алған.

1962 жылы денсаулығына байланысты ұстаздық қызметін доғарған Файыз ата сол жылдың 15 желтоқсан айында өлкеміздің тарихына қатысты өзі жинаған фото, құжаттық деректерден (не бары 55 экспонат аясында) ауыл кітапханасы болған ескі ғимарат ішінде қоғамдық негізінде тарихи революциялық музей ұйымдастырады. Онда Орданың және азамат соғысы жылдарында қазақтың бірінші үлгілі атты әскер полкінде үзеңгілес болған жауынгерлердің, өңірден шыққан атақты тұлғалардың фотосуреттері орналастырылып, көпшілік назарына ұсынылған. Бұл фотолар бүгінде музей кешенінің қорындағы баға жеткісіз жәдігерлер қатарында сақталуда. Кейбірінің көшірмелері музей экспозициясында тұр. Ол ұйымдастырған Орда тарихи-революциялық музейі 1967 жылы мемлекеттік санатқа алынып, 1969 жылы бұрынғы «Қазына үйі» ғимаратына көшірілді, көбін өзі жинастырып, толықтырған экспозиция бірнеше бөлімге бөлініп жайғастырылды. 1970 жылға дейін музейдің директоры болған Ахметфайыз Тажетдинов эстафетаны Шарап Сирановқа, ол Темірболат Махимовқа тапсырады. Бұл күнде Бөкей ордасы тарихи музей кешені, Халықаралық музейлер кеңесіне (ИКОМ)-ге мүше.

А.Ю.Тажетдиновтың  туғанына 125 жыл толуына орай кешеннің «Ордадағы тұңғыш қазақ баспаханасы музейінің» көрме залында «Ел тарихын ұрпаққа мұра қылған жан» атты көрме жасақталды. Оған Файыз атаның өмірі мен еңбек жолына қатысты фото және құжаттық жәдігерлер, өзі түсірген кадрлар, тұтынған бұйымдары, жұмыс үстелі құралдары, қолжазбалары қойылды. Жас кезінен ұстаған фотоаппараты, аңшылық мылтығы, балмұздақ жасайтын көне аппарат сынды баға жетпес дүниелер және өзі жинап музей қорына тапсырған, т.б. көптеген жәдігерлерді келушілер қызыға тамашалауда.

Әлихан КӘРІМОВ,     

тарихи-музей

 кешенінің тарихшысы.