4.04.2017, 10:11
Қараулар: 467
Рухани байлық – басты қазына

Рухани байлық – басты қазына

Кітапхана – рухани әлемге жол салар мекеме. Бұл жерден оқырмандар өздеріне қажетті мәлімет іздеп,  тауып, әртүрлі тақырыпты қамтыған шығармаларды оқи алады.  Бір қарағанда бұл сала  қызметі   бұйығы  көрінеді. Алайда, ол тек сырт көзге ғана. Ішіне үңілген адамға    мекеменің жұмысы шаш етектен. Әртүрлі танымдық кештер, айтулы тұлғалар өмірі туралы мәдени шара, оқушылар қабілетін шыңдау бағытында өткізілетін байқаулар, тақырыптық кештер, кездесулер, дөңгелек үстелдер, т.с.с. Сондай-ақ, мұндағы жаңа әдебиеттермен танысып, кітапқұмарлар конференцияларына қатысу танымыңды шыңдайтыны сөзсіз. Ал, ойлы оқырман сұранысын қанағаттандырып, олардың талғамындағы шығармаларды  тауып беру – кітапханашының негізгі міндеті.

«Өз ісінің үздігі»

«Бұл мекеменің ішкі өз тәртібі бар»,-деді бізбен әңгімесінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Дәржан Садықова.

Оның өзі де  бала кезінен кітапқа   ынталылардың  бірі болған. М.Горький атындағы Орда орта мектебін бітірген соң, 1987 жылы Орал қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне түскен. Еңбек жолын аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде бастаған ол бірте-бірте сатылап өсіп, өзін-өзі шыңдайды. Сол жылдары мекемеге Зайран апа Дощанова басшылық еткен.

Дәржан Әнуарқызының 1-сыныпта тұңғыш оқыған кітабы «Күн қайдан көтеріліп келеді?» деп аталады екен. Қалыңдығы пышақтың қырындай  сол кітапша балауса қыздың өмір жолын адаспай табуына алғашқы баспалдақ қалыптастырған. Анасы Ақылзияның сол мекемеде тазалықшы болып жұмыс жасауы да  кітапқұмар қыздың үмітін үкілетті. Әкесі Әнуар қарапайым тракторшы болғанымен, газет-журналдарды бір қарап шықпаса ас батпайтын, ой-өрісі жоғары адамдар қатарынан еді. Үйлерінің төрінде әр  үнпарақ саны ретімен тігіліп, ілулі тұратын. Рухани дүниені басты құндылық санайтын әке балаларының газетті құрметтеуіне үлкен мән берген. Аудандық, облыстық басылымдармен қоса, республикалық «Социалистік Қазақстан», «Балдырған», «Мәдениет және тұрмыс», «Зерде» газет-журналдарын да жаздырып алдыратын. Отбасындағы үрдісті бойға сіңіріп өскен Дәржанның қалаған салада қызмет етіп жүргеніне де бүгінде бақандай 30 жыл болыпты. Ойлап қарасаңыз, бір адамның есею шағы. Осы жылдар ішінде жоғары білім алған ол қызметінде қатардағы кітапханашы, библиограф, әдіскер қызметтерін атқарды. Ал, 2011 жылы мекеме басшысы лауазымына көтерілді. Яғни, еңбекте бағы жанды. Басым бөлігін қыз-келіншектер құрайтын кітапхананың өз қызығы жетерлік. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығында тәжірибелі маман, байсалды басшының еңбегі еленіп, Алматы қаласындағы ұлттық кітапхана оны «Өз ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Иә, өзінен гөрі «ұжымдасымның аты озсын» деп тұратын кішіпейіл жанның сабырлы болмысы қарамағындағыларға үлгі.

Рухани азық – ой түйер қазық

Бұл мекеменің тарихы Орда ауданының қайта құрылуынан бастау алады. 1972 жылы аудандағы  14 кітапхананың кітап қоры 3000 дана ғана болыпты. Бүгінгі таңда 22 кітапхана болса, онда 68 қызметкер еңбек етуде. Оның 36-сы кәсіби мамандар, 15-і арнаулы жоғары, 21-і орта білімділер. Үш кітапхана телефон және ғаламтор желісіне қосылған. 22 мекеменің алтауы көгілдір отынмен, екеуі электрлі, 14-і қатты отынмен (көмір) жылытылады. Кітап қоры: 2015 жылы 208081, 2016-да бұл 211801-ті құраған. Жалпы 11500   оқырманға қызмет көрсетілуде.

Дәл қазіргі кезеңде бұл мекемеде әдістемелік-библиографиялық, оқырмандарға қызмет көрсету және әдебиеттерді толықтыру, өңдеу бөлімдері бар. Әрбіреуін саралар болсақ, әдістемелік-библиографиялық бөлім семинар-кеңестер, конференция, дөңгелек үстелдер өткізеді. Бөлім меңгерушісі Раушан Жүсіпқалиева, балалар әдіскері Лаура Мырзагереева, библиограф Айнагүл Төлеуова, оқырманмен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Темірешева, кітапханашылар Қалампыр Әбуова, Гүлмира Ғайсина, Арайлым Ділмановалар  ыждағатты қызметтерімен көрінуде. Әдебиеттерді толықтыру және өңдеу бөліміне Айгүл Темірбаева жауапты болса, оның қарамағында кітапханашы Нағима Бөкенова, редактор Айман Хайроллалар  кітап қорын толықтыру бағытында, аудандық балалар кітапханасында  меңгеруші Айнагүл Батырханова, кітапханашылары Алтын Ерешова мен Гүлназ Молдағалиева жұмыстанады.

Марапат иеленген мақтаулылар

Оқырмандармен ұдайы қызмет ететін мекеме  жетістігі де аз емес. Облыстық Х.Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасы өткізген «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы – 2015» байқауында саралжындық Еркінғалиевтер әулеті ІІІ орынды иеленіп, аудан мерейін өсірсе, 2016 жылы бөрлілік Арыстановтар жанұясы облыстық отбасылық байқауда ІІ орынды жеңіп алып,  жерлестерімізді тағы бір қуантты.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аталмыш саланың біраз мамандары марапатталды. А.Темірбаева, А.Батырханова, Н.Әбілқайырова, А.Темірешева, А.Ерешева БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Д.Құсайыновтың, И.Қалиева, Р.Жүсіпқалиева, Н.Бөкенова, Ұ.Дүйсенғалиева, Л.Сұлтанова, Г.Ғайсина Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана директоры Р.Исатаеваның,  Л.Мырзагереева мен Т.Жақсылықова Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры З.Өтешеваның «Алғыс хатына» ие болды.

Модельді кітапхана – жаңашылдыққа бағыт

Хан ордасы ауылындағы ауылдық және балалар кітапханасы оқырмандармен ақпараттық қызмет көрсетуде жаңа мүмкіндіктер беретін үлгілі қалыпта жабдықталған статусқа ие. Қазіргі таңда Орда ауылдық  кітапханасының (меңгеруші Ұ.Дүйсенғалиева, кітапханашы А.Ғұмарова) қоры 17163 дана болса, оқырман саны 972 -ні құрап отыр. Ал, Орда балалар кітапханасының (меңгерушісі Н.Әбілқайырова, кітапханашысы И.Қалиева) кітап қоры – 13351. Оларда 990 кішкентай кітапқұмар тіркелген.

Біраз уақыттан бері ескі де ақаулы көлікті пайдаланып келген бұл мекемеге өзге темір-тұлпар беріліп, ұжым мүшелерінің көңілі де бірленді. Ендігі басты проблема – көркем және балалар әдебиетін алдыруға жетіспейтін қаржының көбейтілуі. Жергілікті бюджеттен  тиісті ақша бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, көркем-әдеби, қоғамдық-саяси мазмұндағы шығармалар да сұранысқа ие. Ауылдық жердегі кітапханалардың техникалық базасы нығайтылып, оларға да заманауи қондырғылар қойылса, құба-құп.

«Өлең – сөздің патшасы»

Заманға қарай қарыштап даму әр кезеңнің бет-пердесін ашып көрсетер қажеттілік екенінде дау жоқ. Таңның атысы мен күннің батысы ғаламторда шұқшиып отыратын балалардың кітап оқымайтыны жиі әңгімеленіп  жүрген өзекті мәселе. Мектеп бағдарламасына қатысты қажеттілік туындағанда болмаса, көркем әдебиетті оқуға құлықты шәкірттер саусақпен санарлық. Ал, поэзияға бүйрегі бұрып тұратындар қатары мүлдем аз. Жалпы, оқырмандардың денін орта жастан жоғарылар құраса, мүмкіндіктері шектеулілер де рухани дүниені басты құндылық санайтындар қатарынан орын алады. Шындығында кітапқұмарлардың ең белсендісі зейнет жасындағылар көрінеді. Олар ой-танымдарымен әртүрлі басылымдарды іздеп, көзқарақтылықтарын танытып отырады. Көру қабілеті солғындау оқырмандарға, сондай-ақ, мүмкіндіктері шектеулі жандарға кітапханашылар қалаған шығармаларын оқып берсе, ауа райының қолайсыздығына  байланысты келе алмайтындардың  сұратқан кітаптарын үйлеріне жеткізуді де өз міндеттеріне алған.

Оқырман пікірі

Фатиха Әбдірова,  жас оқырман: – Кітапханаға келіп жүргеніме көп уақыт болды. Сонау бала кезімнен оқуға ынтам ауған. Бастапқыда тек орыс жазушыларының шығармаларын алатын болсам, соңғы кездері қазақ тілінде жазылған классикалық, әдеби көркем  кітаптарға да  қызыға үңілемін. Мұндағы қызметкерлер де көңілімнен шығады. Іздеген дүниелерімді үнемі тауып беріп отырады. Осы жылдың  үш айында 22 кітапты оқып бітіріппін.

Ақсүйрік Жұмағазиева, кітапхана тазалықшысы: – Менің кітап оқуға құмарлығым он жасымнан басталды.  Алғашқы ұстазым Ғазиз Абақанов ағай мен Саралжын ауылдық кітапхана меңгерушісі Ақылай Ғұбашева апайлардың арқасында көркем әдебиет оқуға құмарлығым оянды. Ол кезде ауыл адамдары жаңа жарық көрген шығармаларды қызыға, таласа оқитын. Кітапханадан жаздырып алған кітаптарымыз туралы да бір-бірімізге пікір білдіріп отыратынбыз. Қызығушылық, құмарлық ерекше тұғын. Балалық шағымызда ертегі-әңгімелерді кері тапсыруға апарғанымызда  апайлар мазмұнын тәтпіштеп сұрайтын-ды. Сол себепті, мейлінше, дұрыс түсініп оқуға ынтамыз ауатын. Қазір жасым үлкейсе де осы мекеменің ішінде жүргеніме көңілім толады. Осында жұмыс жасап әрі күнделікті бос уақытымда кітап парақтау әдетіме айналған. Бұрын оқыған классиктердің шығармаларына қайта көз жүгіртуден де рухани күш аламын. Ә.Нүрпейісовтің «Қан мен тер» романын, М.Әуезовтің «Абай жолын» үш мәрте қайталап оқып шықтым.

Иә, рухани дүние ішкі байлықпен өлшенеді. Күнделікті қарбаластан бір сәт босап, кітап парақтағанға не жетсін, шіркін!

Гүлнар ҚАДЫРОВА.