Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп базасында аудан әкімінің кубогі үшін волейболдан аймақаралық ашық турнир оздырылды. Шараны аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов ашып, спортшыларға сәттілік тіледі. Көршілес Ресейдің Астрахан облысы Ақтуба ауданынан келген команданың мүшесі Хамит Бақынтайұлы дүбірлі додаға шақырғандары үшін бөкейліктерге алғысын білдірді.
Одан әрі турнирге қатысушы командалар екі топқа бөлініп, өзара сынға түсті. Бірінші топта Мұратсай ауылы, Жоғарғы Басқұншақ, Жаңақала ойнаса, ал, екінші топта Бөкей орда, Төменгі Басқұншақ, Қазталов командалары сайысты. Іріктеуден суырылып алға шыққан Мұратсай, Жаңақала, Бөкей орда, Қазталов командалары финалға жолдама алса, көршілес елден келген қонақтарымыз алғашқы сыннан әрі аса алмады. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші Бөкей орда және Жаңақала спортшыларының жартылай финалдағы ойынында жаңақалалықтардың асығы алшысынан түсіп, ақтық мәреге өтті. Мұратсайлықтардың қазталовтықтармен жекпе-жегінде жерлестеріміз соңғы сәтте жеңісті қолдан шығарып алды. Тартысты өткен финалдық кездесудің үшінші кезеңінде жеңіс қазталовтықтардың уысынан жаңақалалықтарға ауып кетті. Ал, Бөкей орда және Мұратсай командалары жүлделі үштікке таласып, қорытындысында аудан құрама командасы басымдық танытты.
Сонымен, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында оздырылған бұл достық турнирі қорытындысында аудан әкімінің кубогін Жаңақала командасы иеленді. Жүлделі екінші, үшінші орын Қазталов, Бөкей орда командаларына бұйырды. Сондай-ақ, үздік қорғаушы Фархат Таңатов (Бөкей орда), үздік байланыстырушы Мырзабек Хамза (Жаңақала), үздік шабуылшы Сұлтан Ғұмар (Қазталов), үздік төреші Нұрлыбек Таңатовтар бағалы сыйлықтар мен Мақтау қағаздарына ие болды.
Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева жарысқа қатысқан барша спортшылар мен турнир қонақтарын құттықтап, алыстан ат артып келген көршілес елдің (Жоғарғы және Төменгі Басқұншақ кенттерінің) командаларына алғыс айтты. Әрі достық байланысымыз үзілмейтіндігіне сенім білдірді.
Әділет ӘБДІРОВ.