15.06.2018, 15:24
Қараулар: 475
Лагерь жалауын көтерді

Лагерь жалауын көтерді

Аудандық балалар‑жасөспірімдер туризмі және экология орталығында «Арай» стационарлық туристік-сауықтыру лагерінің жазғы ауысымының ашылу салтанаты өтті. Онда әр команда жетекшілері топтың аты мен ұрандарын таныстырып, аға тәлімгер Досжан Кенжебаевқа рапорт тапсырды.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков және білім беру бөлімінің басшысы Ержан Иманбаевтар қатысып, демалушылардың лагерьді қызықты әрі есте қаларлықтай етіп өткізулеріне тілектестік білдірді. Лагерь тәрбиешісі Нұргүл Халиоллина аталмыш лагерьде жұмыс істей бастағанына биыл 5 жыл толып отырғанына тоқталып, жеткен жетістіктерімен таныстырды. Облыстық «Шырқаған жастық шақ – 2018» бард әндерінің жеңімпазы болған «Жас қанат» ансамблі Х.Әлесовтің «Орда – туған мекенім», Т.Досымовтың «Сәйгүлік» әндерін гитарада шырқаса, бабажановтық қос шәкірт Х.Берахметова мен Ә.Халиоллина «Бір үйдің баласындай» әнін демалушылармен бірге орындады.

Айта кетелік, лагерь 10 күннен 7 ауысым жұмыс жасайды. Жатар орын мен ауқат мәселесі толық шешімін тапқан. Күніне 5 мезгіл тамақ беріледі. Сондай-ақ, балалардың толыққанды демалулары үшін кешен аумағынан  бассейн (ұзындығы 15, ені 10, тереңдігі 32 метр) де ашылды. Алып хауызға шомылған бүлдіршіндер асыр салып, күміс суды көкке шашып, көңіл көтеріп, жүздері қуаныштан бал-бұл жанды.

Айша ҚҰРМАШ.