15.06.2018, 15:43
Қараулар: 405
Ауыл тұрғындарымен кездесті

Ауыл тұрғындарымен кездесті

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Махамбет Бақтығұлов пен облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Хабиболла Аманқұлов ауыл тұрғындарымен кездесті.

Қоғамдық ұйым өкілдері, кәсіби емес медиаторлар және құқық қорғау саласы қызметкерлері қатысқан аталмыш басқосуда аудандық соттың төрайымы Гүлжиһан Сағитова биылғы қаралған істерге кеңінен тоқталды. Және олардың  бірқатары медиация тәртібімен шешілгенін мақтанышпен жеткізді.

– Облыстық соттың судьялар этикасы жөніндегі комиссия төрағасы ретінде соңғы бес жылда Бөкей ордасы ауданы судьялары қызметіне  ешқандай шағым түспегенін жеткіземін,-деп билерімізге  жоғары баға берген Хабиболла Хаметұлы сот саласындағы соны өзгерістерді де тілге тиек етті. Ал, Махамбет Сапарұлы ақпараттық жүйе арқылы қолға алынған «түнгі сот», «виртуалды сот» деген сот процестерінің артықшылықтарын әңгімелеп, қатысушылардың сауалдарына да толымды жауап берді.

Өз кезегінде кәсіби емес медиатор Ноқаш Қадымов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков және аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Серік Таңатовтар сөз алып, меймандардың әділеттілік жолындағы еңбектеріне тек сәттілік тіледі.

Раушан БАҚЫТОВА.