– Нан бағасын өсіруге мәжбүрміз. Әр отбасы сүт, сүт өнімдерін күн сайын сатып алады. Бағасы күн санап артып барады. Бес-он теңгелеп қосылып отырған соң білінбейтін шығар. Нан бағасына бес теңге қоссақ, ел алашапқын болады. «Мынау не сұмдық!», «Әкімдік қайда қарап отыр?» дейді. Біз жеке кәсіпкерміз. Әкімдіктен не үкіметтен жеңілдетілген бағамен шикізатымызды алып отырған жоқпыз. Бағаны өсіруге мәжбүрміз. Өздеріңіз білесіздер, жанармай бағасы өсті, электр жарығының бағасы, жолақы қымбаттады. Осының бәрі айналып келгенде біздің қалтамызға соғып отыр. Екеуіміз де қаладан көтерме бағамен астық әкеп отырған жоқпыз ауылдағы дүкендерден алып отырмыз, – дейді аудан орталығындағы наубайхана қожайындары Гүлнәр Әлмұратова мен Айсұлу Иманғалиева.
– Астық бағасы 9000 -нан 9500 теңге, күнбағыс бағасы 3500 теңгеге өсті. Ашытқы да 5-10 теңгеге қымбаттаған. 100 грамдық ашытқыны 215-220 теңгеден аламыз. Бір күнге 13-14 данасы жұмсалады. Бұған екі наубайханашым мен тасымалдаушымның еңбекақысын қосыңыз. Оңай жұмыс емес. Аш таңнан келіп, нан пісіреді, аптап ыстық, төпелеткен жаңбырға қарамай нан тасиды. Олардың еңбекақысы – 60000 теңге. Электр жарығы үшін 70-80 мың теңге, одан бөлек көгілдір отын үшін 10-11 мың теңге тағы төлеймін, – дейді Гүлнар Әлмұратова.
– Бізде де сол астық, ашытқы, майымызды ауылдағы дүкендерден аламыз. Электр пешіміз жаңа болған соң шығынымыз айтарлықтай аздау, 18-20 мың теңге төлейміз. Наннан бөлек газға пісіретін тәттілеріміз, самсамыз бар. Табиғи отын үшін 8000 теңгедей төлейміз. Үш қызметкерге еңбекақысын күндік жүктемемен есептеп 1500-2000 теңгеден беріп отырамыз, – дейді Айсұлу Иманғалиева.
Ауылдағы ағайын Айсұлу апамыздың жұма сайын тегін нан таратынын жақсы біледі.
– Мұны шығын деп емес, сауап үшін істейміз, – дейді апамыз.
Екі наубайхана қожайыны нан бағасы дүкендерге 170 теңгеден ұсынылатынын, дүкен қожайындары целлофан пакетке сап, 5-10 теңге қосып сататынын айтады. Ал тікелей кеп наубайханадан алам деушілер нанды 170 теңгеден алмақшы.
Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ерлан Нүркенов:
– Облыс орталығында астық бағасы өсті. Желаев нан өнімдері комбинатында бір қап астық 8300 теңге еді. Үш жүзге артты. Жол шығыны бар дегендей, дүкен қожайындарына бағасын арзандатыңыз деп бұйрық бере алмаймыз. Бірақ асыра қымбаттатпауды сұрап отырмыз. Тұрақтандыру қорында тек І сортты ғана астық бар. Сол І сортты астық бағасының артпауын, І сортты астық өнімдерінің қымбаттамауын ғана қадағалайды аламыз, – дейді.
Электр жарығының тарифі өсті. Заңды тұлғалар бір киловатт үшін 22,03 теңгеден төлеп келсе, енді 26,23 теңгеден төлемек.
Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ