Соңғы кезде бау-бақша егіп, табыс табу туралы көптеп айтылып жүр. Ұрандатып айтылмаса да, бау-бақша салып, отбасының ырыздығын арттырып, арттылғанын айналасына сатып, пайда тауып отырған отбасылар баршылық. Ал таза кәсіп қып отырғандар саусақпен санарлық. Бау-бақшаны кәсіп көзі қып отырғандар қатарында шетелдік дөкей емес, өзіміздің жерлесіміз, бау-бақшадан берекесін тасытқан Қайрат Кәрімов сияқты ағамызды үлгі еткен талай мақала жазылып, теледидардан да арнайы бағдарламалар көрсетілді. Үкімет те осы кәсіптен несібемді көремін деп ниет қылғандарды қолдауға дайын.
– Қазіргі танда бау-бақша өсірудің пайдасы мол. Өйткені жеміс-жидектерге, сондай-ақ одан өндірілген джем, тосап, кептірілген жеміс сияқты өнімдерге нарықта сұраныс бар. Осы ретте биылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданымызда «Менің аулам – менің бағым» жобасын жүзеге асыру көзделуде. Ауылдық жерлерде еңбек етем деген адам өз үйлерінің ауласынан бақша өсіріп, табыс таба алады. Ол үшін аулада 20-50 шаршы метр жер телімі болса жеткілікті. Осы жұмыстарды атқаруға «Еңбек» бағдарламасы негізінде ауыл тұрғындарына 100-580 мың теңге аралығында қайтарымсыз грант беру көзделген. Әрі аталмыш бағдарлама негізінде ұсынылатын грант есебінен жеміс-жидек бұталары мен ағаш көшеттерін беру ұсынысы да бар. Грантқа үміткер «Бастау Бизнес» кәсіпкерліктің алғышарттарын үйрететін оқуды аяқтаған, қолында сертификаты бар болуы қажет. Ескеретін жайт, мұндай жеңілдік жұмыссыз, әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға көрсетіледі, – дейді халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Медет Әнесов.
Жақсы бастама. Адамды еңбекке баулып, жемісін көруге де ынталандырады. Жайқалып тұрған терек жеміс беретіні ақиқат. Оның жемісін өз кәдеңе де жаратып, артылғанын сатып, табыс табуға мүмкіндік бары да сөзсіз. Тек… Тек осының барлығына жету үшін айтар ауызға оңай-ау, сірә… Бұл уәжді еріншектің қырық сылтауының бірі деп те қарауға болар. Бірден шорт кеспей, жағдайдың байыбына барып көрелік.
Бизнес әлемінде кеңес беретін мамандар кәсіпкерлікті бастамас бұрын, яғни іске асыру емес, жоспарлаған шақта өніміңді өндіру үшін аймақтың ерекшелігін, өнімді өндіруге кететін шығынды, жұмсалынатын уақытты және оның қайтарымын есептеу қажет деп жатады. Ең бастысы – өнімің сұранысқа ие болуы шарт. Кәсібің жыл он екі ай табыс беріп тұрса, ісің алға басары хақ. Сондықтан кәсібіңді бастамас бұрын барлығын ой елегінен өткізіп, тиісті бизнес-жоспарды құрып, алдағы әр қадамды бағамдауға кеңес береді.
Мәуелі бақтың алғышарты қандай?
Ендеше, біз де бақ отырғызып, табыс табу үшін қандай әрекет жасау керек деген сауалға жауап іздеп көрелік. Бизнес-жоспарымыздың бағыты бізге белгілі делік. Ендеше, бізге керегі не? Табиғаттың оң қабағы мен жер телімі, құнарлы топырақ, тал-теректер, су және қаржы.
Қажеттіліктің бірі – жер телімі. Ол тұрғын үй маңында бар делік. Бұл күнде тұрғын үй құрылысына шамамен 1000 шаршы метр жер телімі беріледі. Оның төрттен бір бөлігінде тұрғын үй мен қажетті құрылыстар бар деп есептедік. Демек, біздің құзырымызда 750 шаршы метр жер бар. Бизнесті жер телімінің иесі бастамақ ниетте болса, ол жер теліміне қаражат жұмсамайды. Ісін енді қолға алған азамат үшін бұл үлкен жеңілдік.
Бақшаң өнімді болу үшін топырағың құнарлы болуы керек. Сондықтан аудандағы топырақтың түрін анықтайық. Себебі ол тал таңдаудағы ең басты аспект болмақ. Негізі табиғатта бір текті топырақтың кездесуі некен-саяқ. Ол сазды, құм, саздақ, т.б. болуы мүмкін. Олардың өзіндік тиімді және тиімсіз тұстары бар. Ауданымызда балшық топырағы жиі кездеседі. Сазды топырақты анықтау өте оңай. Қазылған топырақ ұсақталып, майлы, жабысқақ, суды нашар сіңіреді. Оның тығыздығы жоғары болады, баяу қызады, желдетілмейді, су сіңіруі де төмен. Сондықтан мұндай жерге дақыл өсіру өте машақатты. Десе де, сазды топырақ дұрыс өңделсе, минералдармен байытылса, уақыт өте келе құнарлы бола алады.
Аудан көлемінде кездесетін топырақтың тағы бір түрі – құмды топырақ. Ол сусымалы, бос және суды оңай өткізеді. Құмды топырақтар тез қызады, жақсы газданады, оңай өңделеді, бірақ сонымен бірге олар тез суып, тез кебеді және тамыр аймағында минералды заттарды әлсіз ұстайды. Яғни қоректік заттар сумен жуылады. Демек, кез келген дақылдарды өсіруге жарамсыз.
Оларды құнарландыруға болады, әрине. Ол үшін не істеу керек? Топырақтың сазды түрін жеңілдету және байыту үшін құмды, шымтезекті, күлді және әкті мезгіл-мезгіл қолдану ұсынылады. Құм ылғал сыйымдылығын төмендетеді. Күл қоректік заттармен байытылады. Шымтезек (торф) қопсытады және су сіңіру қасиеттерін арттырады. Әк қышқылды төмендетеді және топырақтың ауа режімін жақсартады.
Топырағың құнарлы болу үшін не істемек керек? Малдың көңі – тегін тыңайтқыш. Жылқы көңі сазды топырақтың құнарлылығын арттырса, сиыр көңін төсегеннен кейін бір жылдан соң ғана дақыл егуге болады. Негізі балшық топыраққа тал отырғызу, одан өнім алу оңай шаруа емес. Тамырдың нашар жылынуы, оттегі мөлшерінің аз болуы, ылғалдың тоқырауы, топырақ қыртысының пайда болуы өз кеселдігін тигізеді. Соған қарамастан, ағаштар мен бұталар жеткілікті күш алса, тамыр жаяры хақ. Сазды топырақтарды қопсытуға ерекше мән беру керек.
Құмды топырақтың құнарлылығын арттыру үшін олардың тығыздау және байланыстырушы қасиеттерін жақсарту туралы үнемі қамқорлық қажет. Бір метр жерге екі шелекке дейін шымтезек, компост, қарашірік, саз немесе бұрғылау ұнымен үнемі байыту, жасыл көң қосу жақсы нәтиже береді. Өңдеудің машақатынан қашатындар үшін құмды топырақты жақсартудың тағы бір тәсілі бар. Саз бен құмды кезектестіріп төсеу керек екен. 30-35 см құмды немесе саздақ топырақ құйсаңыз болады.
Бағбан бағыт береді
Уағиолла Нұрғалиевті Бөкей жұртшылығы мықты маман, шебер бағбан деп таниды. Ағамыз қай істі қолға алса да, жете зерттеп, жіті қадағалайды. Бау-бақша кәсібін сөз қылғанда ағамыздан артық ештеңе айтпасымыз анық.
- Үкіметтің арнайы бағдарламасымен грант алып, бау-бақша ісін қолға алмақшы ағайынға қандай кеңес бересіз? Біздің ауданның топырағы мен климаты қандай жеміс, қандай дақылдар үшін аса қолайлы? Қай жемісті ексе, ұтылмайды? – деп сауал қойған едік.
– Біздің жерде ештеңе өспейді деуге болмайды. Жақсы күтім болса, жер де еңбегіңді еш қылмас. Тек ол арнайы білім мен қаражатты, ізденіс пен еңбекті талап етеді. Негізі біздің топырақ түріне байланысты үшінші класқа жатады, сондықтан осы жерге икемді талдарды таңдаған жөн. Терек тамыр жаюы үшін талдарды оңтүстіктегі көршілес Басқұншақ, Ахтуба қалаларынан емес, солтүстіктен алған жөн. Өйткені бізде жазда аптап ыстық, қыста сықырлаған аяз болады. Төмен температураға бейімделмеген тал аяз соқса, үсіп кетеді. Сондықтан таңдау жасағанда суыққа төзімді сұрыптарды таңдаған дұрыс. Мәселен, алма өсірсе, оның налив түрін емес, күздік сорттарды алуға кеңес берер едім. Өйткені налив тез піседі әрі ол өскен жерде шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа көп болады. Ол бір түнде құрттап кетуі ғажап емес. Тіпті жинап та үлгермей қаласың, шіріп кетеді. Ондай тауарды жақсы бағаға сату мүмкін емес. Ал күздік түрлері жай піскенмен, өнімінен шығынға шықпасың хақ. Жалпы біздің жерде далалық деп аталатын бәкене бойлы шие тамыр жаяды. Тез өнім береді. Алмұрт да жақсы өседі. Мәмбет ауылы тұсына бау еккен орыстар бірінші алмұрт отырғызған деседі. Осыдан алмұрттан өнім көп болады деп ойлаймын. Қазір олар жабайыланып кетті. Сондықтан одан тал алудың қажеті жоқ. Ниет болса, өрікті де, басқасын да өсіруге болады. Талды таңдаған соң сатып алу керек қой. Оның бағасы әр түрлі. Негізі Оралдан алғаннан Ресейдің Саратов қаласынан алған әлдеқайда тиімді. Әсіресе, көп мөлшерде алатын болса. Оралда арнайы дүкендерден сорты белгілі әр талды кемінде 3500 теңгеге аласың. Әрине, базардағы әжейлерден екі есе арзанға не одан да төмен бағаға алуға болады. Алайда ол нақты сен таңдаған сұрып боларына ешкім кепіл бола алмайды. Сондықтан талды таңдауда бейқамдық танытуға болмайды. «Беккер» интернет-дүкенінен тал алатын таныстарым бар. Онда да аса бір арзан деп айта алмас едім, – дейді Уағиолла Нұрғалиев білгенімен бөлісіп.
Бұл дүкеннің парақшасын біз де қарап көрдік. Сөйтсек, көп өнім беретін өріктің бір талын 3490 теңгеге алуға болады екен. Ал шиенің құны жеңілдікпен болғанда 1190 теңгеден басталып, 15 490 теңгеге дейін жетеді. Алманың талы шығымына байланысты 1090 теңгеден 2990 теңге болмақ. Алмұрттың құны да алмамен бірдей.
Жақсы өнім алу үшін аз да болса ең жақсы талды алған жөн-ау. Әрі бұл дүкен таңдаған талыңның қыр-сырын, күтім бағытына кеңес береді екен. Енді істі бастаған адамға маманның кеңесі ол да болашаққа инвестиция. Тал-теректің түрлі аспектісін осы талдарды таңдағанда анықталады. Бір талдардың отырғызудағы арақашықтығы 5-6 метр болуы қажет болса, енді бірін 2 метр қашықтықта отырғыза беруге болады. Терегімізге тар болмас үшін орташа есеппен қашықтықты 3 метр деп таңдалық, сонда 750 шаршыға біз қанша терек отырғыза аламыз? Әрине, мұнда тұрғын үй мен құрылыстардың орналасуы да ескеріледі. Сондықтан шамамен 15 тал екті делік. Сол талдарды орташа есеппен 3500 теңге десек, оған жас кәсіпкер 52 500 теңгесін жұмсайды. Сол аймақтың бәрін емес, тек 15 талдың айналасын құнарландыруға қолда бар тыңайтқыш ретінде мал көңінен басқа шымтезекті қолданар болсақ, өзге де қосымша минералды тыңайтқыштарды есептемегенде тағы да 45 000 теңге қажет. Әрі жыл сайын, топырақтың түріне байланысты жылына бір-екі рет осылай тыңайтылып тұру керек. Су мәселесіне келсек, аудан түгел ауыз сумен қамтылды. Сондықтан мұнда қиындық тумасы хақ. Тек тағы да қалтаға соғатыны болмаса. Суарғанда да үнемдеудің қажет жоқ. Өйткені уақытында қажетті мөлшерінде суарылмаған талдар жаздың ыстығына, қыстың аязына шыдамсыз келеді.
Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары еңбек етсең, біздің жерде де бақ өсіріп, өнім алуға болады деуде. Тіпті дәл осы аудан орталығындағы сазды топырақта шабдалы өсірген Бағдат Лұқпановтың еңбегін алға тартуда. Ауласын жайқалған бау мен баққа айналдырған отбасылардың маңдай тері текке төгілмегенін айтады. Келтірген деректері шүбәсіз. Бізді толғандыратыны ол отырғызған бағын бірден кәсіпке айналдыра алады ма? Өйткені аталмыш сала қызметкері «Еңбек» бағдарламасымен бақ өсіруге қолдау қаржы алған азамат одан әрі жұмыссыз не қолдауды қажет ететін санатында емес, өзін-өзі қамтамасыз етуші тұлға қатарына енгізіледі.
«Саудагер есепке бай»
Байырғы бағбан Уағиолла Ғазезұлының айтуынша, терек үшінші жылы дегенде өнім бере бастайды. Оны тек өнім деп ауыз толтырып айтуға да болмас. Өйткені ол сәбидің тәй-тәй басқан сынды алғашқы қадамдары ғой. Оны сатып өнім алмақ түгілі, отбасың тойып та жемейді. Жалпы терек алтыншы жылы күш алады. Алғашқы бес жылы жақсылап баптасаң ғана алтыншы жылдан бастап толассыз өнім аласың.
Мұндағы айтпағымыз, грант алып, бақ еккен жас кәсіпкер бірден еңбегінің жемісін жемейді. Бірден өзін-өзі қамтамасыз етіп кете алмайды. Әрі оған басқа істі бастауға қайтадан грантқа жобасы қабылданбайды. Осы жайтты айтып, бақша егемін деп грант алғандар жәрдемақы, төлемақының бәрінен қағыла ма деген сауалмен тағы есік қақтық.
- «Еңбек» бағдарламасы негізінде грант бір адамға бір рет қана беріледі. Тал егіп, табыс табуға ниетті азаматымыз алған грант сомасын екіге бөліп, бір бөлігін бау-бағына жұмсап, екінші бір бөлігін пайдасы тез көрінетін кәсіпке, мысалы қияр, қызанақ және басқа да көкөніс егіп сатуына немесе мал алуына болады. Иә, грант алғаннан кейін өзін-өзі қамтамасыз етуші болып, жұмыссыздар санатынан шығарылады. Атаулы көмектің мөлшері де азаюы мүмкін. Кәсіпкер ретінде тіркеліп, бірыңғай жиынтық төлем төлейді. Шарты солай, –дейді халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Медет Әнесов.
Тақыр жерге бау-бақша салып, бірден табысқа кенеле кету мүмкін еместігі белі қатпаған балаға аян. Жемісінен талы майысып, сәлем салған тал-терек күтімі бел шешпей еңбек етуді, шыдамдылық пен үлкен еңбекқорлықты талап ететіні анық. Бүгін грант алып, бақша саламын деушілерге Уағаз ағамыздың табандылығын, Кәрімовтің жетістігін тілейміз.
Раушан БАҚЫТОВА