9.04.2021, 9:41
Қараулар: 321
ТАКСИСТТЕРГЕ ДЕ ТӘРТІП БАР

ТАКСИСТТЕРГЕ ДЕ ТӘРТІП БАР

Басқасын қайдам, нақ біздің ауданда таксисттер өз алдына бір әлем сияқты. Бұл басқа емес, өздерінің сөзі. Ешкімге бағынбайды, ешкімге есеп бермейді.  Жолақысын да өздері белгілейді. «Курметты ауылдастар, келесы жумадан бастап, жол акысы калага – 6000 тенге болады. Газ, бензин жане автозапчасти кымбатсынуына байланысты тусинистикпен карауынызды сураймыз» деп жай ғана чаттардан сәлем айта салады. Бұл бензин ажиотажы басталмай тұрғандағы, жаңбыр төкпелетіп, жол езілмей тұрғандағы әңгіме. Жауынды күндер басталғанда жеті мың жарым теңгеге дейін аспандатқандары болды.  «Осыншама ақша төлегенде жол азабын көрсетпей, әуе жолымен апарды ма?» деген сауал туындары сөзсіз. Әуемен де басқа жолмен де емес, кәдімгі саз балшықты белуардан кешіп барды. Басқалар бас тартқанда жол азабына қарамастан, қаладағы шұғыл шаруасына асыққан ауылдастың меселін қайтармағаны үшін осындай жолақы талап еткен. Онымен қоймай, жолаушыны жынысына қарай таңдапты. «Батып қалсақ, итересің ғой» деп тек ер тектілерді іріктеп алған. Иә, «Қайдан құлақ шығарса да қазаншының өз еркі».

  • Жалпы қосалқы бөлшектер де, жанармай да өткен жылдан бастап қымбаттады. Әр құрал кем деген де 500-1000 теңге аралығында қымбатсыды десек артық айтқаным емес. Жол сапасы өздеріңізге аян. Кей бөлшектер бір-екі рейстен аспайды. Мысалыға, әр амортизатор кем дегенде 15 мың тұрады. Ал сен төртеуін алмастыруың керек. Оған мотор майын қос. Екі ортаға жиі қатынайтындықтан майды да жиі ауыстырамыз. Өз басым кем дегенде үш-төрт барып келгенде ауыстырамын. Оның өзі жоқ дегенде 10-15 мың теңгені құрайды. Оған қоса барлық фильтрды ауыстырасың. Біз үшін көлік шинасын ауыстыру үйреншікті жағдай. Оралға жеткенше үш шина ауыстырған кез болды. Ал біздің әкімшілік не жолды қырмайды, не жөндемейді. Ал жаңа бір шинаң кем дегенде 15 мың теңге тұрады. Енді санай беріңіз. Бұл жанармайсыз шығының. Көлігім бензинмен жүреді. Газды орнатпағам. Жалпы қалаға жету үшін маған кем дегенде 10 мың теңгеге бензин құю керек. Бұл әрине бензинді қаланың бағасымен санасақ, Аи-92 маркасы 159-165 теңге аралығында. Ал ауылда 190 теңгеден. Әрине, үйде отырып «ой, қымбат» деп айту оңай. Ал шығынды кім санап жатыр? Өз басым заң талабына сай жұмыс істеймін. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенмін. Фискальды чекті қажет еткен азаматқа беремін, – деді қала екі ортаға жүретін таксист Сайын Есімов.

Осы тұста пікірдің екіге жарылары анық. Бірі «е, дұрыс бопты, нарық заманы ғой. Қызметін қалай бағаласа да, өздері білмей ме?» десе, тағы бірі «қымбатсынса, автобусқа мінсін» дер. Десе дегендей. Дегенмен такси қызметінің де талабы, тәртібі, бағынатын заңы бар.

Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Радик Ғұмаровтың айтуынша, аудан бойынша такси қызметін ұсынатын 40 жеке кәсіпкер тіркелген.

Бұл тек заңды түрде тіркелгені ғана. Негізі қалаға қатынайтын да, ауыл ішінде, аудан арасында тасымал қызметін атқарып жүргендер саны жетіп артылады. Оған кәсібін қағаз жүзінде тоқтатып қойса да,  табыс табуын жалғастырып жүргендерді қосыңыз.

Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жалғас Ташуовтың мәліметінше, такси қызметін ұсынатын сол қырық жеке кәсіпкердің екеуінің ғана жолаушы тасымалын жүзеге асыруына рұқсат етілген лицензиясы бар. Оның біреуі хан ордалық азамат болса, екіншісі – сайқындық жеке кәсіпкер. Яғни, тіркелген қырықтың тек екеуінің ғана қалаға жолаушы тасымалдап жүрген кәсібі заңды. Қалғандары – «пираттар».

  • Кез келген кәсіпкер жергілікті атқарушы органына такси тасымалдаушысы ретінде қызмет бастағаны туралы хабарлама беріп, патент алуы керек. Патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер тұрғылықты жеріндегі салық органына патент құнының есеп-қисабы декларациясын ұсынады. Салық төлеуші патенттің құнын төлеуді есеп-қисап ұсынғанға дейін жүзеге асырады. Соның ішінде салық салу объектісіне 1% мөлшеріндегі мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді. Міндетті зейнетақы жарнасы 10%, әлеуметтік аударымдар 3,5%, міндетті медициналық сақтандыру 5%-ды құрайды.  Бұл төлемдер ең төмен жалақы 42 500 теңге мөлшерінде белгіленген. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін нақты түскен кірісін көрсетсе де, жеке табыс салығынан босатылған және тематикалық тексеріске моратория жарияланған. Дәл қазір кім кімнің де табысын тексеріп, кірісін есептей алмаймыз. Патент құнын өзі ұсынады, – дейді Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Радик Ғұмаров.

Иек астындағы Жәнібек пен Жаңақалада тәртіп басқаша. «У соседа трава зеленее» дерсіз. Жаңақала былай тұрсын, жол азабын бізбен бірдей көріп отырған Жәнібектік таксилер «бензин қымбат, қосалқы бөлшектер аспандап кетті» деп жолақысын өсіре алмайды. «Ой, олай етсек, кислородты қысып тастайды ғой. Барымыздан айырылып қаламыз» дейді. Рас, балшықты кезде жолаушылар өтінішімен жолдың нашарлығына қарамай сапарға шыққандар алты мың теңгеден алыпты.

Жәнібекте субсидия алып, жолаушы тасымалын жүзеге асырып отырған кәсіпкерлер бар. «Егер бағаны аспандатып жіберсек, субсидия алып отырған таксилерге ғана жасыл шам жанып, жол ашылады да, бізге әр қадам сайын тексеріс көбейіп, адымымызды аштырмайды ғой. Сол үшін бәріміз «Жәнібек-таксиге» бірігіп, заң талабына бағынып отырмыз» дейді ондағы таксист ағаларымыз.

Бізде де субсидия алмаса да, алуға үмітті бар. Облыс орталығына қатынайтын автобус бар. Жүргеніне бес ай бопты.

  • Өткен жылдың қыркүйегінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының рұқсатымен рейс алып, келісімшарт жасап, тиісті құжаттардың бәрін жинақтадым. Алдағы уақытта жарияланатын конкурсқа түсіп, субсидия алуға үміттімін. Қазір өз қаржыма жүріп жатырмын. Жол нашар, жағармай қымбат деп қарап қалып жатқан жоқпын. Темір болған соң, автобус та сынып қалып жатады. Осы көлік жөндетуге салған соңғы шығынымды айтсам, 700 мың теңгеге жетіп жығылады. Бірақ бекітілген бағадан асып, қымбаттатқанымыз жоқ. Тариф сол күйінше, Сайқыннан Оралға дейін 3500 теңге, Бисен немесе Бөрліден мінсе – 2500 теңге, ал Ұялы ауылынан мінген жолаушы қалаға дейін 1500 теңгеге бара алады. Автобустың орын саны – 21. Дегенмен, толып мінген кезі жоқ, екі-үш жолаушымен де жолға шыққан кезім болды. Жеке таксилер жолақысын көтергенде де арзан деп автобус қызметін қош көріп жатқандар аз. Мысалы, кеше қалаға алты жолаушымен шықтым. Субсидия мәселесі шешілсе, автобус санын еселемекшімін, – дейді Мұрадым Қабдығалиев.

Осы арада «субсидия мәселесін шешу  кімнің құзыретінде? Қарапайым халықтың пайдасын ойласа, неге әкімдік әрекет етпей отыр?» деген сауалдың туындары анық. Оған да жауап іздеп көрдік. Бақсақ, субсидия мәселесі жоғарыдан, облыс деңгейінде шешіледі екен. Нақтырақ айтсақ, Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы конкурс жариялап, субсидия беріледі.

  • Орынды көтерілген мәселе, толғауы жеткен тақырып. Наурыздың 15-інде таксисттерді жинап жолақының қымбаттауына байланысты жиналыс өткіздік. Таксисттеріміздің тәртіпке бас имей, заң талаптарын сақтамай отырғандары жасырын емес. Қалаға қатынап жатқан көліктердің 80-85%-ы газға көшкен. Есеп білетін екінің біріне бензинмен жүретін көлікке қарағанда газбен жүретін көлік шығыны айтарлықтай аз екенін біледі. Бірақ, жолақысын түсіруді ешкім ойлаған жоқ. «Шығынымыз азайды ғой, осы елдің баласымыз ғой» деп ешкім кері шегінбеді. Газдың да, бензиннің тапшылығы күні кеше орын алып отыр. Заң талаптарының сақталмауын негіз етіп, такси қызметіне тосқауыл қойсақ, ешкім ұтпасы анық. Қарапайым халық қиналып қалар еді. Дәл қазіргі таңда субсидия мәселесінің оңтайлы шешілуін күтіп отырмыз. Бұйыртса, жақын күндері шешіледі. Сайқын – Орал, Хан ордасы – Орал бағытындағы екі рейс бойынша конкурс өткізілмекші. БАҚ-та конкурс туралы хабарлама шықты. 22 сәуірге дейін қатысушылар өтініш бере алады. Ұтып алған кәсіпкер ісін өркендету үшін талап қоюға құқылы. Сол кезде тәртіпке бағынбай жүргендер аяғын жинайтын болады. Таратып айтсам, субсидия алған кәсіпкер жолаушы тасымалын жүзеге асыратын кәсіпкерге қойылатын барлық заң талаптарын сақтайды. Өзі де, көлігі тиісті тексерістен өтіп, тиісті төлемдерін аударып отырады. Ол осылай тәртіптің құлы боп жүргенде бәзбіреулердің еш ережеге бағынбай көлеңкелі табыс табуына реніш білдіруі мүмкін. Сол кезде тиісті органдар такси қызметіне қадағалауды күшейтеді. Яғни, бәрін нарық реттейді, такси қызметі де біртіндеп реттеледі, – деп сендірді аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешев.

Өткен жылы пандемия басталған кезде такси қызметі де бір дүрлігіп қалды. Бірақ ұтылмады. Жолаушы саны елу пайызға қысқарса да, есептері түгел болды. Сол кезде талаптың күшейтілгені естеріңізде болар. Көлік механиктің қадағалауынан өтуі керек, таксисттің медициналық тексерістен өткені туралы, ковидтен сау екені туралы анықтамасы, көліктің залалсыздандырылуы керек болды. Негізі, бұл талаптар тек пандемия кезінде ғана емес, басқа күндері де қатаң сақталуы керек шаралар. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығымен бекітілген  «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» такси қызметін ұсынатын кәсіпкерлер бағынатын арнайы ереже бар. Онда «Рейс алдында жүргiзушiлердің  артериялық қысымы, пульс жиілiгi, дене температурасы өлшеніп, тамағы, лимфа түйiндерi,  артериялық гипертония тексеріледі.  Такси жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін сақтауы талап етіледі.  Автокөлік құралдарының рейс алдында техникалық тексеруден өтуі керек.  Такси төбесiнде орналасқан және 500 метрге дейiнгi қашықтықтан жақсы ажыратылатын айырым белгiлерімен жабдықталады. Айырым белгiде «Т» (такси) деген жазу және/немесе өзіне тән шашкалық белдеуi болуы және тәулiктiң қараңғы мезгiлiнде жарықтандырылуы тиiс. Такси кузовтың түсін тасымалдаушы өзі анықтайтын сыртынан жеңіл автомобиль барлық бүйір жағынан, биіктігі 10 сантиметрден кем емес және 14 сантиметрден көп емес шахматтық тәртіпте орналасқан қара және (немесе) сары шаршылардан тұратын белдеу салуды қарастыратын бірыңғай түстік гаммада ресімделеді» делінген.

Бұл талаптар тек біздің ауданда ғана емес, үлкен қалаларда сақталмайды. Дәл осы талаптар мен ережелер қатаң сақталса, тиісті органдардан қатаң қадағаланса, қара жолда қаза тапқандар саны, әлеуметтік желілердегі «Пәленше шақырымда автокөлік апаты орын алды. Көліктегі алты жолаушы түгел оқиға орнында жан тапсырды» деген жан түршіктірер ақпараттар азаяр еді…

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ