9.04.2021, 11:22
Қараулар: 172
ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС – ЕЛ ИГІЛІГІН КӨЗДЕЙДІ

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС – ЕЛ ИГІЛІГІН КӨЗДЕЙДІ

 

Қоғамдық кеңестің қоғамдағы рөлі қандай? Ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді, халықтың мұң-мұқтажын билік өкілдеріне жеткізуге қаншалықты қауқарлы? Осы және өзге де сауалдарды қоғамдық кеңестің төрағасы Тілеген Арыстанбековке қойып көрген едік.

 

– Жасыратыны жоқ, халық қоғамдық кеңестің атқаратын қызметі хақында көп  біле бермейді. Қоғамдық кеңес не үшін қажет екенін айтып берсеңіз?

– 2015 жылғы 2 қарашада Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы қабылданды. Қарапайым тілмен түсіндірсек, қоғамдық кеңес жергілікті атқарушы билік пен мәслихат депутаттарының атқаратын жұмыстарына араласып, өздерінің де үндерін қоса алады. Қоғамдық кеңестердің заң берген өкілеттіктері аясында қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау және мемлекеттік орган басшылары жұмысының нәтижелері туралы есептерін тыңдауға, танысуға толықтай құқылары бар. Яғни, қоғамдық кеңестер – жергілікті билік қабылдайтын қандай ма  шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз етеді. Біздің ауданда аталмыш кеңес 2017 жылы құрылды, алғашқы төрағасы Серік Таңатов болатын. 2019 жылдан бастап мен төрағасы боп сайландым. Бір жылға жоспарымызды құрып, үш айда бір рет қандай ма саланың есептерін тыңдап, ұсынысымызды беріп, өзгерістер мен толықтырулар енгізе отырып қаулы шығарамыз.

– Қоғамдық кеңеске мүшелікке кімдер қабылданады? Кеңес мүшелері қоғамдық кеңестің қызметіне қаншалықты мүдделі?

– Қоғамдық кеңестің құрамы арнайы құрылған жұмыс тобы негізінде мемлекеттік органдар, кәсіподақ, қоғамдық бірлестіктер өз өкілдерін ұсыну арқылы жасақталады. Кеңестің құрамына елдегі кез келген мәселе бойынша сауатты талдау жасап, ой-пікірлерін білдіре алатын белсенді азаматтар да қабылданады. Осылайша, қарапайым азаматтар да  өзекті мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын жеткізуге  мүмкіндіктері барын қаперге берейін. Бүгінгі таңда қатарымызда 20 адам бар. Бәрі де бірдей белсенді, жауапты деп айта алмаймын. Алдағы уақытта  қоғамдық кеңес қызметінің мақсатын терең ұғынатын, саяси сауаты жоғары, елжанды азамат-азаматшаларымыз мүшелікке өтеді деп сенемін. Сондай-ақ, кеңес мүшелері қоғам мен билік арасында байланыс орнатудың, маңызды шешімдер қабылдауда азаматтарды талқылауға қа­лай шақырудың, қоғам­дық мониторингті қалай жүргізудің жөн-жосығын меңгерулері тиіс. Қоғамдық кеңес мүшелеріне қойылатын талаптар жылдан жылға өзгеріп келеді.

– Қоғамдық кеңестің құрамына кірген әр азамат жалақыға емес, тегін қызмет етеді емес пе? Бұл да жұмыс сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін бе?

– Мүмкін солай да шығар. «Сананы тұрмыс билеген заман» деп бекер айтпаған ғой. Қалай десек те елдің игілігі, азаматтық ұстанымдарымыз, жауапкершілігіміз  материалдық дүниеден де жоғары тұруы тиіс.

–Қоғамдық кеңес  мемлекеттік органдардан қаншалықты дербес?

–Жыл сайын қоғамдық кеңестердің жұмысын жетілдіру, жаңғырту бағытында облыс, республика бойынша шаралар ұйымдастырылуда. Өзімізге келер болсақ кеңес мүшелерінің ұсы­ныс­тары, ескертулері толықтай тыңдалып, ескеріліп келеді әрі  жоғарыда айтып өткенімдей біздер қоғамдық негізде, яғни үкімет бекіткен жалақыға қызмет етпейміз.  Осы аталғандар дербестігімізді айғақтайды.

– Қарапайым халықтың мұң-мұқтажын құзырлы орындарға жеткізу құзыретіңізге кіреді ме? 

– Әрине, ел ішіндегі түрлі деңгейдегі түйткілді мәселелерді назардан қалдырмауға тырысамыз және бұл бағыттағы істер біздің құзыретімізге кіреді. Осы күнге дейін ісін даулап, мәселесін шешіп беріңіз деп тұрғындар келді де. Әрқайсысының  мәселесімен толыққанды танысқан соң тиісті сала өкілдеріне жібереміз. Өз кезегінде олар атқарылған жұмыстары туралы біздерге қайтара  есеп береді.

– Осы уақытқа дейін аудан көлеміндегі қандай өзекті мәселелердің шешілуіне  оң ықпал еттіңіздер?

– Ордалықтарды жол мәселесі мазалап келеді.  Қатқыл табанды жол төселетін уақытта жолдың құрылысына жауапты мердігерлермен кездесуде  қоғамдық кеңес мүшелері бейқамдық танытпай өз ұсыныс-тілектерімізді жеткізгенбіз. Көптен жыр болған Жамантаудың қиыршық тастарын асфальт құрылысына жарату жайында тұрғындардың пікірлері түрліше болғаны баршаға мәлім. Біреулері бұны экологиялық тұрғыдан тиімсіз десе, енді бірі қажетімізге пайдаланудың кезі келгенін алға тартты. Неғұрлым шығын көлемін арттырмай  және құрылыс мерзімін ұзаққа создырмаудың амалын қарастыра отырып, ойларымызды ашық айтқанбыз сол кезде. Жалпы айтқанда, аудандық бюджеттің қалыптасуы, мақсатты жұмсалуы, медицина, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің оң шешілуі және т.б. жұмыстардың сапалы, жүйелі атқарылуы қоғамдық кеңестің жан жақты бақылауында болуы тиіс деп есептейміз. Кеңес алдағы уақытта да өз жұмысын жақсы деңгейде көрсетеді.  Өткен жылы пандемияға байланысты белгіленген жиналыстарды уақытылы өткізе алмадық. Ал, онлайн тыңдауларға интернеттің нашарлығына байланысты кей ауылдық округтерден қатынаса алмады. Дегенмен, бұл уақытша кедергілер деп білеміз. Рухани-мәдени әлеуетімізде назарда. Күні кеше «Қару аманаты» саябағында бой көтерген ауған соғысына қатысушы және Чернобыль апатынан қаза болғандарға арналған ескерткіштер де біздің кеңестің бастамасы.

  • Сұқбат бергеніңізге рақмет!

Арайлым МАРАТ