9.04.2021, 11:25
Қараулар: 135
 » 
МАҚСАТ – АЖЫРАСТЫРУ ЕМЕС, ТАТУЛАСТЫРУ

МАҚСАТ – АЖЫРАСТЫРУ ЕМЕС, ТАТУЛАСТЫРУ

Отбасы – кіші Отаның. Ол сенің бүгінгі берекелі тірлігің, өміріңнің ертеңгі жалғасы ұл-қызыңның тәрбиеленер ұясы.  Өкініштісі сол, бүгінгі таңда сол кіші Отаны алдындағы парыз бен міндетті ұмытып, ажырасуға асығатындар саны артып тұр.

Статистикалық мәліметке үңілсек,  2019 жылдың 8 айында барлығы 17 талап арыз түссе, 2020 жылдың 8 айында 7 талап арыз түскен. Оның ішінде, 2019 жылғы есеп бойынша 17  талап арыздың 17-і қаралып, 13 талап арыз қанағаттандырылып, неке бұзу туралы шешім шықса, 4 азаматтық іс тараптардың медиация тәртібімен татуласуына байланысты тоқтатылған.

Ал 2021 жылдың 3 айында 4 азаматтық іс қаралып, талап қанағаттандырылып шешім шығарылып, 1 талап арыз тараптарға татуласуға уақыт беріліп қаралу барысында. Айға бір ажырасу факті тіркелген.

Байқап тұрғанымыздай, татуласып ымыраға келгендерден гөрі неке бұзып, айырылысуды жөн санайтындар көбейген.

Дегенмен, неке бұзу туралы шешімдерді азайтып, екі тарапты татуластырып, отбасын сақтап қалуды көздейтін шаралар да жасақталып, қолға алынуда. Мысалға, Жоғарғы сот бастамасымен елімізде «Отбасылық сот» жобасы іске қосылып, әрбір сотта «Отбасы орталықтары» ашылып жатыр. Аудандық сотта да «Татуласу орталығы» ашылды. Онда ажырасу талабымен келген ерлі-зайыптылармен мамандар жұмыс жасап, татуластырушы судья, медиаторлар сөйлеседі, ақыл-кеңес береді. Шағымданған жандардың отбасылық мәселелері анықтап, туындаған мәселелерін некені бұзбай-ақ шешуге болатындай жол көрсетіп, бағыт-бағдар береді.

Негізінен ажырасудың алдын-алу қарым-қатынасты дұрыс құрудан басталады. Отбасын құру оңай шаруа емес, сондықтан оған үлкен дайындықпен келу қажет. Психологтардың айтуынша, ажырасудың шектен тыс көбеюуі адамдардың өмірлік серік таңдағанда оның жан-дүниесіне үңілмей, сыртқы факторларға қарап қана бағалап таңдауынан болады. Сонымен бірге  материалдық қиындық кездескен жағдайда жастардың бірігіп күресу, тығырықтан шығар жолды бірге табудың орнына бір-бірін кінәлап, екі жаққа «қашуды» жөн көрулері негізгі себептің бірі дейді.

Сондықтан ажырасуға бел бумас бұрын, оның зардабын, ортадағы балалардың жағдайын, ата-ана мен ағайындардың қатынасын, айналаңның кыңыр көзқарасын терең ұғынып, шаңырақ шайқалтуға тұратын әрекет пе екендігін түсініп, бағдарлаған жөн.

Ықылас АБДУЛЛИН,

аудандық соттың бас маманы