16.04.2021, 11:37
Қараулар: 291
ТҰРҒЫН ҮЙ КӨМЕГІ ҰСЫНЫЛАДЫ

ТҰРҒЫН ҮЙ КӨМЕГІ ҰСЫНЫЛАДЫ

Табысы аз, материалдық жағдайы қолдауды қажет ететін аудан тұрғындарына тұрғын үй көмегі ұсынылады. Бөкей ордасы аудандық мәслихатының 2021 жылығы 31 наурыздағы №3-4 шешімімен «Бөкей ордасы ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидалары» бекітілді.

Жаңа қағида бойынша тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен аудан аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

  • кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
  • коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға;
  • мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.

Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әр қайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:

1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін түпнұсқасы беріледі);

2) аз қамтылған отбасының табысын растайтын құжаттар. Тұрғын үй көмегін алуға үмiткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртiбiн тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті орган айқындайды;

3) зейнетақы аударымдары туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

4) жұмыс орнынан немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама;

5) балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға тағайындалған алименттер туралы мәліметтер;

6) банктік шоты;

7) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге ай сайынғы жарналар туралы шоттар;

8) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;

9) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

10) мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстар туралы шот.

Тұрғын үй көмегі бойынша сұрақтар туындаған жағдайда Бөкей ордасы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мекемесіне 21-9-70 нөмеріне хабарласуға болады.

Ерболат СЕРЖАНОВ,

аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік

бағдарламалар бөлімінің бас маманы