12.05.2021, 15:49
Қараулар: 143
ҰБТ: ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР МЕН ӨЗГЕРІСТЕР

ҰБТ: ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР МЕН ӨЗГЕРІСТЕР

Пандемия жарияланғалы қашықтан оқытудың артық-кемшін тұстарын бағдарлай алмай дал болсақ, уақыт өте келе оқу үрдісіндегі онлайн форматты бір кісідей игеріп, машықтанып алғанымыз рас. Енді міне мектеп бітіруші түлектердің шешуші сыны ұлттық бірыңғай тестілеу де жылдағыдай емес, «Бір оқушы-бір компьютер-бір камера» қағидатына сай өтпек. Жаңа форматтың өзгешелігі мен артықшылықтары неде? Бұл туралы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нүркен Сабыровтан сұрап білдік.

 

Ендігіде мектеп бітіруші түлектер ҰБТ-ны он күндеп елеңдеп күтпейді. Шешуші сынақ бақандай үш айға созылады және  әр түлек емтиханды  қай күнде, қай уақытта тапсыратынын өзі таңдайды, яғни, үміткерлер өтініштерін «testcenter.kz» сайты арқылы жіберіп, тіркелген соң ғана тесттен өтпек.

Нүркен Сабыров, аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

– Ұлттық бірыңғай тестілеу сәуір, мамыр және маусым айларында өтеді, яғни, мемлекеттік білім грантына тағайындау конкурсына қатысу үшін түлектер 15 сәуір мен 30 маусым аралығында  тіркеліп, электрондық форматта тест тапсырулары қажет. Бұл уақыт аралығында оқушылар екі рет тест тапсыра алады. Тесттің ең үздік нәтижесімен  конкурсқа қатысуға мүмкіндік алады. Ең ұтымдысы әр оқушы  сынақ тапсыратын күнін өзі белгілейді. Қалай десек те цифрландыру дәуіріне аяқ басып келеміз, осындай маңызды сынақтарды электронды форматта тапсыру алдағы уақытта жақсы жолға қойылып, жемісін береді деп сенемін. Өйткені, бұл формат неғұрлым ашықтықты, әділдікті қамтамасыз етеді. Аудиторияларға орнатылған бейнебақылаулардан басқа, әр үстелге бір-бірден камера қойылады. «Бір оқушы — бір компьютер — бір камера» қағидаты дегеніміз осы. Тікелей камераның бақылауымен тапсырмаларын орындайды. Оқушылар ендігіде өз білім-білігіне сүйенеді. Көшіруге ешқандай мүмкіндіктері жоқ. Прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесі және ҰБТ-ға бөгде адамдарды өткізбеу үшін «Face ID» цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады. Тестілеу ережелерінің сақталу барысын арнайы бағдарлама арқылы бақылайды, егер де тыйым салынған заттарды қолдану фактілері байқалса тест тоқтатылып, нәтижелері бірден жойылады, — деп жаңа форматтың артықшылықтарын сөз еткен ол ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жіті көңіл бөлінетіндігін және ата-аналар сынақ барысындағы ұл-қыздарын арнайы бейнетрансляция арқылы көре алатындарын да тілге тиек етті.

Тағы бір айта кетерлігі, бөкейлік түлектер тест тапсыру үшін көрші Жәнібек ауданына емес, тікелей Орал қаласына қатынайды.  Десе де  жолдың алыстығы тест тапсырушылар үшін кері әсерін тигізбеуі тиіс дейді білім беру бөлімінің басшысы.

–Оқушыларымыз бен ата-аналары, жалпы мектеп ұжымы үшін де ҰБТ-ны қасымызға тиіп тұрған ауданға барып тапсыру қауіпсіздік тұрғысынан келгенде өте ыңғайлы еді. Өйткені, тестілеуге жолға шыққан түлектердің жанында тек ата-анасы ғана емес, оларға бас-көз болуы үшін  жауапты мұғалімдер тағайындалатын. Ал, қазіргі тестілеудің ережесі бойынша әр оқушының қасына оқытушыларды бірге жібере берудің сәті түспеуі де мүмкін. Өйткені, түлектер сынақ мерзімін әрқалай белгілейді. Қайткенмен, қала орталығынан шеткері орналасқандықтан мұндай жауапты сынақта шәкірттерімізді жалғыз қалдыра алмаймыз. Олардың өздерімен, ата-аналарымен ақылдасып, шама келгенше тесттің күнін бір уақытқа белгілетуге тырысып жатырмыз. Сонда ғана, әрқайсысының қауіпсіздік жағдайына алаңдамауға болады,- дейді сала басшысы.

Жаңаша сипаттағы ұлттық бірыңғай тестілеудің ең тиімді тұсы — техникалық қателіктерге жол берілмейді. Несін жасырайық, бұған дейін  оқушылар кітапшаға белгілеген жауаптарын жауап парағына түсіргенше көп қате жіберіп, шатасатын еді. Қобалжу сезімдерін жеңе алмай, абдыраған оқушылар  дөңгелекшені дұрыс бояй алмағандықтан жауаптардың есептелмей қалуы секілді  жағдайлар да аз кездеспеді. Бұл жолғы ҰБТ-да бұндай қателіктер айтарлықтай азаяды. Өйткені, әр оқушыға кітапша емес, дербес компьютер беріледі және оқушылар жауап парағын толтыруға уақыт жұмсамайды. Үміткерлер тапсырмаларды қай пәннен бастаса да өздері біледі. Тіпті, тестілеу уақыты тәмамдалғанға дейін берілген тапсырмаларды қайтара шолып, жауаптарын түзетулеріне әбден болады. Сондай-ақ, тест тапсырмаларының саны өзгермеді, қатысушыларға 3 міндетті және 2 бейінді пән бойынша 120 тапсырма беріледі.  Барлық тапсырманы орындап шығуға  4 сағат белгіленген. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 баллды жинай алады.

Электронды ҰБТ-ның тағы бір артықшылығы абитуриенттер тесттің қорытындысын сол мезетте біле алады. Сынақ нәтижесіне көңілдері көншімегендердің аппеляцияға өтініш бере алатындығы да жақсы мүмкіндіктердің бірі.

Ал, жаңаша сипаттағы ҰБТ-ны тапсыруға 167 мектеп бітіруші түлектің 142-сі белді бекем буып отыр. Арасында 12 «Алтын белгі», 3 ерекше аттестар иегері бар. Осы орайда «Алтын белгіге» үміткер М.Мәметова мектебінің шәкірті Диана Жексеннің де ой-пікіріне құлақ түрдік.

–Өзіме артылған жауапкершілікті өте жақсы сезінемін. Он бір жыл бойына білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымның, маған үміт артып отырған ата-анамның сенімдерін ақтағым келеді. Күндіз-түні дайындық үстіндемін. Электронды ҰБТ-ның артықшылықтары баршылық. Мәселен, бір емес, екі мәрте тест тапсыра аламыз. Тестілеу парақшасын толтырмаймыз, бірден компьютерде жауаптарды белгілейміз, тесттің нәтижесін бірден біле аламыз. Бұйырса, 6 мамыр күні ҰБТ-ның алғашқы кезеңінен өтуге ниеттеніп отырмын, — дейді.

ҰБТ-дағы жаңашылдықтардың оқушыларды психологиялық күйзеліске ұшыратпай, жеңіл өткеруіне ықпалын тигізетініне мұғалімдер қауымы да сенімді.

Ақтоты Лұқпанова, М.Мәметова атындағы орта мектебінің мұғалімі:

–Оқушым Рахат Жұмаев «Алтын белгіге» үміткер. Физика пәнін таңдап отыр. Өте сауатты, білімпаз, зерек бала. ҰБТ-дан өзі қалаған ұпайға қол жеткізеді деп сенемін. Биылғы тестілеу туралы сан алуан пікір айтылып жүр. Білім үдерісіндегі заманауи өзгерістерді қабылдай алуымыз қажет қой. Электрондық тестілеу жүйесі соның айғағы. Түлектерге биылғы ҰБТ-ның өзгерісін, артықшылықтарын жаппай түсіндірудеміз. Ең ұнағаны оқушылардың екі рет тест тапсыра алатындығы. Бірінші тестілеуден төмен балл жинаса, екінші кезеңде одан да жоғары балл жинауға мүмкіндігі бар. Бұл бір жағынан олардың психологиялық тұрғыдан сынып қалмауына үлкен септігін тигізеді, -дейді.

–Айта кетелік, осы жылдың қаңтар және наурыз айларында 132 түлек Жәнібек ауданына барып, ақылы түрде тест тапсырып, сертификаттарға қол жеткізіп еді. Бұл сертификат арқылы да еліміздің кез келген оқу орнына ақылы негізде құжаттарын тапсыра алады. Өздеріңіз байқағандай, пандемия жағдайында еліміздегі білім саласы түрлі кедергілерді еңсеріп, болашақ ұрпақ үшін маңызды қадамдарға барды. Электрондық форматтағы тестілеуден жатырқаудың қажеті жоқ. Несін жасырайық, ҰБТ-ны компьютермен тапсыра дегенді естігенде көпшілік ауылдың балалары қайтпек, қалайша жүзеге асырылады деп сенімсіздік туғызғаны рас. Бәрі де біртіндеп реттеліп келеді. Бастысы шәкірттеріміз сүрінбесін», – деп сөздерін түйіндеді білім беру бөлімінің басшысы Нүркен Сабыров.

 

Ұлттық бірыңғай тестілеудің еліміздің білім жүйесіне енгелі талай сын да айтылды, артықшылықтары мен тиімді тұстарын бағалағандар да аз болмады. Кім қалай десе де биылдан бастап мектеп түлектері  ҰБТ-ны мүлдем жаңаша форматта тапсыратыны анық. Тестілеудегі өзгерістер мен жаңашылдықтар 11 жылдық білімін сарапқа салып, көңілге тоқығанын бір пысықтауға ниетті оқушыларға еш кедергісін келтірмейді деп сенеміз.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ