27.05.2021, 15:24
Қараулар: 117
БАЗЫНАМЫЗ – БАЛАЛАР АЛАҢЫ

БАЗЫНАМЫЗ – БАЛАЛАР АЛАҢЫ

Аудандық мәслихат депутаты Райымбек Құрманғазиевке Сайқын ауылының тұрғыны хабарласып, «балалар ойыны алаңында бүлдіршіндерді ойнату қауіпті» деп өз уәжін айтқан. Уәждің ақ-қарасын анықтау мақсатымен Сайқын ауылының әкімі Нұргүл Омарова, мәслихат депутаты Арбек Аманғалиев және Райымбек Құрманғазиев бар топ Сайқын ауылы Қ.Сағырбаев көшесіндегі балалар алаңын бетке алды.

–Алаңдағы әткеншектің қозғалысынан шығатын орасан дыбыс, сырғанақтың тік болуы балалар саулығына қауіпті. Сырғанақтағы қуысқа немеремнің аяғы екі мәрте қыстырылып қалып, жарақаттанып қалды. Осы мәселені реттеуге болмай ма? Өзгелері де жарақаттанады ғой. Ойын алаңындағы жабдықтар да тозған. Кезінде құм төгілген үйшікте саздан  басқа ештеңе жоқ, ағаштары да сөгіліп қалған. Ал балалар үйшіктің астына емес шатырына мініп отырады. Тағы бір айта кетерлігі, балалар алаңы футбол алаңымен біріктірілген. Футболды ойнайтын ересектеу балалар. Олардың екпінімен тепкен добы кішкентайларға тиер болса, кім жауапты? – деді Тамаша Бирахметова.

Округ әкімі Нұргүл Омарова:

Балалар ойын алаңы мен футбол алаңын бөлуге әзірге мүмкіндік болмай тұр. Бәрі де қаражат мәселесіне тіреледі ғой. Сырғанақтағы саңылауды бітеуге жұмыстанамыз. Жабдықтарды жаңарту жайы да қаржыға байланысты жүзеге асады. Ал балалардың шатырға мінуіне келсек, оларға үлкені ретінде тәртіпке шақырсаңыз. Ол олардың денсаулығы үшін керек. Ауылдағы бес алаңды да жұмысшылар қоқыстан тазартып, сөгіліп, сынған заттарды қолдан келгенше жөндеуде. Олар күн ұзаққа алаңды бақылай алмайды. Сондықтан үлкендер балаларын ойнатуға әкелумен қатар, оларды тәртіпке шақырғандары абзал, –деді.

Өз кезегінде халық қалаулысы Райымбек Құрманғазиев тұрғынның тілегін көпшілік алдына ұсынатынын айтты.

Аталмыш топ Сайқын ауылындағы барлық балалар ойын алаңында болып, ойын жабдықтарының жай-күйін, жалпы алаңның қауіпсіздігін қадағалады. Темір қоршаудың бір жері майысып, енді бір жері сөгілгенін, ертеңмен жиналған алаңда бос құтыға қайта толғанын, алаң қақпасының ашық жатқанына куә болды.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ