8.12.2016, 17:49
Қараулар: 306
Береке-бірлігі артқан Бөрлі

Береке-бірлігі артқан Бөрлі

Ұлт жоспары – елді, халықты ортақ жауапкершілікке жұмылдырып, ұлы істерге бастайтын белес. Осы тұрғыда Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамы» елдің дамуына жаңа серпін әкелгені сөзсіз. Ендеше, сол мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұрмыс-тіршілігін оңалтып отырған жерлестерімізді Т.Масин атындағы ауылдық округтен де көптеп ұшыратуға болады.

Округтегі оңды істер

Ауыл әкімі Меңдібай Қитановтан алған мәліметтерді сөйлетер  болсақ, жер көлемі 159467 гектар болса, оның жартысынан көбі жайылымдықты құрайды екен. Күні бүгін бұл округтегі 280 отбасында 1484 адам есепте тұр. Шаруашылықтарын өрістетіп отырған 53 қожалық жылдан-жылға өркендеп, өріс төрт түлікке тола түсуде. Мәселен, ірі қара өсіретін 30 шаруа қожалығы былтыр 3684 сиырға субсидия алған болса,  биыл шаруашылық саны 32-ге, аналық мал 4435-ке жетіп отыр.  2015 жылы 22 қожалық асыл тұқымды 67 бұқашық, ағымдағы жылы 28-і 106 бұқа, 40 қошқар сатып алған. Сонымен бірге «Боранбаев» және «Р.Сисенғалиев» шаруа қожалықтарына малды бордақылауға несие берілген. Ал, аз қамтылған бір отбасы «Өрлеу» бағдарламасы арқылы берілген 80 000 теңгеге шопан ата тұяғын өсіруде.

Бүгінде 8 кәсіпкер ашқан 8 дүкен, 1 тойхана, 1 наубайхана, 1 дөңгелек жөндеу цехы халыққа қызмет көрсетуде. Жалпы,  бұл  ауылдың халқы еңбекқор және ұйымшыл. Бұрынғы баспаналарын жаңартқандар қатары да көбейген. Заманауи үлгіде іргесі қаланған әдемі үйлер алыстан менмұндалайды. Дегенмен, халық аузында аудандық мәслихат депутаты Нағым Тәжімұратовтың есімі жиі аталады. Қандай іске де мығым сол ел ағасының кесіп айтар аталы сөзі көп кәдеге жарап жатқанын білдік. Басына қиындық түскен талай жерлестеріне іскер азаматтарды жұмылдырып, бірінде баспана салса, енді бірінде аурулы отағасы мен оның хал үстіндегі жұбайына мекенжай алып беруге ұйытқы болған екен. Бұл тұрғын үйдің жарты қаржысын тумалары, қалғанын қожалық иелері төлеп,  сол  баспанаға көшірілген  күні дәм-тұзы таусылған отанасы қайтпас сапарға аттанып кете барыпты.  Мұның бәрі ауыл әкімі Меңдібай Қитанов пен беделді депутат Нағым Тәжімұратовтың ауылдасының тағдырына бей-жай қарамайтындығының айқын дәлелі. Ішкі дүниеңді еріксіз толқытатын осынау ізгілік бөрліліктерге тән қасиет секілді.

Тәуелсіздікпен келген «Күміс той»

Тәуелсіздік тамыры тереңдеген сайын осынау уақыт ішіндегі оқиғалар тарих шеңберінен сыр шертері кәдік. Тілекқабыл Жұмағалиев пен Оралгүл Зұлқаева тура 25 жыл бұрын, еліміз Тәуелсіздік алған жылы шаңырақ көтеріпті. Сол кезде Т.Масин атындағы жылқы совхозында еңбек еткен Тілекқабыл Оралгүлдей аруды қолына қондырып, ширек ғасыр бойы тірліктің ыстық-суығына төзудің өзі жұбайлық өмірдің өзара сыйластығында екенін аңғартады. Ауылдастарының ортасында қарапайым тірлік көшін түзген олар айтулы күннің маңызын терең түсінеді. Осынау уақыт ішінде Жұмағалиевтер әулетінде бес бала өмірге келді. Кішкене кездерінде улап-шулап жүретін олардың үлкендері бүгінде білдей маман атанса, кішілері әлі мектеп жасында. Жұп құрған жылы өмірге келген тұңғыштары Мағжан Тәуелсіздіктің төл құрдасы. БҚМУ-дың режиссура факультетін бітірген. Тасқала аудандық мәдениет үйінде қызмет етуде. Оның келіншегі Әйгерім де БҚМУ-ды тамамдаған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы. 1994 жылы туылған Бағдагүл Орал қаласындағы №6 емханада медбике болып қызмет етсе, Кәмшат гуманитарлық академияның ІІІ курс студенті. Мерхан 11, ал, кенжесі Жаннұр 2 сынып оқушылары. Ел Тәуелсіздік алған күні өздері отау құрса, дәл 25 жылдан соң шаңырақтарында тұңғыш немеренің өмірге келуін де олар жақсылыққа жорып отыр.

Бақша меңгерушісі һәм қожалық жетекшісі

Ауылдағы «Балдәурен» балабақшасы елу балаға арналған. Оның меңгерушісі Айбарша  Бейісова М.Бегалиева атындағы орта  мектепте директордың орынбасары болып жүріп, 2013 жылы осы періште пейілді бүлдіршіндер ортасына ауысқан. Алғашында көптен күрделі жөндеу көрмеген мекемені қызметкерлерін жинап, ақтап, сырлап жатқанының үстінен түскен сол уақыттағы аудан әкімі Рахман Карин мен орынбасары Лариса Қайырғалиевалар  ынталы қызметтеріне риза болған болуы керек, тез арада қаржы бөліп, жоспарда жоқ күрделі жөндеу жүргіздірген. Пластикалық терезелер қондырылып, шатыр ауыстырылған. Қазіргі күні мұнтаздай таза мекемеде бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалған. Оның іскерлік қыры еліне елеулі, халқына қалаулы әкесі марқұм Сырымнан дарығанға ұқсайды. Тереңқұдық бөлімшесінде меңгеруші болған ол жұмыс барысымен кейін Жаңақала ауданына ауысады. Сол жақта жұмысшылар комитетінің төрағасы, ауыл әкімі сынды қызметтерді абыройлы атқарғанын ел біледі. Жаңақала ауданының энциклопедиясына есімі енген әкенің  өмір өткелі Айбарша Сырымқызы үшін үлкен өнеге мектебі саналады. Жабыққан сәтінде әке рухымен сырласып, әрбір аталы сөздерін көңіл түкпірінде сақтаған ол өз ұрпақтарының да алар асулары биік болғанын қалайды.

Иә, іскерлігімен танылған А.Бейісова 2009 жылы құрылған «Асыл» шаруа қожалығының жетекшісі екенін де естіп-білдік. Алдарындағы азын-аулық жандықтары көбейіп, қора тарлық жасаған соң, отағасы Асылбекпен ақылдасып, қыстақ алып, қожалық ашқан.  Қазір  олардың қойы 500, ірі қарасы 220, жылқысы 30-ға жеткен көрінеді. Жылқыларын екі үйірге бөліп, бір асыл тұқымды айғыр сатып алыпты. Қайнысы Ақылбек те күнінде атбегілікке бүйрегі бұрған азамат екен. Қыл құйрықтыларды баптап үйренгендіктен де болар, жолдасы Асылбек Рысқалиев жылқыны ерекше құрмет тұтады. Әрі шаруашылық жұмысқа қарайласып, қарамағындағылардың бабын табатын да осы отағасы. Шаруашылықтарын одан әрі дамыту үшін «Құлан» бағдарламасы арқылы несие алуды да көздеп отырғанын жасырмады.

–Болашақта ет-сүт өнімдерін, май-қаймақты саттыққа шығармақпыз. Қара бастың қамын ғана емес, халықтың жағдайын да ойлау керек қой,-дейді қожалық жетекшісі. Жұмысшыларға ара-тұра сыйақы беріп, олардың малдануы үшін еңбектеріне мал атап, жыл аяғында сыйлықтар жасап, балаларын оқытуға жағдайлары келмегендеріне оқу ақысын төлеп, соғымдарын беретіндерін де аңғардық.

40 жыл қарына құрық ілген

Ауыл шетінде қоңыр тірлік кешіп жатқан Мінәт Хабибуллиннің жасы сексеннің бесеуіне жетіпті. Қырық жыл бойы аттан түспей,  жылқы баққан қария аса сабырлылар санатынан. Кезінде Ресейдің Астрахан, Владимировка қалаларының ет комбинатына жылқы тапсырғандарын ұмыта қоймапты. Көп сөзге жоқ, барға қанағат ететін атаның  ұрпақтары да өзіне тартқан. Қазір қария тұңғышы Естияр ағаның қолында. Жеке малдарының қарасын көбейтіп, самал жел тербеген дала төсінен ризықтарын табуда. Келіні Айман «Алтын алқа» иесі. Отанасы Қазима (Қазекен) әже 1990 жылы дүниеден өтіпті. Келін-баланың әлпештеуінен болар, сырт көзге қарияның күтімі жақсы екені байқалып тұр. Немере келіннің қолынан шәй ішіп, шөбере сүйген қадірлі жан өзін бақытты санайды.

Елбасы алғысын иеленген Айнұр

Мәдениет үйінің директоры Айнұр Әбдірешева төрт баланың анасы. Үнемі сахнада ән салып, мәдени шаралардың бел ортасында жүретін ол әр сәбиінің айтулы күні жарық дүние есігін ашқанын айтады. Жолдасы Әділбек Арыстанов жеке шаруасын дөңгелентіп, қарап отыруды білмейтін табыс табушылар қатарынан. Өнерге бір табан жақын бұл шаңырақ аудандық «Мөлдір бұлақ» отбасылық сайысында І орын алса, осы жылы Қадыр Мырза Әлі орталығында өткен облыстық «Оқырман отбасы» байқауында ІІІ орынды қанжығаларына байлады. Сонымен қатар А.Әбдірешева ҚР Президентін сайлау науқанына белсене қатысқаны үшін Елбасының Алғыс хатына ие болды. Бала кезінен ән салуға әуес ол әр сәттен бір жақсылық көруге құмар.

Тобықтай түйін

Біз Бөрлі ауылымен қоштасып, қайта жолға шықтық. Көз алдымызда шетінен еңбексүйгіш ел азаматтары, заман ағымына сай жаңарған ауыл көрінісі, қадірі артқан қариялар, ынтымағы жарасқан жанұялар… қайсыбірін айтайық. Тек қашан да Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, әркім туған топырағының туын биік көтере бергей деген тілек қана көкейде.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.