27.06.2018, 17:30
Қараулар: 458
Тілшілер тілдескенде…

Тілшілер тілдескенде…

– Біз бала Нартайдың, «ныпсысы Аралбай тегінің» ер жетіп, қанатын қатайтып ұшырған алтын ұясы туралы білсек…

– Туған жерім – әмбеге аян. Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Бөрлі ауылында кіндік қаным тамды. Сондағы Мәдина Бегалиева атындағы орта білім беретін мектептің түлегімін. 2008 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түстім. 2010 жылдан бастап республикалық телеарналарда қызмет етіп келемін. Қанатымды қатайтып, талабымды ұштаған аға-бауыр, әпкелер көп. Бастысы бәріне ризамын!

 

– Бір кездері сізді әкеңіз жыраққа жібергісі келмей, «оқуға түсе алмасаң, ауылға келіп мал бағасың» деп шарт қойған екен. Расымен солай болды ма? Сонда сізді үлкен қалаға жетелеген «қайтсем де мықты журналист боламынды» дәлелдеу ме? 

– Оған да он жыл өте шығыпты. «Бала боп жүріп бір күні, балалы болып қаласың» демекші, ол кезде не сезінгенімді Құдай біледі, қазір әкемнің маған шын жаны ашығанын білем. Бір жағынан қамшылау болды. «Қайтсем де мықты журналист болам» деп дәлелдейтіндей, мектепте маған «бола алмайсың» деген адам жоқ. Тек алыстағы ауылдың баласы телевизияның төріне жайғасады дегенге күмәнмен қарағандар болған шығар. Шынын айтайын, армандағаным болмаса эфир тізгінін еркін ұстап, белді телеарналарда сұранысқа ие болатын тілшіге айналамын деген ой миыма кіріп шықпапты. Несін жасырайын, теледидардан көрінсем дедім, алыстағы ата-анам қуанса дедім. Арман алдамады…

– Сізді ешкімнен қорықпайтын, шындықты бетке айтатын жан деп қабылдайды көрермендеріңіз. Бірақ, биліктегілердің арасында сынды көтере алмайтындар да бар ғой. Олар «тегершігіңізге» таяқ жүгіртпей ме?

– Әрине, сынасаң өті жарылып кетердей өкпелейтіндер жетіп артылады. Бірақ, елдің қамын, халықтың көз-жасын, мұқым елдің мұңын тілге тиек еткенде биліктегі бишікештерге жәутеңдейтін жан емеспін. Барды бар, жоқты жоқ деуге жігерім жетеді. Тізеге салып сындырғысы келетін басшыларға «олай жасай алмаймын, сау болыңдар!» деуге батылым барады. Мен журналистикада осы тәуелсіздігімнен айырылғым келмейді. Қызметтік мансап қуып, басшы болуға ұмтылатындардың қатарынан емеспін. Еңбегімді елесе, тіліме тұсау салмаса жетеді.

– Бір сұхбатыңызда «Мен танымал болғым келді» деп ашық айтқаныңыз бар. Сол танымалдылықты қалай таразыласақ екен?

– Танымал болғым келгені рас. Ойбой, елдің қамын ойлауға келдім, жүрегім жұртым деп соқты деп көкігендерді суқаным сүймейді. Телевизияға 19 жасымда аяқ бастым. Атым шығып, ел таныған сайын мерейім өсті, мейманам тасыды. Тіпті, жұлдыз болып, тұмсығымды шүйіруге шақ қалғаным да бар… Алланың назары түзу екен… Желігіп жүріп жеңіл көлікпен апатқа ұшырап, екі аяқты зақымдап кереуетке таңылғанда көресінді көрдім. Орнымнан тұра алмай жатқанда халықтың өзіме деген ықыласын, тілегін оқып, көңіліме медеу таптым. Сол кезде тілекшісі көп тілші екенімді ұғынып, енді тек елге қызмет етемін деп бел шештім. Содан бері сол кереуетте өзіме берген уәдемнен айнып, кеуде керген кезім жоқ. «Адам ессіз боп өмірге келеді, есуас өмір сүреді, есі кіргенде өледі» деген бар. Есуас өмірімде еліме аз да болса есті тірлік жасап кетейін деген тілекпен жүрмін қазір.

– «Әлемді емес, әуелі өзіңді түзе» деген бар ғой. Өзіңіздің көңіл айнаңызға қаншалықты жиі үңілесіз?

– Мен пессимист адамдардың қатарынан сияқтымын. Өйткені, өзіме ешқашан көңілім толған емес. «Не істеп жүрмін?», «Не тындырдым?» деген сауалдар жүйкемді жеп, жанымды тілгілеп кетеді. Басқаға көлдей қылып көлгірсіп жауап берсем де, өз-өзімнен жауап алғанда қиналам. Уағында Пушкиннің досы, орыстың философы Чаадаев «Бір жерде жылаған жанның дауысын естісем, «япырау, біз тағы нені бүлдіріп едік?» деп қуыстанамын»-деген көрінеді. Сол айтпақшы, көптің көз жасы төгілмеу үшін қызмет еткенге не жетсін?!

– Мерекелік лебізіңізді білсек?

– «Келдек қалам ұшында көк найзаның сұсы бар» деп жүргендердің барлығын төл мерекесімен құттықтаймын. Енді алақандай «Орда жұлдызы» туралы пікірімді білмек болсаңыз, шүкір, қазіргі аудандық газетіміз бетіміз қызармай, қолға алатындай дәрежеде деп есептеймін. Мен мұны бұрын да айтқанмын. Ал, университетке түсер кезде: «Еркін жазады екенсің, жазғаныңды өзгелердей шолтитпаған газетіңе мың алғыс айт. Әйтпесе…» деп сөзін түйіндеген-ді комиссия төрағасы. Ендеше, алда да ақпарат майданында атқан оқтарың мүлт кетпесін, әріптестер!

Арай МАРАТҚЫЗЫ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар