Асылбек НҰРАЛИЕВ, А. Құсайынов атындағы ЖОББ мектеп- бөбекжай кешенінің директоры:
«ПРЕЗИДЕНТТІҢ АРНАЙЫ ҚАТЫСУЫ – ІРГЕЛІ БЕТБҰРЫСТАРДЫҢ КЕПІЛІ»
– ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманы ғана емес, өзгерістер кезеңі болып тұр. Соған сай балаларды қалыптастыру жолында білім беру саласының ұдайы өзгеріп отыруы – заңдылық. Биылғы Тамыз конференциясынан балаларды тәрбиелеу, білім беру, оқыту жүйесінде бірқатар елеулі өзгеріс күтіп тұрғанын түсіндім.
Биылғы Тамыз кеңесі Мемлекет басшысының арнайы келіп қатысуымен ерекшеленді. Бұл – салмағы ауыр саланың жүгін көтеру мемлекеттің маңызды мүддесі, ең негізгі саясаттың басым бағытына айналғанының айғағы. Ал көңілге жылылық ұялатқаны – Қасым-Жомарт Кемелұлы әуелі білім мен ғылымдағы майталман мамандардың, сондай-ақ осы салаға қатысты қоғамдық қызметкер мен ата-аналар атынан келген өкілдің ой-пікірін тыңдап, соған сай Үкімет пен облыс басшыларына шара қабылдауды шегелеп тапсыруы.
Конференцияда айтылған мұғалімдерді бес күндік жұмыс жүйесіне көшіру туралы ұсынысты қолдаймын.