Желтоқсан айында ауданымыздың 11 елді мекені (соның ішінде әкімдік, медициналық нысан, құзырлы орган мекемелері, білім ордалары) жоғарғы жылдамдықты интернеттің игілігін көрмекші. Дәл осы жағымды жаңалықты «Қазақтелеком» АҚ қоғаммен байланыс қызметінің БҚО бойынша Өңірлік телекоммуникация дирекциясының өкілі Жанар Біләлова жеткізді.
Облыстың 60 ауылына, нақтырақ айтсақ, сол ауылдардағы 238 мемлекеттік орган мен бюджеттік сала мекемелерін жоғары жылдамдықты интернет қосылады. Осы мақсатта ұзындығы 1751 км талшықты оптикалық байланыс желі жолын салу қолға алынды.
«Қазақтелеком» АҚ филиалы Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының «Талшықты оптикалық байланыс жолдарының технологиясы бойынша ҚР ауылдық елді-мекендеріне кеңжолақты қатынауды қамтамасыз ету» жобасы аясында желіжолының құрылысы басталмақшы.
Жыл аяғына дейін облыс орталықтарынан шалғайда қоныс тепкен ауыл-аймақтарда әлеуметтік сала нысандарын, мемлекеттік мекемелерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету бүгінгі күн тәртібіндегі – басты талабы. Бұл жұмыс «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда.
Арайлым МАРАТҚЫЗЫ,
БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ