10.10.2019, 10:56
Қараулар: 745
ЕЛГЕ ДЕПУТАТТАР КЕЛДІ

ЕЛГЕ ДЕПУТАТТАР КЕЛДІ

Ауданға облыстық мәслихат депутаттары келіп, бөкейлік жұрттың бүгінгі тірлігімен танысты. Хан ордасындағы мәдениет үйінде  облыстық мәслихаттың құқық және жергілікті өзін-өзі басқару бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті.  Шара барысында мекеме басшыларының есебі тыңдалып, жұмыс барысында туындап отырған мәселелер талқыланды, пікір-ұсыныстар айтылды.

Аудан басшысы облыс орталығынан келген қонақтарға «қош келдіңіз!» айтып, аудан ахуалынан аз-кем мәлімет берді.

Облыстық мәслихаттың құқық және жергілікті өзін-өзі басқару бойынша тұрақты комиссия төрайымы Ляна Тұрсынова сөз алып, сапардың мақсатын айтып өтті.

  • Тарихының өзі бірнеше томға жүк болатын қасиетті топыраққа табаным тиіп тұрғаныма қуаныштымын. Өлкенің ғана емес, тұтас ұлт тарихында орны бар Бөкей топырағын мекен етіп отырған сіздер қандай бақыттысыздар! Біздің бұл сапарымыз тарихи жерге тәу ету емес, елдің жағдайын білу. Көптеген нормативтік актілер кабинетте қабылданып, іс жүзінде шикіліктер, сәйкессіздіктер туындап жататыны жасырын емес. Ауылдық жерлердің ерекшеліктері ескерілмей қалады. Міне, сол себепті өздеріңіздің алдыңызға кеп, жұмыс барысындағы қандай түйткілді мәселелер бар, нендей түсініспеушіліктер боп жатыр? Осы тұрғыдағы пікірлеріңізге құлақ түргелі келдік, -деді сапар мақсатын түсіндіріп.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллиннің мәліметінше, тұрғын үй кезегінде 242 азамат тұр, оның 20-сы ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, 28-і көп балалы отбасылар, 108-і әлеуметтік осал топ болса, 14-і үйлері апатты жағдайда деп танылған тұлғалар екен. «Бақытты отбасы» партиялық жобасына қатысуға үш бөкейлік ниет білдіріп, біреуі баспаналы боп үлгерсе, қалған екеуі де жақын күндері үйлі болмақ.  Бисенбек Насимоллин:

  • «Бақытты отбасы» жобасы негізінен әлеуметтік осал топтарды қолдауға арналған. Дегенмен, шарттары осы осал топтың қалтасына, мүмкіндігіне шақ келе бермейді. Көп балалы немесе 2-3 баласы бар жалғызбасты аналар бастапқы жарна үшін миллиондап ақша таба алмайды. Осы жайтты ескерсе екен. Тағы бір мәселе, осы жоба игілігі ауылдағы ағайынға да тиесілі болса екен. Ауыл тұрғындары үшін осы жобамен үш миллионның үйін алу мүмкіндігін қарастырып жатқаны айтылды. Бірақ, шалғай ауылдан болмаса, аудан орталығынан үш миллионға үй табу қиын екенін ескерілсе, -деген ұсынысын айтты.

Бисенбек Насимоллин тамақ қалдықтары шықпайтын, анау-мынау тұрмыстық қалдықтары монша жағылып, тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылатын полигонға тек малы қиы ғана шығатын ауылға экологиялық  кодекстың сәйкеспейтінін тілге титек етті.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Исатай Оздың айтуынша, кәсіби оқуға (қысқа мерзімді оқыту курстарына ) 9 млн 557 мың теңге қаражат қаралып, 7 млн 157 мың теңге игеріліпті.  Жыл басынан бастап 98 адам  аспаз, газ операторы, жауапты тұлға, оператор ЭВМ, іс-қағаздарын жүргізуші мамандықтарына қысқа мерзімді курстарға жолданған екен.

И.Оз ортаға салған екі ұсыныстың бірі – «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігі санаулы маманға емес, ауылға келген кез келген жас маманға тиесілі болса деген ұсынысы. «Жас кәсіпкер», «Zhas project» бағдарламалары келесі жылы да жалғасты болса, ауылда жүрген жұмысссыз жастардың тынысы ашылып, кәсіп көзі көбейер еді деген пікірін айтты.

Комиссия төрайымы Ляна Тұрсынова:

  • Қысқа курстарға он миллиондап қаржы бөледі екенбіз. Бұл тек сіздің аудан емес, барлық ауданға тән есеп. Соның нәтижесі қандай? Ауыз толтырып айтатындай көрсеткіш бар ма? Қомақты қаржы желге ұшып жатқан жоқ па?-деп сауалын қойды.

Бұған аудан басшысы жауап берді.

  • Мойындауымыз керек, нәтиже күткендей емес. Арнаулы курстардан өтіп келген азаматтарымыздың бәрі бір-бірден кәсіп ашып, дөңгелетіп әкетті дей алмаймыз. Мұндай қайта даярлау курстарына қаржы бөлініп отыр, игеруіміз керек. Шынын айтуымыз керек, тіпті адами ресурсымыз сарқылды. Сараптай келіп, мұндай міндеттерді бойымызға, мүмкіндігімізге қарай шақтап алып, қомақты болса да қаржыдан бас тартып отырған да жайымыз бар. Ал, кәсіпкерлік жүргізудің әліппесін танып, іс бастаймын деген азаматтарымыз мал шаруашылығы үшін жайылым алуда кедергіге тап болып отыр. Жер алу үшін аукционға түседі, аяғынан тұрып, даму жолын қалыптастырып алған үлкен шаруа қожалықтарымен қатар түседі де, жер ауқатты шаруаға бұйырады. Бұдан кәсіп көзін ашуға ниет қылған ағайында «бай-байға, сай-сайға құяды екен ғой» ой қалыптасады, тауы жығылады. Шынымен де, субсидия алып, шаруа қожалығының керегесін кеңейтуді көздеген ауқаттының аты озып, тал қармаған дымсыз қалып отыр. Аукцион тәртібін тағы бір мәрте қарап, осы жайттарды ескерсе, мүмкіндіктер мен шектеулер қарастырылса, дұрыс болар еді,-деді Нұрлан Рахымжанов.

Аудан басшысының халық қалаулыларының назарына ұсынған мәселесінің бірі –бюджет есептеуде, урбанизацияның алдын алуда шекара шебіндегі аудандардың ерекшелігі ескеру.

  • Көршілес Ресейдің Палласовка ауданында бюджет ішкі аудандарға қарағанда 20%-ға артық. Бөкей ордасы тек шекара шебіндегі емес, полигон аумағындағы ел. Осы жайттар ескеріліп, халықтың әл-ауқатын арттыру, зейнет жасын есептеуде артықшылықтар берілсе жақсы болар еді. Мысалы,ауданымызда полиция қызметкерлері үшін бір жыл жыл жарымға есептеледі. Ауамыз ортақ, суымыз ортақ. Неге шенділер үшін қарастырылған осы артықшылық халыққа ортақ берілмейді. Бұл менің жеке басымның ғана емес, алдыма келетін, ашық есікте қойылатын негізгі сауалдардың бірі. Осы жайттар айтылмай жүрген жоқ. Елге келген лауазымды тұлғаның құлағында қалсын деп айтудан еш жалықпаймыз,-деді аудан әкімі.

Бұдан басқа да құм басу, су тапшылығы, Аймекеннің су қоры, теміржол мәселесі де тілге тиек етілді. Комиссия төрайымы Ляна Тұрсынова жиын барысында айтылған ұсыныстардың аяқ асты қалмайтынына, тиісті тұлға, органдарға жеткізілетініне сендірді.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар