31.10.2019, 16:36
Қараулар: 699
Сыбайлас жемқорлық  — елдігімізге сын

Сыбайлас жемқорлық  — елдігімізге сын

Сыбайлас жемқорлық, парақорлық кез келген қоғамның көкейкесті мәселелерінің бірі. Мемлекеттік негіздерді іштей күйретіп, экономикаға нұқсан келтіретін жегіқұрт тәрізді жемқорлық дерті мемлекеттік имиджіне кері әсер етеді. Әрине, жегіқұртқа қарсы күресудің  ең тиімді әдісі жемқорлыққа жол ашатын  келеңсіз құбылыстың алдын алу болып табылады.

Тарихқа көз тартар болсақ, елдің бүтіндігін сақтап, берекелі өмірін қамтамасыз ету үшін басшылардың небір түрлі амалға барғанын бағамдауға болады. Айталық, әлемді билеген Шыңғыс хан әскерінің жеңісі тәртіп пен қаталдыққа негізделген. Ондық, жүздік, мыңдықтағы бір сарбаздың сатқындығы үшін бүкіл  қаруластарын өлімге қиған Шыңғыс ханның әрекетін бүгінде қатігездікке балайтындар баршылық. Дегенмен, қатардағы сарбаздың қорқаулығын байқамаған әскерді хан жазаламасада, сатқындықтың салдарынан олардың өлім құшатыны, өздерін ғана емес, өзгелердің де басын қатерге тігетіні анық қой. Көреген басшы осы арқылы көпшілікке сес көрсетіп, санасына сілкініс жасаған сыңайлы. Әрине, тарихтың тереңіне кеткен хан Шыңғыстың тәжірибесін бүгінгі күнмен салыстырған жөн болмас. Десек те, сыбайлас жемқорлықта сатқындықтан еш кем емес.

Бүгінгі дәуірдің таразысымен салмақтайтын болсақ, жемқорлық мемлекеттің бүкіл әлем алдындағы беделіне түсіретін қара дақ. Жеке басының пайдасы үшін кіммен болса да жең ұшынан жалғасуды ар көрмейтіндер елді сатып отырғандарын білмеуі де мүмкін.  Қазір қарапайым ұстаздың да, дәрігердің де, мемлекеттік қызметтегі лауазымды адамдардың да істі болуы таңқалдырмайтын жағдайға жетті. Осыны ескерген президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қосшының заңсыздығы үшін басшысы жауапқа тартылатынын қадап айтты. Дала заңының құқықтық үндестігі осы тұстан көрінеді. Өйткені, байырғы бабалардың басшыны бүкіл жұрты үшін жауапты етуінде үлкен мағына жатыр.

Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей жинағы жоқ. Әрбір мемлекет қолданатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әдістерінің жиынтығы өзгеше, ол елдің саяси тұрақтылығына ғана емес, сонымен-қатар, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты өзіндік күрес тәсілі қалыптасқан.

Мәселен, қазіргі таңда жемқорлыққа қарсы ең қатал жаза Қытай елінде қолданылады. 1980 жылдардың басында экономикалық қылмыстар үшін Қытайдың қылмыстық кодексінде «ату баптары» күрт көбейген. Бүгінде Аспан асты елінде сыбайлас жемқорлық үшін өмірлік сотталу немесе өлім жазасы тағайындалады. Оңтүстік Кореяда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлаған адамға анықталған сомадан пайыздық ақы төленеді. Жаңазеландиялық үлгіні айта кетсек,ол елде мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің еңбекақысы жоғарылығымен сипатталады. Бонустар мен мадақтау жүйесі кең қолданылады. Атап өту керек, біздің елде де жаңазеландиялық үлгі енді қолданылып, оны іске асыруға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда жемқорлықпен күрес еліміздің көптеген бағдарламалық құжаттарында негізге алынатындықтан, қоғамның барлық саласына енгізіліп жатқан «Электрондық үкімет» жүйесі арқылы ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету арқылы жемқорлықтың жолын кесу көзделген. Шын мәнінде елдің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін тежейтін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тоқтатып, демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіретін жемқорлықпен күресте тоқтамақ та емес. Сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және әрдайым жетілдіру үстінде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Қазақстанның тәжірибесінде жинақталған үш негізгі шарт бар. Біріншіден, қатал әрі адал заңдар қажет. Екіншіден, күшті саяси жігер керек. Үшіншіден, барша қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруы тиіс. Сонда ғана, біз жемқорлықтың етек жаймауына ықпал ете аламыз.

Қуандық МОЛДАҒАЛИЕВ,

аудандық соттың аға сот приставы