Зейнет жасына жеткен әрбір азамат зейнетақы тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КАҚ БҚОФ Әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі аудандық бөлімінің қызметіне жүгінеді. Қызмет алушы немесе оның нотариат куәландырған сенімхат бойынша өкілі белгіленген нысан бойынша бір өтініш жазады.
«Қазпочта» акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшесінен аштырған шотының нөмірі туралы анықтаманы ұсынады. Қажеттілігіне қарай жеке тұлғаға төленген және міндетті зейнетақы жарналары табысынан жүзеге асырылған табыс сомалары туралы жұмыс жасайтын мекемеден анықтама немесе мемлекеттік кірістер органы берген дара кәсіпкерлердің, адвокаттардың, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының және кәсіби медиаторлардың табыстары туралы анықтама талап етілуі мүмкін. Зейнетақы тағайындаудағы басты құжат еңбек кітапшасы десек болады. Еңбек кітапшасы болмаған немесе жарамсыз болған, еңбек кiтапшасында тиісті жазбалар болмаған, түзетулер, дәлсіздіктер болған және әр түрлі оқылған кезде архив мекемелерiнен анықтамалар, мемлекеттік архивтің немесе ведомстволық архивтің уәкілетті қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған архивтік құжаттың электрондық көшірмелері немесе жұмыс орнынан анықтамалар қажет болады. Әйел адамдар тегін өзгерткен жағдайда неке туралы куәлік (азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) не некені бұзу туралы куәлік немесе неке қию туралы актілік жазбадан үзінді көшірме сұратылады. Сонымен бірге білімі туралы құжат, әскери билет немесе қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) анықтамасы, балалардың туу туралы куәліктері (азаматтық хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама), прокуратура органдары берген ақталуы туралы анықтама, әскери ұрыс қимылдарына қатысқаны туралы әскери комиссариаттың анықтамасы, І топтағы мүгедекке, ІІ топтағы жалғызбасты мүгедекке және бөгде адамның көмегіне мұқтаж жасына байланысты зейнеткерге, сексен жасқа толған қарттарға, он алты жасқа дейінгі мүгедекке күтімді жүзеге асыру фактісін және кезеңін растайтын соттың шешімі, әскери қызметшiнiң, арнаулы мемлекеттік орган қызметкері жұбайының (зайыбының) жұмысқа орналасу мүмкiндiгi жоқ жерлерде тұрғанын растайтын құжат та сұратылуы әбден мүмкін. Бес және оданда көп бала туған (асырап алған ) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемі тағайындалғанда қосымша балалардың туу туралы куәліктері (немесе азаматтық хал актілерін жазу органдары берген туу туралы актілік жазба немесе азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама ) және балаларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеу фактісін растау балалардың төлқұжаты мен неке туралы куәліктері, орта оқу орнын бітіргені туралы аттестат, орта-кәсіптік немесе жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом не балалардың оқығанын растайтын оқу орнының анықтамасы, әскери қызметті өткергенін растайтын құжаттар талап етіледі. Ал балалардың бірі дүниеден озған жағдай болса, қайтыс болуы туралы куәлік (немесе азаматтық хал актілерін жазу органдары берген қайтыс болуы туралы актілік жазба немесе азаматтық хал актісін тіркеу туралы анықтама тапсырылуы керек.
Мекеменің қызмет көрсету мерзімі құжат қабылданған күннен бастап, он күнді қамтиды. Іс материалдарын жете қарау талап етілгенде ұсынған құжаттардың дәйектілігін тексеру немесе қосымша құжаттар сұрату қажеттілігіне орай жұмыс күні 30 күнге дейін созылуы мүмкін. Мемлекеттік корпорация өтініш берушіні ұялы телефонына sms-хабар жіберу арқылы қабылданған шешім туралы хабардар етіп, «Жасына байланысты зейнетақы алушының куәлігін» табыстайды.
Берік ҚОЙШЕКЕНОВ
«Азаматтарға арналған үкімет » МК» КАҚ БҚОФ
Әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі аудандық
бөлімі басшысы