Аудан әкімінің төрағалығымен, ауылдық округтер әкімдері, тиісті сала басшыларының қатысуымен жиын өтті. Күн тәртібінде бірнеше түйткілді мәселе қаралды.
Аудандық мемлекеттік кіріс басқармасының бас маманы Мұрат Таңатов салық төлемдерінің орындалу барысына қатысты мәлімдеме жасады. Мүлік, жер салығы, көлік салығы бойынша қордаланып қалған салық берешегі бар азаматтармен жұмысты ширату керектігін тапсырды. Тек көлік салығы бойынша 1826,7 мың теңгені құраса, жер салығы бойынша 33,3 мың теңге, мүлік салығынан 49,2 мың теңге жергілікті бюджетке түспей отыр екен.
Аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас мамандары Серік Айтқалиев пен Ерлан Нұркенов мал азығының қысқы қоры, скриниг мәселелері бойынша хабарлама жасады. Серік Айтқалиевтің айтуынша, ауданда 135300 тонна пішен шабылып, 7800 тонна мал азығының қысқы қоры жасақталды.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық, жолаушы тасымалы және жол шаруашылығы бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы туралы баяндады. 69 әлеуметтік нысанның 34-і бу қазаны, 20-ы электр жүйесі, 15-қазандық пеш арқылы жылытылады. Қазандық пеш арқылы жылытылатын мекемелерге қатты отын дер кезінде қажетті мөлшерде жеткізілген. Нақтырақ айтсақ, 143 тонна отынмен қамтамасыз етілді. Жүргізілген рейд қорытындысымен таныстырып, операторлар жұмысын ширату, талап етілетін қауіпсіздік шараларын сақтауды қатаң талап етті.
«Азаматтарға арналған үкімет» МК» КАҚ БҚОФ әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі аудандық бөлім басшысы Берік Қойшекенов 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларына тағайындалатын жәрдемақы туралы, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Исатай Оз АӘК тағайындаудың жаңа форматы туралы баяндады.
Аудандық статистика басқармасының басшысы Тілеген Қадимов 2020 жылы өткізілетін халық санағы турасында түсінік беріп, республикалық деңгейдегі науқанға дайындық шараларымен таныстырды.
Саралжын мен Темір Масин ауылдық округтерінің әкімдері жеке тұрғын үйлердің көгілдір отынмен қамтамасыз етілуінде туындап отырған мәселені ортаға салды. Қысқа қайырып, айта кетсек, үйлеріне табиғи отын кіргізуге қаржысын төлеген ауыл азаматтары тиісті акттің дер кезінде ресімделмеуі салдарынан әлі күнге дейін көгілдір отынның игілігін көре алмай отыр екен.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының І орынбасары Мейрамбек Аққалиев партия жұмысына қатысты, аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева әскерге шақыру, туберкулез ауруының алдын алу мақсатындағы ағымдағы мәселелер бойынша ауыл әкімдерінің жұмысына қатысты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді.
Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ