31.03.2020, 18:15
Қараулар: 210
МАСИНДЕ ТӘРТІП МЫҒЫМ

МАСИНДЕ ТӘРТІП МЫҒЫМ

Күллі әлемге тараған коронавирустің емі табылып, құрбандығы мейлінше аз болса екен тілеймін. Бұл тек менің бала жүрегімнің тілегі емес, әлемдегі бар адамның басты тілегі екені рас.

Індеттен  қорғану, алдын алу шаралары Т.Масин ауылдық округінде де кеңінен, көптің қолдауымен  жүргізілуде. Ауылымызда сақтық шаралары қатаң түрде жүргізіліп жатыр. Қалаға барып-келіп жатқан саудагер аға-апаларымыз, кәсіпкерлеріміз мен жолаушыларымыз ауылға кіреберістен тексеріліп, ауылға келгендер саны тіркелуде. Ауыл әкімі Меңдібай Қитанов, ауылдық полициямыз  Қуандық Ниязов пен ауруханамыздың дəрігері Еркін Ишанов, аурухана қызметкерлері осы істің басы-қасында жүр.

Жақыны Атырауға, алысы Италиядан келген ауылдастарымыз түгел тексерістен өтіп, аурудан таза екені анықталды.

Маска тек ауылада емес, үлкен қалаларда да жоқ болып жатыр. Ауылдағы шебер тігіншіміз Рашида Ихсанғалиқызы елуден астам,    маска тігіп, халыққа қолжетімді бағамен сатты. Жастар жетекшісі Жайнагүл Исқақова ақ халаттылармен бірге үй-үйді аралап, қарттар мен мүгедектерге, көпбалалы жəне аз қамтылған отбасыларға сақтану жолдары мен төтенше жағдайға байланысты жадынама таратты. Жеке кəсіпкерлерге, яғни, дүкеншілерге əр кез  тазалық жұмыстарын жүргізіп, күнделіктіге қажетті азық-түлік бағасын қымбаттатпау ескертілді. Әрі оларға осынау жағдайда сағат 10:00- 18:00 аралығында жұмыс режимін сақтау міндеттелді.

Төтенше жағдай оқушыларға да оқуда өзгешелік әкелуде. Енді біз қашықтан оқыту тәртібіне көшпекпіз. Бұл да өз кезегінде ғаламтор байланысы жоқ оқушыларға қиындық тудырары сөзсіз. Қазірдің өзінде мұғалімдеріміз үйіміз, нақты әр оқушыда ноутбук, смартфон сынды гаджеттердің бар-жоғын анықтауда. Бұрын-соңды қашықтықтан оқымаған біздер үшін бұл да өз кеселін тигізеді ма кім білсін?! Алайда, үйінде вай-фай байланысы бар кей сыныптастарым, өзім сынды мектепті биыл тәмамдайтындар мемлекеттік емтиханға, бастысы ҰБТ-ға түрлі тегін курстарда оқып, қосымша ақпарат алуда. Ал, мен секілді бұл байланысқа қолы жетпегендер бұрынғысынша кітап арқылы оқуда. Күштің өзімізге түсетінін жақсы білеміз. Сондықтан, уақытты босқа жібермей, білім алуға тырысып-ақ жатырмын.

Елді үрейге бөлеп, алаң қылған індеттен аман өтсек, алынбайтын асу жоқ. Үлкеніміз боп, кішіміз боп, тілегіміз бір жерден шығып, тәртіпке бағынайық. Үйде, отбасымызбен боп, аурудың тарауына жол бермейік.

Дана АТЫРАУ,

жас тілші,

 Бөрлі ауылы.