26.02.2021, 17:17
Қараулар: 139
2021-ДЕ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР ОРЫН АЛМАҚ?

2021-ДЕ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР ОРЫН АЛМАҚ?

 

 

Әр жаңа жылдың өз берері бар.  Сиыр белгісіне дөп келген 2021 жылда да айтарлықтай  өзгерістер орын алмақ. Өйткені,  2020 жылы Қазақстанда  азаматтардың өміріне бірқатар өзгерістер енгізетін бірнеше қаулылар мен заңдарға қол қойылған болатын.  Солардың бірқатарына тоқталып өтелік.

 

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНАН АҚША АЛУҒА БОЛАДЫ

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға қол қойды. Осыған сәйкес 2021 жылдың қаңтар айынан бастап зейнетақы мөлшері 7 пайызға өсті. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 1 689 теңгеге, яғни, 18 524 теңгеге дейін ұлғайды. Зейнетақының ең төменгі мөлшері 4,6 мың теңгеге ұлғайып, 43 272 теңгені құрайды. Әйелдер үшін зейнетке шығу жасы 60 жас деп белгіленді. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы зейнетке шығу жасы 59 жарым жас деңгейінде анықталды. Ерлер үшін  зейнетке шығу жасы 63 жас боп қала бермек. Сонымен қатар, сиыр жылынан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалана алады. 2021 жылы мұндай мүмкіндікке 721 мың адам ие болады. Азаматтарға шоттағы зейнетақының бір бөлігін баспанаға, емге және қаржы компаниясына басқаруға беру үшін жұмсауға рұқсат етіледі. Зейнетақы жинағын жұмсау үшін шоттағы ақша жеткілікті соманы құрауы тиіс. Мәселен, 30 жастағы адам үшін жеткіліктілік шегі – 2 миллион 518 мың теңге, яғни әр жас үшін әр түрлі. Айта кетелік, зейнетақы қорынан ақша алу үшін арнайы сайт іске қосылды.  Бұл үшін міндетті түрде ЭЦҚ болуы қажет.

 

ЖАЛАҚЫ ЕСЕЛЕНДІ

2021 жылдың 1 қаңтарынан мұғалімдердің жалақысы тағы да 25%-ке  өсетінін мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа жолдауында жария еткен еді. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің  айлығы да кезең-кезеңмен артады. Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай ақ халаттылардың еңбекақысы шамамен 550 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, қаңтардан бастап әлеуметтік қызметкерлердің де айлығы өседі. Атап айтқанда, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде, уақытша болу мекемелерінде жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер мен басшылық құрамның, сондай-ақ үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы ұлғаяды. Еңбек министрлігінің ақпаратынша, 2021 жылдан лауазымдық жалақыны ұлғайту жолымен жалақы 1,5 есеге, 2022 жылдың 1 қаңтарынан қазіргі мөлшерден 1,75 есеге, ал 2023 жылы 2 есеге өседі. Бұл үшін республикалық бюджеттен алдағы үш жылға 95 миллиард теңге қарастырылған.

 

КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІ, АЕК ЖӘНЕ ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ

2021 жылдан бастап жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткіш  2 917 теңгені құрайды. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге болып бекітілді. Биыл ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 668 теңге болған еді. Ал ең төменгі жалақы өзгерген жоқ – 42 500 теңге. Бұдан бөлек, әскери қызметшілерге (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) және арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақының айлық мөлшері 3 739 теңге сомасында болады.

МЕДСАҚТАНДЫРУ: ЖАРНАНЫ ҚАЛАЙ ТӨЛЕЙДІ?

Учет.kz. деректері бойынша 2021 жылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарының мөлшерлемесі жұмыс берушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін және мемлекет есебінен артады. Биыл 1 АЕК – 2917 теңге. Бұл – республикалық және облыстық маңызы бар қалалардағы баға. Ал басқа елді мекендердегі бірыңғай жиынтық көлемін төлеушілер оның жартысын, яғни 1458,5 теңге төлейді. МӘМС-ке жарна төлейтін басқа санаттағы азаматтардың төлемі сол қалпында сақталған. Айталық, жұмыс істейтін тұрғындар жалақының 2%-ы мөлшерінде төлейді. Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығы иелері, жеке практикамен айналысатын тұлғалар ең төменгі жалақының 5%-ы мөлшерінде жарна құяды. 2021 жылы ең төменгі жалақының мөлшері өзгерген жоқ, сол 42 500 теңге көлемінде қалды, демек, бұл санаттағы азаматтардың да сақтандыру қорына беретін жарнасы бұрынғыдай – 2975 теңге. Азаматтық-құқықтық негізде шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар табысының 2%-ы мөлшерінде жарна салады, ең жоғарғы төлем – 8500 теңге. Жарнаның қомақты бөлігін жеңілдігі бар 15 санат үшін мемлекет төлейді. Бұл тізімде балалар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен қатысушылары, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декреттік демалыстағылар, мүгедектер мен балалық шақтан мүгедек азаматтардың күтушілері, студенттер, т.б. бар.

КӨЛІК САЛЫҒЫН ТӨЛЕУ МЕРЗІМІ ҰЗАРТЫЛДЫ

Жаңа ережелер бойынша көлік салығын төлеу мерзімі ағымдағы жылдың 31 желтоқсанынан келесі жылдың 1 сәуіріне ауыстырылады. 2021 жылы 2020 жылғы міндеттемелер бойынша жеке тұлғалардың мүлік салығы мен жер салығын біріктіру көзделген, салықтар қазіргідей бөлек есептеледі, бірақ салық төлеушіге төлеуге бір сомамен ұсынылады. Сондай-ақ, 2021 жылы көп пәтерлі тұрғын үйлердің иелері үшін жер салығы алынып тасталады.

 

Ғаламтор ақпараттарын екшеген Арайлым МАРАТҚЫЗЫ