Аудан басшысы Нұрлан Рахымжановтың 2021 жылғы 22 ақпанындағы өкімімен Мейрамбек Аққалиев аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды.
Мейрамбек Аққалиев — осы елдің тумасы.1983 жылғы 1 қарашада Сайқын ауылында дүниеге келген.
Бiлiмi – жоғары. М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ін тәмамдаған. Тарих, құқық және экономика негіздері пәнінің мұғалімі.
Еңбек жолын Оралда «Ақжайық» жеке қорында ЭЕМ- ның бас операторы қызметінен бастаған. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілін Бөкей ордасы ауданының ішкі саясат бөлімінде жетекші маман лауазымынан бастаған.
Әр жылдары аудандық мәслихат аппараты, құжаттармен қамтамасыз ету және қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Орда ауылдық округінің әкімі, Сайқын ауылдық округі әкімі, — «Nur Otan» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
Аудан әкімі Н.Рахымжанов:
— Бұған дейін де өзіңе тапсырылған күрделі қызметтерді абыроймен атқардың. Әлеуметтік мәселелер — күрмеуі қиын, ауқымы кең мәселелер. Назарда ұстайтын сала да көп, талап етілетін жауапкершілік те жеңіл емес. Осы қызметте де өзіңе артырылған үміт пен сенім биігінен шығады деп сенемін, — деп сәттілік тіледі.
Мейрамбек Аққалиев те өз кезегінде алғысын білдіріп, сенімнен шығуға, үміті ақтауға аянбай қызмет ететінін айтты.
Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ