1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Жәнібек ауылында шеру оздырылды. Орталық алаңға жиналған аудандық мекеме, білім беру ұйымдарының белсенді ұжым мүшелері көпшілікке таныстырылып, жетістіктері жалпақ жұртқа жария етілді.
Жәнібек ауданының әкімі Мұрат Мұқаев жиналған қауымға жарқын тілегін білдірді. Одан әрмен «Достық биінде» түрлі ұлыс өнерінің өрнегі жинақы көрініс тауып, бишілер әсем қимылмен көптің көңілінен шықты. Мейрам күніне лайықталған концертте жез таңдай әншілер Р. Кәрімов «Қазақстан», А. Есенғалиев «Отан-Ана» әндерін, Л. Бисекова өзбектің «Кетмасын», Т. Кафарова «Беу, айдайды» шырқады. Татар, орыс халқының, сонымен қатар «Шашу» билері ұсынылды.