5.05.2015, 7:48
Қараулар: 269
Смарт білім беру – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Смарт білім беру – ЗАМАН ТАЛАБЫ

сафуллин


Жақында №42 «Ақ ниет» гимназиясында «Педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесіне смарт білімді енгізу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған шараның негізгі мақсаты — біліктілікті арттыру жүйесінің әлеуеті арқылы Қазақстанда смарт қоғамды қалыптастыру үдерісін дамыту.


Конференцияға Корея, Жапония, Англия, Германия, Ресей Федерациясы, Украина, Беларусь, Түркия елдерінің педагог-ға-лымдары мен Қазақстанның барлық облыс педагогтары, аудан мұғалімдері, «ӨРЛЕУ» БАҰО АҚ-ның барлық қызметкерлері, қазақ-түрік лицейі және Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушылары қатысты.

Конференцияда сөз алған дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мектеп лицей-интернатының мұғалімі Мевлюд Аяз Түркиядағы смарт білім беру жүйесі туралы былай дейді:

— Түркияда мұғалімдер стажер мұғалім, жай мұғалім, маман мұғалім, бас маман мұғалім болып төрт санатқа бөлінеді. Бір жыл стажер мұғалім, жеті жыл жай мұғалім болады. Жеті жылдан соң маман мұғалім болуға өтініш береді. Түркияның белгіленген білім заңдары бойынша бар сынақтан өтіп, 60-тан жоғары балл жинаса, маман мұғалім болады. Әрі олар көп ұпай жинаған 20 мұғалімнің қатарына кіруге ұмтылады. Егер мұғалім магистратура бітірген болса, емтихан тапсырмайды. Бас маман мұғалім болу үшін де дәл солай тағы да жеті жылдан соң өтініш жазып, емтихан тапсырады. Егер мұғалім докторлық қорғаған болса, емтихан тапсырмайды. Бұл сында ұстаздар емтиханды үздік тапсырған алғашқы ондықтың қатарында болуға ұмтылады екен. Түркияда смарт білім беру бойынша 17 облыста 81 мектепте эксперимент жүргізілуде. Кабинеттерде керекті техниканың бәрі бар. Оқулықтар электронды нұсқада болғандықтан, оқушылар кітап алып келмейді. Олар тек рұқсат етілген сайттарға белгі-ленген уақытта ғана кіре алады. Смарт білім беру бойынша қолға алынған жоба өз жалғасын табуда, — деді Мевлюд Аяз мырза.

— Дәл осы бағыттағы конференция үшінші рет өткізілуде. Бұл конференцияның ерекшелігі, біз әлемнің 20-дан астам елдерін қамтыдық. Екі айдан бері көптеген педагогтар шет елдерден қатысып, конференцияға өз жұмыстарын ұсынуда. Конференция бір күндік, бір сәттік емес. Қаңтар айынан басталды. Арнайы сайтта платформа жасақталды, онда сегіз түрлі бас-ты мәзір бар. Сайтта конференцияға қатысушылардың сұрақтары, талдаулары, пікірталастарының бәрі орналасқан. Алдағы уақытта осы тақырыптағы талдау жалғасады. Күнделікті өмірімізге белсенді араласқан смарт техника құралдарын қолданба деп балаларға тыйым сала алмаймыз. Сондықтан біз смарт техниканы тиімді пайдалану жолдарын ұсынуды қолға алдық. Смарт техника бізде қалай дамып жатса, шет елдерде дәл солай дамуда. Оларда пайда болған жаңа смарт техника, бір аптадан соң бізге келе бастайды. Бұл – демократияның, өркениеттің оң ықпалы. Сондықтан біз шет елдердегі әріптестерімізбен тәжірибе алмаса отырып, смарт техниканы тиімді пайдалануды бірінші кезекте мұғалімдерге үйретудеміз, — дейді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары Елдос Сафуллин.

Конференция жұмысына 260 баяндама түсіп, 600-ден астам комментарий жазылған. Конференция барысында заманауи білім берудің әдістемесі, мазмұны және сапасы, смарт техниканы белсенді қолдануға бағытталған білім беру және оқыту әдістемесі, сандық білімдік контентті құру және пайдалану, инклюзивті білім беруде ақпараттық технологияларды қолдану, ауыл мектебі жағдайында ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдануда туындайтын мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Конференция аясында аймақтағы смарт технологияны пайдаланудағы жетістіктер туралы көрме көрсетілді.

Түстен кейін жалғасқан секциялық отырыстарда оқу үдерісінде смарт техникаларды кеңінен қолдану мәселелері бойынша педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету және инновациялық технологияларды қолдануда шетелдік тәжірибені зерттеу мәселелері қозғалды.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ