5.05.2015, 7:54
Қараулар: 267
Талай сарбазға ҒҰМЫР СЫЙЛАҒАН

Талай сарбазға ҒҰМЫР СЫЙЛАҒАН

IMG_9233


Әйел және соғыс. Бұлар бір-біріне қарама-қайшы ұғым. Әйел – ең  алдымен ана, ұрпақ жалғастырушы, отбасының ұйытқысы. Алайда 1941-1945 соғыс жылдары әйелдер ерлермен иық тірестіріп, күш біріктіріп фашизмді жеңу мақсатында күресті. Өз өмірлерін құрбан етіп, жаралыларды үйінділер мен ұрыс даласынан алып шығып, тіпті кейде өздері жан беріп жатты.


Соғыс жылдарының бар қиыншылығын бастан кешірген ол миллиондаған кеңес әйелдерінің қатарында Батыс Қазақстан медицина колледжінің оқытушысы Алевтина Тимофеевна Митрохина да болған еді. Ол Сталин-град қаласынан бастап Венгрияға дейін медбике ретінде ауыр да қанды жорыққа қатысты. Көптеген белгілі ұрыстарда алдыңғы шепте болды. Медициналық қызмет сержанты Митрохина Алевтина ерлігі мен жанкештілігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Украинаны азат еткенге 60 жыл», «Кеңес Одағының Маршалы Г. Жуков», «Ерен еңбегі үшін» және т.б. медальдармен марапатталады.

Соғыс басталған кезде Алевтина 8-сыныпты ғана бітірген еді. «Жексенбі күні құрбыларыммен шомылудан келе жатыр едім. Алаңда халық жиналып тұр екен. Сол жерде таңғы сағат 4-те соғыс басталғандығын естідік. Мен әйелдердің жасқа толы жанарлары мен ерлердің сұсты жүздерін көрдім. Адамдар алаңнан тіке аудандық әскери бөлімге барып, майданға сұранды» — деп еске алады ол.

Бойжеткен қыз мектептегі оқуын тастап, әскери госпитальға санитарка болып орналасып, кешкі медбике курсында оқиды. Курсты бітіргеннен кейін бірден Сталинград түбіндегі медсанбатқа жіберілген болатын.

Жеңіс күнін Алевтина Тимофеевна Будапешт қаласында қарсы алды. 9 мамыр күні таңмен пәтердің қожайыны келіп терезе қағып, «Русская барышня, война капут, Гитлер капут» деп айқайлағаны оның есінен еш кетер емес. Қуанышында шек болмады. Мыңдаған адамдар көшеге шығып қуанып, құттықтап жатты. Барлығының көздері қуаныш жасына, шаттыққа толы болды.

Соғыс аяқталған соң Алевтина Тимофеевна фельдшерлік-акушерлік мектепте лаборант болып жұмыс жасады (сол кезде Батыс Қазақстан медициналық колледжі солай аталды) және сонымен бірге жалпы тәжірибедегі медбике мамандығы бойынша сырттай 4 жылдық оқу оқыды. Бітірген соң оқу орнында ұстаздық қызметке қалдырылды. Зейнетке шыққанша, 30 жылдан астам «Науқастарға күтім көрсету» және «Хирургия бойынша клиника алды тәжірибе» пәндері бойынша дәріс оқыды. Майданда алған білімін пайдаланып отырды. Студенттердің бойында мейірімділік, әдептілік, шыдамдылық, өз кәсібіне деген сүйіспеншілік қасиеттерін тәрбиеледі. Куратор ретінде болашақ медбикелердің сыртқы келбетіне, әдебіне ерекше назар аударды. Қолы қалт еткенде, майдандағы медбикелердің өмірі, олардың қажыр-қайраты мен Отан үшін жасаған ерліктерін үлгі етіп айтып отырды.

Орта буын медицина қызметкерлерін сапалы дайындаудағы жетістіктері үшін «КСРО денсаулық сақтау үздігі» және «Қазақстан денсаулық сақтау үздігі» төсбелгілерімен, «Көп жылғы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Екі рет Орал қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.

Зейнеткер Алевтина Тимофеевна өзінің еңбек ұжымын ұмытпайды, патриоттық тәрбие беру жөніндегі бірде-бір іс-шара оның қатысуынсыз өтпейді. Құрметті ардагер жас ұстаздармен үнемі тығыз қарым-қатынас жасап, жас ұрпақты тәрбиелеудегі өзінің көп жылғы тәжірибесін оларға беруге тырысады. Ол – 1969 жылдан бері өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берумен айналысатын «Фронтовичка» әскери әйелдер клубының мүшесі. Облыстық ардагерлер ұйымы Президиумының мүшесі 2004 жылы Алматы қаласында өткен соғыс ардагерлерінің республикалық конгресіне облыстан делегат болып барды.

2005 жылы Жеңістің 60 жылдық мерекесінде Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруіне қатысу мәртебесіне ие болды. Алевтина Тимофеевнаның ақындық дарыны да бар. 2003 жылы оның алғашқы өлеңдер жинағы шығарылды. 2005 жылы «Фронтовичка» клубына арнап шығарылған жинақтың «Этот день мы приближали, как могли» бөлімінде оның өлеңдері жарияланды.

Міне, бүгін өзінің 90 жылдық мерейтойы алдында өткенге ой жүгірте отырып, Алевтина Тимофеевна тағдырдың өзіне осындай бақытқа толы ғұмыр сыйлағанына шүкіршілік етеді. Бүгін ол – Жайық жұртына құрметті тұлғаның бірі, бақытты ана, әже.

А. ҚАБЫЛТАЕВА,

А. ОТАРОВА,

Батыс Қазақстан медициналық колледжінің оқытушылары


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар