Қазақтың өлең-жырлары, дастандары, шешендік сөздері, күмбірлеген күйлері қандай жағдайда да, табиғатпен тілдесу, қоршаған дүниені қадірлеу, соған ұқсауға ұмтылу арқылы туындаған.
Алысқа бармай-ақ қоялық, Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббатын жырлайтын халқымыздың жақұт жырын алайықшы. «Қыз Жібектің ақтығы – наурыздың ақша қарындай, ақ бетінің қызылы – ақ тауықтың қанындай, екі беттің ажары – жазғы түскен сағымдай» — деп термелетпеуші ме еді? Осы жырда Төлеген Жібекке ғашықтық үмітпен бағы өрлеген бұла шағында, табиғаттың сән-салтанатымен тамылжып, күн жарқырап тұрған тал түсте жолықпаушы ма еді. Ал бағы қайтқасын шара бар ма, күн бата, қараңғылық қаумалағанда, жарық дүниемен қоштаспай ма? Қай кезде де, өзін табиғаттан бөліп- жарып қарамаған халқымыз қуанышын да, қайғысын да, махаббатын да сол табиғаттың тілімен, табиғаттың көрінісімен суреттеп келіпті. Мұнда үлкен бейнелік мән жатыр ғой.
Таудың көркі – тасы мен бұлағы, көлдің көркі – жайқалған жасыл құрағы, адам көркі – шүберек, ағаш көркі — жапырақ, дала көркі — мал, қала көркі – тал. Ата-бабамыз мұны ежелден айтып кеткен. Мен де сондай көркі келіскен Нарынның жалпақ жонында туып-өстім. Сол Нарынға алғаш рет халқын әкеліп қоныстандырған хан алысқа атағы кеткен бір ақылман қариядан сұраған екен дейді бізге жеткен аңыз. «Сізге халқымның Ақ Ордасына (Астраханға) бірге сапарлайық дегенде бармадыңыз. Тұзды жерге тұз түсті Көк Орда тұрғызбақшымын, бірге барайық дегенде тағы бармадыңыз… Мына құмның ортасына Орда салып шақырғанымда келдіңіз. Мың мәрте рақмет!!! Көшпелі құм сізге несімен ұнады?..» – дегенде ақылман ақсақал айтқан екен: «Бұл жер халқымның қағанағы қарық болып, тұрмыс кешетін, жоқшылық көрмей дүрілдеп өсіп-өнетін жері болайын деп тұрғасын, келдім» – деген екен. Шынында да, сол өлкеден небір дүлдүлдер шықты. Қазақтың атын алысқа жеткізетін білімге жетелеген Жәңгір, еуропалық мәдениеттің дәнін сепкен Фатима, бірі күй атасы, екіншісі күй анасы Құрманғазы мен Дина, оның бер жағында өткен Бисен мен Сейітқали Меңдешев айта берсек, біртуар тұлғалар баршылық қой, бұл өлкеден, қазақтың бағына туып кеткен. Осындайда ойдан ой туады. Анабір жылдары қазіргі әкімдіктің айналасы ол кезде облатком – асфальт құрсанып жататын. Соның алдына Жәнібектен азамат басшы болып қанаттанған Нәжімеден Есқалиев қырмызы гүлдердің неше атасын еккізіп, көздің жауын алатындай жерге айналдырды. Сол жер көргеннің көзін суырып, әлі құлпырып тұр.
Шіркін, жоғарыда айтқан қырмызыдай құлпырған Нарынға енді уайым болып тұрғаны – судың тапшылығы. Бізге жеткен деректерге қарағанда, Нарынның жер асты сулары көп төмен түсіп кеткен. Соған қарамастан бұл жерден Жәнібек пен Сайқынға, тағы басқа елді мекендерге су тасылып жатыр. Мұны тоқтатып, қайта сол Орданың өзіне бағыттау керек сияқты тіршілік көздерін. Бұған эколог мамандар, ғалымдар не дейді?..