21.05.2015, 7:10
Қараулар: 365
4 айда 5 бүлдіршін МЕРТ БОЛДЫ…

4 айда 5 бүлдіршін МЕРТ БОЛДЫ…


Ел болашағы — бүгінгі жастарға байланысты. Сондықтан ертеңгі күннің кірпішін қалайтын өскелең ұрпақ тәрбиесі қашан да басты назарда болуы тиіс.


Таяуда №49 «Ақниет» мектепке дейінгі ұйымында өткен Орал қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығы және оларды қорғау ісі жөніндегі комиссия мәжілісінде осы мәселе сөз болды.

«Мектепке дейінгі жастағы балалар құқықтарының кешенді түрде жүзеге асуы: тәжірибе және жобалар» атты тақырыпта өткен жиынды ашқан қала әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиев бала тәрбиесінің маңызына тоқталып, еліміздің болашағын жасайтын жастарды кішкентай кезінен салауатты, отаншыл етіп тәрбиелеуге күш салу қажеттігін айтты. Балабақшалардағы тәрбие жұмысын жетілдіру мақсатында көшпелі комиссия отырысын алдағы уақытта қаланың өзге де балабақшаларында ұйымдастыру жоспарланып отырғанын жеткізген ол жиын барысында мектепке дейінгі бірнеше үлгілі ұйым басшысының баяндамасына құлақ түрді. Жиында сөйлеген Орал қалалық білім бөлімінің бас маманы Майнұр Төлешова қаладағы мектепке дейінгі ұйымдарда жүзеге асырылып жатқан тәрбие жұмысы жөнінде баяндаса, №46 және №49 балабақша меңгерушілері Жанаргүл Нағымова мен Қарлығаш Арыстанова өз мекемелеріндегі тәрбие жұмысының ерекшеліктері жөнінде әңгімеледі. Майнұр Тілекқызының айтуынша, қазіргі таңда қаладағы мектепке дейінгі 50 ұйымда 11 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Қала балабақшаларының 27-сі  (54 пайыз) мемлекеттік тілде, 23-і (40 пайызы) аралас тілде  тәрбие береді. Бұлардың ішінде мектепке дейінгі тоғыз мекеме (№8, 22, 24, 29, 39, 40, 43, 44, 45) 318 балдырғанға инклюзивті білім береді, балабақшаларға, жаңа технология, оның ішінде Монтессори технологиясы енгізілген.  Монтессори технологиясы дегеніміз – бұл балаларды тәрбиешінің нұсқауымен емес, өз еркінде тәуелсіздік рухында тәрбиелеу. Авторының есімін иемденген бұл бағдарламаның мақсаты – даму мүмкіндігі шектеулі балалардың бойында ұсақ қол моторикасын дамыту.  Осы технология  бойынша 2011 жылдан бері  жұмыстанып келе жатқан №45 «Нұрсәт» бөбекжайы (директоры Шәкиза Сағынғалиева) бүгінде жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Мұнда тәрбиеші-мамандар тірек-қимыл қозғалыс аппараты бұзылған және дауна синдромды балаларды ұсақ қол әрекетіне бағытталған ойын түріндегі жаттығуларды жасату арқылы оларды өздері киінуге, есікті ашып-жабуға үйретеді. Сондай-ақ бірыңғай заттарды бөлек  жинау немесе лентаны өру, санау арқылы баланың ойлау жүйесін дамытады.

Оның сөзін жалғастырған №46 мектепке дейінгі ұйым меңгерушісі Жанаргүл Нағымова салауатты ұрпақ тәрбиелеу үшін отбасы мен бөбекжай арасындағы қарым-қатынасты реттеу керектігін айтып, әріптестерінің назарына ата-аналармен жұмыс әдістемесін ұсынды. Оның сөзін мұқият тыңдап отырған Марс Сатыбалдиев аталмыш ұжымдағы кеңес беру пунктінің қызметіне ерекше қызығушылық білдіріп, осындай әдісті өзге де балабақша жұмысына енгізу керектігін  тапсырды. Бұдан кейін сөйлеген №49 «Ақниет» мектепке дейінгі ұйымының басшысы Қарлығаш Арыстанова ата-аналардың педагогикалық мәдениетін көтеру жөнінде айтып, балабақша мен отбасының бірлесіп істеген жұмысы қашан да нәтижелі болатынын тілге тиек етті. Аталмыш мекеме әр баланың отбасымен келісімшартқа отырған. Бұл құжатта ұйым мен ата-аналардың міндеті анық жазылған. Қазіргі таңда мекемедегі тәрбие жұмысы осы құжат негізінде жүзеге асырылуда. Сөзінің соңында ол ата-аналармен жұмыс нәтижесін зерттеу қорытындысын жиналғандар назарына ұсынды. Балабақша жетекшісінің айтуынша, ата-аналардың 44 пайызы балаларын кереуетте немесе үстелде жалғыз қалдыруға болмайтынын білмейтін көрінеді, 39 пайызы кішкентай сәбилерін үй жануарларымен қалдыруды дұрыс деп санаса,  14 пайызы балаларын үйлеріне қараусыз қалдыруға қарсы емес, тағы 3 пайызы  ұйықтап қалған балаларын көлікте жалғыз қалдырып жүре береді екен. Мұндай жағымсыз әдеттің бала өміріне өте қауіпті екенін айтқан Қарлығаш Ғинатоллақызының пікірін облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Айнаш Ғұбайдуллина мынандай нақты деректермен толықтырды.

Маманның сөзінше, балалар арасындағы өлім-жітімге негізінен түрлі жағдайда жарақат алу жағдайы себепші болады. Мысалы, өткен жылы 5 жасқа дейінгі 19 баланың ажалы жарақат алудан болды. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 4 айында тіркелген бес  баланың өлімі де осы жағдайдан болып отыр. Бұл жөнінде таратып айтар болсақ, 4 жастағы балаға қолайсыз қойылған теледидар құлап, ашық ми жарақаты салдарынан ойнап жүрген бүлдіршін кенеттен қайтыс болды. 2 жасар бала да үлкендердің қадағаламауы салдарынан үстіне үстел құлап, мерт болды. Ал 1 жас 5 айлық сәби тамақ ішіп отырып, қайнатылған құманды тартып қалған. Нәтижесінде оның тыныс жолдарына қайнаған су құйылып кетіп, бала сол жерде өмірмен қоштасты.

10 айлық нәресте қараусыз қалдыру салдарынан шелектегі суға түсіп кетіп көз жұмса, 2 жастағы сәби сағызға қақалып,  тыныс жолдарын бітеуі салдарынан ажал құшты.

Айнаш Жұбанышқызы келтірген жоғарыдағы ақпаратқа алаңдаушылық білдірген қалалық білім бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова жиын соңында мектепке дейінгі ұйым басшыларына денсаулық сақтау басқармасы маманының нақты деректерін ата-аналар назарына ұсынуды тапсырды.

Айша   ӨТЕБӘЛІ,

«Орал   өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар