21.05.2015, 7:37
Қараулар: 612
90 шақырым жол жөнделмек

90 шақырым жол жөнделмек

00000


Сейсенбіде «Қазақстан-Орал» телеарнасында  өткен брифингке облыстық жолаушылар көлігі  және аутомобиль жолдары басқармасының басшылары қатысып, аталмыш мекеменің өткен жылы тындырған шаруасы мен биылғы жұмыс жоспары жөнінде баяндады.


Басқарма басшысының орынбасары Асқарбек Жақсығұловтың айтуынша, облыс аумағында 6 530,55 шақырым аутожол бар, соның ішінде 1 287 шақырымы республикалық, 5 243,55 шақырымы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Өткен жылы облыстық және аудандық маңызы бар аутомобиль жолдарын жөндеуге барлығы 7 206,65 млн. теңге бөлінді. Оның 4 275,15 млн. теңгесі облыстық бюджет есебінен бөлінсе, қалған 2 931,5 млн. теңге республикалық бюджет үлесінде.

– Аталған қаражатқа 60,9 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті және алдыңғы жылдарда жөндеуі басталған нысандарды қоса есептегенде, пайдалануға барлығы 82,8 шақырым аутожол тапсырылды. Облыстық бюджеттен бөлінген 4 275,15 млн. теңгеге Ақсай – Шыңғырлау аутожолының 69-86 шақырымы, Жымпиты – Қаратөбе бағытындағы жолдың 95-103 шақырымы, Чапаев – Жаңақала – Сайқын бағытындағы жолдың 76-113 шақырымы, Аңқаты – Сарыөмір жолының 52-64 шақырымы, Алғай – Жалпақтал – Жұлдыз – Қарасу аутожолының 148 шақырымындағы және Макаров ауылына кірме аутожолының 11 шақырымындағы жасанды имараттар күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ облыстық және аудандық маңызы бар аутомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау  жұмыстары жүргізілді. Ал республикалық бюджеттен бөлінген 2 931,5 млн.теңгеге Жымпиты – Қаратөбе бағытындағы аутожолдың 80-87 шақырымы қайта жаңғыртылып,  87-95  және 95-103 шақырымы  күрделі жөндеуден өтті. Деркөл ауылынан Орал – Тасқала – РФ шекарасы аутожолы қиылысына дейінгі 7,8 шақырым жол да күрделі жөндеуден өтті. Бұдан басқа Алғай – Жалпақтал – Жұлдыз – Қарасу бағытындағы 71-73 шақырым жол және  Қараөзен ауылына кіретін жолдың 0-10 шақырымы (12 км) жөнделді, – деген Асқар Ғаділболатұлы  бұдан әрі ағымдағы жылдың жұмыс жоспарына тоқталды.

Оның сөзінше, аутомобиль жолдарын жөндеу бойынша биыл да ауқымды жұмыстар жоспарланған. 2015 жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға  5 857,8 млн. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 3 000,0 млн. теңге және облыстық бюджеттен 2 857,8 млн. теңге қарастырылды. Бұл қаржыға «Ақсай –Шыңғырлау», «Чапаев – Жаңақала–Сайқын» аутожолдарына  жөндеу жұмыстарын аяқтап, «Жымпиты – Қаратөбе», «Орал – Кирсанов», «Ақсай – Шыңғырлау», «Бұлдырты ауылына кірме жол» және «Аңқаты – Сарыөмір» аутожолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Жоғарыда көрсетілген жоспардың орындалуы барысында шамамен 90 шақырымнан астам облыстық және аудандық  маңызы  бар  аутожолдар  жөндеуден  өтпек.

Бұдан кейін сөйлеген аталмыш басқарманың жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Марат Түрікпенов дәл қазіргі уақытта  облыста 5 халықаралық, 2 облысаралық, 35 қалалық, 41 облысішілік,  23 ауданішілік  тұрақты аутобус маршруттары жұмыс жасайтынын айтты. Оның сөзінше, тұрақты аутобус маршруттарына 13 тасымалдаушы кәсіпорын қызмет көрсетеді. Орал қаласының аутобус маршруттарында 676, облысішілік маршруттарда 151 аутобус жұмыс жасайды. Орал қаласында  521 таксиі бар  35 такси компаниясы қызмет көрсетеді  және аудандарда 33 такси компаниясы жолаушылар тасымалымен айналысады. Облыстағы  445 ауылдық елді мекеннің 235-і, яғни 52,5 пайызы аутобус қатынасымен қамтылған. ҚР көлік инфрақұрылымы жүйесін дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі  мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2020 жылға дейін облыс аудандарында 2 автостанция, 7 жолаушыларға қызмет көрсету пунктін және 15 такси тұрағын  салу көзделген. Қазіргі таңда Тасқала ауылында «Жубаншалиев С.Г» жеке кәсіпкері автостанция ашып, былтырдан бері аудан халқына қызмет көрсетуде. Бұдан басқа облыс орталығын шалғай аудандармен байланыстыратын «Шыңғырлау – Орал» және «Сайқын – Орал» автобус маршруттары жұмыс істей бастады.  Нәтижесінде ағымдағы жылдың  І тоқсанында облыс көлігімен 103,0 млн. адам және 8,6 млн. тонна жүк тасымалданған. Сондай-ақ осы кезеңде жүк айналымы 522,6 млн. тонна-км құраған. Жоғарыдағы көрсеткіштер бұл бағыттағы жұмыстың биыл жандана түскенін көрсетеді.

– Жолаушы тасымалының сапасын арттыру мақсатында өткен жылы жолаушылар тасымалында 4 маршрут, атап айтсақ, «Тайпақ – Орал», «Жаңақала – Орал», «Жәнібек – Орал», «Қаратөбе – Орал» (бұл маршруттарды «Қазақстан-Елім» және «АзияЭкспресАвто» ЖШС жүзеге асырды) субсидияланды.

Бұған облыстық бюджеттен 30,0 млн. теңге бөлініп, ол толық игерілді. Әлеуметтік маңызы бар аутобус маршруттарын субсидиялау бағдарламасын іске асыру биыл да жалғасын тапты. Осы мақсатқа ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 15,0 млн. теңге бөлініп, «Тайпақ – Орал», «Жаңақала–Орал»,  «Жәнібек – Орал», «Қаратөбе – Орал», «Қазталов – Орал», «Орал – Шыңғырлау» бағытындағы 6 маршрут субсидияланды. Көрсетілген бағыттағы маршрутты «Қазақстан-Елім» ЖШС және «Абубакиров» ЖК-ға қарасты аутобустар жүзеге асырады. Демеуқаржы ретінде бөлінген қаражаттың 12,9 млн. теңгесі игерілді.

Тағы бір айта кететін жәйт, жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында қалада «УралТехСервис» ЖШС мен «№1 жолаушы аутокөлік мекемесі» ЖШС-да көліктерді диспетчерлік сүйемелдеу орталығы ашылды. Кейбір қалалық маршруттар GPS навигациялық құралдарымен жабдықталған, бұл олардың жұмысын алыс қашықтықтан  бақылау мүмкіндігін береді. 2013-2014 жылдары қалалық тасымалдаушы кәсіпорындардың аутобус парктері едәуір жаңартылды, 100 бірліктен астам жаңа аутобустар сатып алынды, соның арқасында жолаушылар тасымалында қызмет көрсету деңгейі артты.

Облыстық бюджеттен әлеуметтік маңызы бар «Орал – Озинки» және «Орал – Шыңғырлау» бағытындағы пойыз маршруттары да субсидияланды. Биыл облыс қазынасынан әлеуметтік маңызы бар «Орал – Озинки» және «Орал – Шыңғырлау» бағытындағы пойыз маршруттарына 120,0 млн. теңге көлемінде субсидия  бөлініп, оның  29,0  млн.  теңгесі  игерілді.

Ал әуе көлігіне келетін болсақ, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің тапсырысымен Орал қаласы әуежайының жасанды ұшуқону жолағын жаңғырту жұмыстары басталғанын білесіздер. Қаржыландырудың жалпы көлемі келісімшарт бойынша 6 323 млрд. теңгені құрайды. Жолақты жаңғырту жұмыстары өткен жылы  қыркүйекте басталып, 1-кезеңі аяқталды. Қазіргі қолданыстағы жолақты жөндеу (2400 м), бетон қабатты  тегістеу (қалыңдығы 8 см), бетон жамылғыны қалыңдату (қалыңдығы 30 см), апатты-құтқару станциясының ғимаратының іргетасын, су-дренаж желілерін монтаждау, ішкі электр және байланыс желілерін жөндеу жұмыстарын жүргізуге 3,793 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Биыл мамыр айынан бастап  әуежайдың жасанды ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі басталды. Бұл жолы әуежайдың жасанды ұшу-қону жолағын ұзарту (2400 м-дан 2800 м-ға дейін) және жолақты 3 метрге кеңейту (42 м-дан 45 м-ға дейін) көзделіп отыр. Осы жұмысты жүргізу үшін ағымдағы жылы 2,530 млрд. теңге бюджет қаржысын  игеру жоспарлануда, – деген Марат Серікұлы алғашқы жаңғырту жұмыстарынан кейін Орал қаласы арқылы  Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалалары бағытындағы ұшулардың жалғасқанын айтты. Оның сөзінше, биыл қаңтардан бастап  «Эйр Астана» әуе компаниясы «Алматы – Орал» маршруты бойынша «Ембрайер» әуе кемесімен ұшуларын бастаған.

Жиын соңында журналистер баяндамашыларға жол құрылысы бойынша қосымша сұрақтар қойды.

Роман КОПНЯЕВ, «ТДК-42» телеарнасының тілшісі:

– «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қандай жолдар жөнделеді? Және оған бөлінген қаражат көлемі жөнінде айтып бер-сеңіз?

Асқарбек ЖАҚСЫҒҰЛОВ, облыстық  жолаушылар  көлігі және  аутомобиль  жолдары басқармасы  басшысының орынбасары:

– «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңыздағы  «Орал – Тасқала» аутожолы жөнделуі тиіс. Жоспар бойынша аталмыш жолдың 4-104 шақырымы жаңғыртылмақ. Ресей Федерациясы аумағына дейінгі 100 шақырым жол кезең-кезеңмен жөнделеді. Күні бүгін бұл жұмысты жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 3 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражат,  шамамен  11 шақырымдай жолды жөндеуге жетеді.

Эльмира РАХМЕШОВА,

«ТДК-42» телеарнасының тілшісі:

– Ескі  жолдарды  қайта  жаңғырту барысында бұрынғы материалдарды  қайда  жібересіздер?

– Жолдарды орташа жөндеу барысында ескі жолдың беткі қабаты қырылып алынады да, соған қиыршықтас, цемент сияқты құрылыс материалдарын қосып, қайтадан пайдаланады, яғни осы қоспамен жол бетін тегістейді.

Осындай жолмен жаңғыртылған жолдар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда мықтырақ болады және қаражатты үнемдеуге де мүмкіндік береді. Күрделі жөндеуге қарағанда мұндай орташа жөндеу жұмысы анағұрлым тиімді, өйткені бұған қаражат  екі  есе  аз  жұмсалады.

Лұқпан АХМЕДИЯРОВ,

«Уральская неделя»

газетінің тілшісі:

– Деркөл ауылы тұсындағы көпір құрылысы қашан басталады және құрылыс жұмысы кезінде жолаушылар тасымалы қалай ұйымдастырылады?

– Қазіргі таңда бұл жоба қарастырылуда, құрылыс мәселесі толық шешілген соң жолаушылар тасымалын тиісті орындар оң-тайлы  ұйымдастыратын  болады.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар