21.05.2015, 7:42
Қараулар: 476
Мол ырыздықтан үмітті

Мол ырыздықтан үмітті

56179685


Өңір диқандары көктемгі далалық жұмыстарды белсенділікпен жүргізуде. Өткен жылғы күзде жауын-шашын болмай, топырақтың ылғалы кем болды.


Соның кесірінен егінші қауым күздік дақылдардың егістігі көлемін сәл-пәл қысқартуға мәжбүр болды. Биылғы қыс оқтын-оқтын қалың қарымен қуантса да, көктемнің шуағымен жылдам еріп, көзден ғайып болды. Енді, міне, көктемгі «бесқонақтың» жиілеткен жаңбыры диқан қауымының көңілін күпті етті. Топырақтағы қара күздегі және қысқы мерзімнен қалған ылғалдың кем-кетігін толтырғандай. Сондықтан «Көктемнің әр күні жылға азық» деп есептейтін шаруалар барынша қимылдап, өнікті еңбектенуде.

Бірнеше жылға созылған қуаңшылықтың салдарын ұсақ шаруашылықтар тартудай-ақ тартып келді. Сондықтан олардың бірқатары егіншіліктен үміт үзсе, енді бірі мал азықтық және майлы дақылдар өсіруге ден қойып отыр. «Табиғаты күрт континентальды біздің облыстың жағдайы ескеріле келе, биыл ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдігі, «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі» АҚ және «Казагроинновация» АҚ арасындағы 2012-2016 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру туралы меморандумға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес өңірдегі дәнді және майлы дақылдардың егіс көлемдері азайтылды. Биыл дәнді дақылдар егістігі 320 мың гектар, майлы дақылдар алқабы 50 мың гектар шамасында болады.  Дәнді дақылдардың ішінде күздік дәнді дақылдардың үлесі арттырылатын болды», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Денис Омашев.

Облыста мал шаруашылығының қарқынды дамуына байланысты мал азықтық дақылдардың, яғни біржылдық және көпжылдық шөптердің, сүрлемдік дақылдардың көлемі ұлғайтылып, 2016 жылы 214 мың гектарға жеткізу жоспарланды. Мал азықтық дақылдар мал басын өсіруге игі әсерін тигізбек және сыртқы саудаға шығарылатын ет өнімдерін молайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірде картоп және көкөніс-бақша дақылдарының көлемі де арттырылып, 2016 жылы 12 мың гектарды құрайды деп жоспарланған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамырдың 15-і күнгі мәліметіне сүйенсек, биылғы көктемгі егісте 273,91 мың гектар жаздық дәнді дақылдар егу жоспарланып, ол 32,6 пайызға орындалған. Аудандардың арасынан Тасқала ауданы егіс жоспарын 47,7 пайызға, Теректі 46,1 пайызға, Шыңғырлау 41,5 пайызға орындап, көштің басында келеді. Соның ішінде жаздық бидай егу жұмыстарын шыңғырлаулықтар 60,3 пайызға, теректіліктер 46,8 пайызға, сырымдықтар 37,5 пайызға, тасқалалықтар 34,2 пайызға еңсерген. Арпа егу жұмыстары бойынша Тасқала ауданы (62,4 пайыз) алға шықса, одан кейінгі орында Бөрлі (46,5 пайыз), Сырым ауданы  (44 пайыз) тұр. Тары егуді тасқалалықтар 50 пайызға, сырымдықтар  27,5  пайызға  орындаған.

Соңғы мәлімет бойынша, бүгінде өңір диқандары жоспарлы жаздық майлы дақылдар егу жұмыстарын 31,8 пайызға орындаған. Шыңғырлау ауданы жоспарлы 3 мың гектар майлы дақылдардың 1,5 мың гектарын егіп, жоспарды 50 пайызға орталаған. Бөрлі ауданы 9,30 мың гектарға майлы дақылдар егуді межелесе, бүгінде соның 4,05 мың гектарына майлы дақылдар егіп, жұмысты әрі қарай жалғастыруда. Майлы дақылдар егістігі алқабының көлемі бойынша Зеленов ауданынан кейінгі орындағы Теректі ауданы жоспарлы 15,50 мың гектардың 5,24 мың гектарына майлы дақылдар егіп, жоспарды 33,8 пайызға еңсерген. Ал егістігінің көлемі жағынан бі-рінші орындағы (17 мың гектар) Зеленов ауданы майлы дақылдар егу жұмыстарын 27 пайызға (4,58 мың гектарын) игерген.

Мал азықтық дақылдардың егілу қарқынына тоқталсақ, облыс бойынша 68,77 мың гектардың 15,40 мың гектары егіліп, жоспарлы тапсырма әзірге 22,4 пайызға орындалған. Бұл көрсеткіш аудандар бойынша Бөрліде 44,1 пайызды, Сырымда 39,6 пайызды, Теректіде 33,8 пайызды, Шыңғырлауда 30,6 пайызды құрады. Көктемгі егіс жұмыстары  жалғасуда.

– Көктемгі далалық жұмыстарға облыстың барлық ауданы белсенділікпен қатысуда. Агрегаттар, жалпы жоспарланған техниканың қатысуы жаман емес. Тек жиі-жиі жауған жаңбыр егіс жұмыстарына кедергі келтіруде. Биылғы егін егу науқаны мамырдың басында басталды. Ауа райының реңі ашық болса, егін егуді мамырдың 25-іне қарай аяқтаймыз деп отырмыз, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Аманбай Отарбаев.

Өңір диқандары биыл егіннің шығымы мол болады деп үміттеніп отыр.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар