9.06.2015, 9:35
Қараулар: 226
Серіктестіктің дамуындағы жаңа белес

Серіктестіктің дамуындағы жаңа белес

фото Рафхата Халелова (7)


«Даму» қорының аймақтық бөлімшесі жанындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жаңа мекенжайға көшті. Соған орай өткізілген салтанатты шараға «Даму» кәсіпкерілікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов, мемлекеттік орган, қаржы институттарының өкілдері мен кәсіпкерлері қатысты.


— Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының Орал қаласының орталық бөлігіне орналасуы көпшілік үшін ыңғайлы болары анық. Сонымен қатар кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен және өзге де құрылымдармен арадағы байланыстың қолжетімділігін қамтамасыз етері сөзсіз. Бүгінгі салтанатты шарада «Даму» қоры бөлімшесінің ұжымына табыс тілей отырып, олар алдағы уақытта да өңіріміздегі кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарын белсенді түрде жүргізетіндігіне сенім білдіремін, -деді өз құттықтау сөзінде Игорь Стексов.

Айта кетейік, қаламызда аталмыш орталық 2013 жылдың желтоқсанында «Алгоритм» технопаркінде ашылған еді. Жұмыс жоспарға сай, жемісті жүргізілгенімен, оның орналасқан жерінің ыңғайсыздығына байланысты жұртшылықтан «Даму» қорының орталық аппаратына өтініш-тілектер көп түсті. Соған орай қор қаланың орталық бөлігінен өздеріне басыбайлы ғимарат алуға қаржы бөлді. Сөйтіп, аталмыш қор бөлімшесі мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Т. Масин көшесіндегі 67/2 мекенжайына көшті.

Жаңа мекенжайда да көрсетілетін қызмет түрлері бизнес жүргізудің барлық үрдісін қамтиды. Яғни бизнес-жоспар дайындау бойынша алғашқы кеңестен бастап, қызметкерлерді іріктеу, есеп-қисап, маркетинг, салық сынды мәселелердің бәрін қамтиды. Мұнда кәсіпкерлер «бір терезе» қағидасы аясында шағын және орта бизнесті өрістетуге бағытталған қолданыстағы барлық мемлекеттік қолдау шаралары, оларға қалай қол жеткізуге болатыны, қажет құжаттар жөнінде толық мәлімет ала алады. Өткен жылдың ақпанынан бастап әрбір сейсенбі күні он бес шақты мемлекеттік орган өкілдері қабылдау жүргізуді бастады. Қордың аймақтық бөлімшесінің директоры Ербол Иденовтың сөзіне қарағанда, былтыр 5,5 мыңға жуық кәсіпкерге кеңес берілді. Ал биылғы жылдың төрт айында 1,5 мыңдай кәсіпкер кеңес алды. Орталықтың көпшілікке ыңғайлы жерге орналасуының арқасында жыл сайын алты мыңнан аса кәсіпкерге «Даму» қорының алты, сервистік компаниялардың сегіз маманы кеңес беруге дайын. Демеуқаржыландыру мен кепілдендіру бөлімінің мамандары кәсіпкерлермен де, банктермен де жүйелі жұмыс істеуде. Енді олар қаржылардыру кезінде кәсіпкерлер қолдауды сезінуі үшін жобаларды екінші деңгейлі банктерге жолдау форматын өзгертуді ойластыруда.

Өз кезінде сөз алған Ләззат Ибрагимова жаңа мекенжайды таңдауда үш факторға назар аударылғанын айтты. Бұл таяуда көптеген сервистік бағдарламаны жүзеге асыру мүмкіндігі берілген аймақтық кәсіпкерлер палатасымен көрші орналасқандық. Серіктес-банктердің кеңселері де қашық емес және ыңғайлы логистика. Ендігі уақытта ауылдан келген ағайын кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына қалай барамын деп бас қатырмайды. Сөйтіп, бұл қадам серіктестіктің дамуындағы жаңа белес болды.

Ләззат Ибрагимова сондай-ақ аймақтық бөлімшенің облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық басқармамен, кәсіпкерлер палатасымен, екінші деңгейлі банктермен арадағы жүйелі жұмысына да тоқталып өтті. Бұл жұмыстың нәтижесінде моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында берілетін несиені демеуқаржыландыру бағытында Ақсай қаласы көшбастап келеді. Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттік қолдаудың осындай жүйелері барлық ауылда іске аса бастады. Яғни облыс орталығынан тысқары жерде қолға алынған жобалар салалық шектеулерге қарамастан, «Даму» қоры арқылы пайыздық мөлшерлемесінің 10 пайыз көлемінде демеуқаржыландыруға мүмкіндік алмақшы.

— Биыл моноқалалар бойынша жобалар көбеюде. Осыған орай Ақсай бойынша қаржы ресурстарының тапшылығын сезінудеміз. Бірақ бұл мәселе шешілуде. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, қажетті есептемелерді жасап, Ұлттық экономика министрлігіне жолдадық. Үкіметте Премьер-министрдің бірінші орынбасары деңгейінде моноқалаларды дамыту жөнінде кеңес өтті. Жалпы, қыркүйекке дейін қосымша ресурстар бөлінетін болады. Кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай бағдарламасын демеуқаржылау жөнінде айтатын болсам, қаржы әр мақұлданған жобаға жетеді. Грант мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Мысалы, сіздің облысқа осы жылы 41 өтінімге 11 миллион теңге бөлінді. Осылайша берілуі мүмкін жоғары шекті деңгейдегі грантқа 3 миллион теңгеден бөлінсе, қаржы 3-4 жобаға жетеді. Өзге аймақтарда да жағдай осындай. Біз барған барлық аймақта грантқа қаражаттың жеткіліксіздігі жөнінде мәселе көтеріледі. Осы мәселені Ұлттық экономика министрлігіне жеткіземіз. Өзіміздің тарапымыздан «Болашақ» қауымдастығы арқылы «Жас кәсіпкерлерді қолдау» деп аталатын жобаны жүзеге асырудамыз. Біз жоғары технологиялық бизнес жобаларын жүзеге асыруға қосымша гранттар бөлуді мақсат етіп отырмыз. Сонымен қатар жас кәсіпкерлер мектебі аясында қызықты жобаларды іске асыруды қаржыландыру үшін бизнес-әріптестерді тартудамыз, — деді Ләззат Ибрагимова.

Наталья ПОРТНЯГИНА


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар