25.06.2015, 7:17
Қараулар: 336
Болмысын батылдығы НҰРЛАНДЫРҒАН

Болмысын батылдығы НҰРЛАНДЫРҒАН

DSC_0154 (1)


«Бейбіт өмірде де кішігірім ерліктер жасауға болады. Ол үшін оның бойында туған ел мен жеріне деген ерекше сезім, өз ісіне шексіз адалдық керек», — деп Бауыржан Момышұлы айтпақшы, аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторының полицейі болып қызмет істейтін әріптесім Замирбек Машаев туралы өзгелерге үлгі ету үшін қолыма қалам алдым.


— Ол 1988 жылы Күйгенкөл ауылында дүниеге келді. 1994 жылы Ө. Сақыпов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, білімге құштарлығымен айналасынан ат оздырып, ерекшеленді. «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих», — деп Ахмет Байтұрсынов айтпақшы, Қазақстан тарихы пәнін ерекше сүйіспеншілікпен оқыған жас өрен рухы от, намысы шоқ батыр халқымыздың ізгі қасиеттерін тал бойына сіңіре білді. Орта мектепті аяқтаған соң, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің мұнай-газ факультетіне оқуға түсіп, 2009 жылы аталмыш оқу орнын тәмамдады. 2009 жылы желтоқсан айында әскер қатарына шақырылып, Тараз қаласындағы 5513 ішкі әскер бөлімінде азаматтық парызын өтеуге кірісті.

— 2010 жылдың 6 ақпанында наряд басшысы, кіші сержант Әлімбек Байтуов, қатардағы жауынгер, жерлесім Айбар Сағынғалиев үшеуміз Аса шағынауданында кезекшілік міндетімізді атқарып жүрдік. Бес қабатты пәтердің үшінші қабатынан «өрт» деп жанұшырған дауыс пен қызыл жалынды көрдік. Подъезге жүгіріп кірсек, жалындаған оттың жанында пәтердің есігін аша алмай, дағдарған адамдар мен іштен жылаған баланың даусын естідік. Есікті сындырып ашып ішке кіріп, үйелмелі-сүйелмелі үш қыз баланы алаулаған жалыннан аман алып шықтық. Өз күшімізбен ас үй мен балконды шарпыған өртті су шашып, өшіріп алдық. Соңынан белгілі болғанындай, өрт қолдан жасалған жылыту қондырғысынан шыққан екен, балалардың алды сегіз жаста, соңы жас жарымда еді. Әкелері қайтыс болған, аналары Гүлзахира Абдезова мейрамханада қызмет етеді екен. Бізге алғысын жаудырған ананың қуанышында шек болған жоқ.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі С. Баймағамбетовтың 2010 жылғы 25 ақпандағы №106 бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған үш батыл жігітке медальмен қоса 2010 жылы сәуір айында «Баласағұн» атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының ІІМ ішкі әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Р. Жақсылықовтың және Жамбыл облысының әкімі Қ. Бозымбаевтың алғысхаттары салтанатты жағдайда табыс етілді. Сондай-ақ Замирбектің аяулы анасы, ұстаз Жаңылсын Темешоваға «Қызметтік міндетін атқару кезінде нағыз ішкі әскер жауынгеріне лайық қырағылық танытып, бір үйдің үш баласын жалындаған өрттен құтқарып қалғаны үшін, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің өсіп-өркендеуі мен егемен еліміздің нағыз патриотының бейнесін қалыптастырудағы үлгілі ісі үшін ұлының мемлекеттік марапатқа ұсынылып, оған лайықты тәрбие бергені үшін» ризашылық білдірілген алғысхат жіберілді.

Әскер қатарынан босатылған соң полиция қызметкері болуға бекінген өрен құжаттарын жинастырып, 2011 жылы қыркүйек айында Атырау қаласында үш айлық курстан өтті. 2011 жылдан бастап Орал қаласындағы патрульдік күзет қызметінде қызмет атқарып, туған ауданына оралып, үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап уақытша ұстау изоляторының полицейі болып жұмысын атқарып келеді.

«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды», — деген халық батыры Бауыржанның сөзін әр қызметкеріміз бойтұмарына айналдыра білген ғой дейсің. Жұмысқа кіргеніне шамалы уақыт қана болса да, Замирбек жауапкершілігі мол, айтқан тапсырманы жедел орындайтын, қарапайым, адал жігіт екенін көрсете білді. Уақытпен санаспайтын, қауіп-қатер төнгенде басын бәйгеге тіге білетін осындай жігіттер ұжымның бет-бейнесін бедерлеп, мерейін тасыта бермек. Оның алдағы уақытта да іскерлігімен қызметтік сатыда өрлеп, биік белестерді бағындыра беруіне тілекшіміз.

Қазталовтық бойжеткен Әсия мен жарасымды отау құрып, Расул атты ұлын тәрбиелеп отырған Замирбек жоғары кәсіби білікті заңгер мамандығын игеруде.

«Қиындық деген қамал бар, Қайсарлар жарып өтетін. Еңбек деген бақыт бар, Ерінбеген жететін» демекші, халқымыздың өр-намысын серік еткен азамат толағай табыстарға жете бергей.

Бауыржан ОРАХАЕВ,

 Жәнібек аудандық ішкі істер бөлімінің

 кадр жұмысы жөніндегі аға инспекторы, полиция капитаны


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар