Бауыржан ОМАРОВ,
«Ақжайық» футбол командасының қорғаушысы:
Амплуа: сол жақ қанаттағы қорғаушы (№14)
Туған күні: тамыз айының үшінші жаңасы
Туған жылы: 1990 жыл
Туған жері: Ақжайық ауданындағы Қарауылтөбе ауылы
Руы – Алаша
Нағашы жұрты – Арғын
Бойы: 180 см
Салмағы: 77 келі
— Бауыржан бауырым, сені-мен сұхбатты жас футбол жұлдыздарына қояр дәстүрлі сұрақпен бастағалы отырмын. Сенің алдыңнан таңғажайып футбол әлемінің есігі қалай ашылды?
— Біздің отбасымыз 2000 жылы ауылдан Орал қаласына көшіп келді. Сабағымды Оралдағы №41 қазақ орта мектебінде жалғастырдым. Ауылдағыдай қалада да бір аулада тұратын балалармен доп қуып, футбол ойнай бастадым. Бірақ мен ол кезде орысша жөнді білмейтін едім, сол себепті соған қысылып, ауладағы қазағы бар, орысы бар, ылғи орысша сөйлейтін балалармен бірден емін-еркін араласып кете алмадым. Дегенмен менің футболды тым жақсы ойнайтынымды көргесін олар маған өздері іш тарта бастады. Сөйтіп жүріп бір-бірімізге бауыр басып кеттік. 2001 жылдан бастап Орал қаласындағы №4 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіндегі футбол үйірмесіне бара бастадым. Алғашқы бапкерім – Куденко Алексей Александрович. 2004 жылға дейін балалар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстарға қатысып, тіпті Ресейге дейін барып жүрдік. 2004 жылы Оралдың сол кездегі «Жастар» командасына, ал 2006 жылы қазіргі «Ақжайықтың» қосалқы құрамына шақырылдым. 2008 жылдан бері «Ақжайықтың» негізгі құрамындамын. 2012 жылы Қазақстан Республикасының жастар құрама командасына шақырылып, 2 ойын өткіздім.
Айтпақшы, футболға біржола ден қойғанша, Оралдағы «Олимп» бокс мектебінде бүгіндері еліміздің еңбек сіңірген бапкері, кәсіпқой бокстан Еуропа және әлем чемпионы Роман Кармазиннің алғашқы жаттықтырушысы Қуаныш Уахасовтың жетекшілігімен 7-8 ай бокспен шұғылдандым. Алайда бокс мені футболдай бірден үйіріп, еліктіріп алып кете қойған жоқ.
— Мен сені жасыл алаңнан көргелі бері сен қорғаушысың. Біз де бала кезімізден футбол ойнап өстік. Негізі балалар қақпаға тұруға, қорғаныста ойнауға онша құлықты бола бермейді. Әдетте бала біткен шабуылда атой салып, өзі гол салуға құмар…
— Мен әуелден қорғаушымын, ағай. Бірінші бапкерім әп дегеннен мені қорғаныс шебіне қойды. Рас, әуелкіде оң қапталда ойнадым. Бірақ бірер ойыннан кейін Алексей Александрович, «Баукебай, сенің оң аяғыңа қарағанда, сол аяғыңның тепкісі тегеурінді екен. Енді қорғаныстың сол жақ қанатын саған сеніп тапсырамын» деді. Содан бері қанша жыл өтсе де, мен осы позициядан айныған емеспін. Бапкерім дер кезінде байқаған, мен тамақты ғана оң қолыммен ішемін, қалған шаруаның бәрін негізінен сол қолмен атқарамын. Кішірек кезімде тамақты да сол қолмен ішетін едім. Бірақ бастауыш класта оқып жүргенде үйдегілер педагогтардың айтуымен тамақты оң қолмен ішуге дағдыландырды.
— Бауыржан, Қазақстан футбол федерациясының басшылығының ұйғарымы бойынша келесі жылдан бастап, бірінші топ командаларының құрамында шетелдік легионерлердің ойнауына тыйым салынбақ. Сен мұны құптайсың ба?
— Әрине, құптаймын. Өйткені әлгіндей қадам отандық футболшылардың бағын ашары кәміл. Әйтпесе, әжептәуір қарым-қабілеті бар өзіміздің біраз жігіт қосалқы ойыншылардың отырғышында отырып-ақ «кәрі қызға» айналып барады. Рас, кезінде «Ақжайықта» құрамында ойнаған Мозес Саки, Хаман Саджо, Якуп Хлебон секілді легионерлерден техникалық әдіс-тәсіл, тактикалық сауаттылық, спорттық режімді сақтауға жауапкершілікпен қарау сияқты мәселелер бойынша біздің де үйренгеніміз болды. Бірақ солай екен деп, өзіміздің жігіттердің талантын қосалқы құрамда тұншықтыруға болмайды.
— Арғы-бергі футболшылардан кім ерекше ұнайды?
— Бұл мәселеге келгенде, меніңше, әр футболшы алдымен өзінің жасыл алаңдағы орнына, яғни амплуасына қарап, «тон пішеді». Кезінде Мадридтің «Реалында» бразилиялық Роберто Карлос деген сол қапталда тасқамал қорғаушы болды. Робертоның қарсыласынан допты ойын ережесін бұзбай тартып алуы, дәл пас беруі, керек жерде шабуылдың отын шебер көсеуі, жүгіру ұшқырлығы, тіпті баспен ұтымды ойнауы және сол аяғының жойқын тепкісі оған қатысты жасыл алаңдағы пайдалы әрекет коэффициентін еселей түсетін. Алаңдағы ғаламат шеберлігіне қоса, Карлос өмірде балалар үшін көптеген қайырымдылық шараларға үнемі ұйытқы болып жүреді.
— Ал бапкерлерден кімді бөле-жара атар едің?
— Ұлыбританияның атақты футбол клубы «Челсидің» қазіргі бас бапкері Жозе Моуриньоны. Португалия құрамасының кезіндегі даңқты қақпашысы Феликс Моуриньоның ұлы бола тұра, Жозе Моуриньо бұл өзі жарытып футбол ойнап, жасыл алаңда жарқырап көрінбеген кісі. Бірақ біраз уақыт «кәрі құрлықтың» «Аякс», «Порту», «Бавария», «Барселона» сықылды әйгілі командаларының бас бапкерлері ретінде біраз жеңіс-жетістікке жеткен Бобби Робсон, Луи Ван Галь секілді дүние жүзіне танымал футбол мамандарының «барып кел, алып келдің» деңгейіндегі көмекшісі бола жүріп, Жозе Моуриньо көңіліне көп нәрсе түйгенге ұқсайды. Ол мықты психолог, керемет менеджер. Жозе Моуриньо қай футболшы қай позицияда ойнаса, командаға көп пайдасы тиеді, қай футболшы «Челсидің» жейдесін кисе, оған да, клубқа да тиімді, қай легионер беретінін беріп болды, босқа уақыт созбай, енді кіммен қош айтысқан жөн, міне, команда үшін осындай көкейкесті мәселелердің күретамырын дөп баса білетін кәнігі футболдық функционер. Ал өзімнің өмір жолымда жолыққан бапкерлерден 2013 жылы «Ақжайықтың» бас бапкері болған Погус Галстянның жігіттерді ойын алдындағы жігерлендіруі, намысты жанып айтар сөздері, көп сөзділікке ұрынбай, тап-тұйнақтай қылып нақты тапсырма беруі ұнайтын.
— Осыған дейін біздің газетте сенің командалас жора-жолдастарыңнан Руслан Хайыров, Элдар Абдрахманов, Мейрам Сапанов секілді біраз жергілікті футбол жұлдыздарымен сұхбат жарияланды. Осы азаматтардан әңгіме барысында, сөз арасында «Қай командаласыңды ерекше дос тұтасың?» деп сұрағанымызда, олардың барлығынан дерлік «Жігіттердің бәрімен жақсымын, әсіресе, Бауыржан Омаровпен әркез әңгімеміз жарасады» деген бағытта пікір естідік. Соған қарағанда сен мінезің жәйлі жігітсің-ау, Бауыржан?..
— Өзімнің мінезімді өзім мақтаған орынсыз болар. Мен де біздің клубтың құрамындағы барлық футболшымен жақсы қарым-қатынастамын. Ешкімді бөліп-жарып атай алмаймын, командаластарымның бәрін де сыйлаймын. Жігіттердің қай-қайсысы да жасыл алаңда команданың мүддесі үшін барын да, жанын да салады.
Жалпы, мен өмірде жайдарымын, ал алаңда байсалдымын. Ойыннан былайғы уақытта, әсіресе, дос-жаран, замандас құрбы-құрдастармен отырғанда өзім әдемі әзіл, орынды қалжыңға үйірмін. Яғни жастардың мәнерімен сөз саптар болсам, өз басым «прикол тастауға» бейім тұрамын. Бәлкім, әзіл-қалжыңға әуес болғандықтан мені жігіттер жандарына жақын тұтатын шығар…
— Әдетте танымал спортшылардың көбі сөзге шорқақтау келеді. Ал сен ана тілімізде керім жатық сөйлейсің…
— Бұл – ата-әжем мен әке-шешемнің тәлім-тәрбиесіне қоса, мектепте қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берген Төлегенова Жанат апайымыздың арқасы.
— Ата-анаң, жалпы сіздің отбасы туралы айтып өтсең?
— Мен ата-әженің бауырында өскен баламын. Сол себепті әңгімені үлкен кісілерден бастайын.
Атам Сатыбалдының мамандығы инженер-ді. Кезінде ауыл шаруашылығы саласында өз мамандығы бойынша жылдар бойы жемісті еңбек еткен атам 2008 жылы қайтыс болды. Ол өзі өмірден озғанша менің Оралдағы ойынымды жібермей, «Бүгін менің балам ойнайды» деп, матчты алаңға аяқтай барып көретін. Әжем Роза зейнеткерлікке шыққанша медбике болып қызмет істеді. Құдайға шүкір, әжем әлі бақуат. Алайда әжем атам құсап, алаңға бармай, футболды үйде отырып, теледидардан көреді, — деп бір жымиып қойды кейіпкеріміз.
Әкем Нұрлан кезінде футболмен де, бокспен айналысқан. Ол бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласындағы гидромелиорация институтын тәмамдаған. Анам Лаура да сол институттың түлегі. Өзімнен бес жас кіші інім Еркін биыл Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы медициналық университеттің үшінші курсын бітірді, болашақ хирург.
— Бауыржан, үй шаруасы бо-йынша ата-анаңа қолұшын беруге уақыт табыла ма?
— Менің ойымша, егер адамның өзінің ынта-ықыласы болса, бәріне уақыт табуға болады. Бұрындары біз көп қабатты, көп пәтерлі үйде тұрдық. Ондай мекенжайда анда-санда кілем-алашаны аулаға шығарып, шаңын қағу болмаса, ер балаға көп жұмыс бола бермейді ғой. Ал соңғы бірер жылдан бері біз Асан ауылында жер үйде тұрамыз. Аулада бау-бақшамыз бар. Біздің аулада алма, өрік, шие секілді жеміс ағаштары өсіп тұр. Сонымен қатар жылма-жыл аулаға таңқурай, құлпынай, қияр-қызанақ секілді көкөніс түрлерін егеміз. Қолым қалт етсе, ата-анама көктемнен күзге дейін жер баптауға, бау-бақша суарып, оны арам шөптен арылтуға міндетті түрде көмектесемін.
— Футбол жұлдыздарының жеке өміріне қатысты жаңалықтар да жанкүйер қауымның назарынан тыс қалмайды ғой, Бауке. Осыдан бірер ай бұрын сен құда түсіріпсің, алдағы қарашада үйлену тойың болатын көрінеді. Болашақ қалыңдығың саған қандай қадір-қасиетімен ұнады?
— Иә, мамыр айында ата-анам болашақ құда-құдағиының алдынан өтіп, құда түсіп, келешек келіндерінің құлағына сырға салып қайтты. Қалыңдығымның есімі – Гүлфиза.
Қазақта «Анасын көріп, қызын ал, ыдыс-аяғын көріп, асын іш» деген мақал бар ғой, мен әуелі Гүлфизаның ата-анасы туралы «Өте тамаша кісілер, өнегелі жанұя, берекелі отбасы» деген мақтаулы пікірлерді көп естідім. Сосын Гүлфизаның сұлулығы мен сымбатына қоса, оның өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы шынымен де менің қалыңдығымның жақсы тәрбие алғандығын дәлелдей түсті. Өз басым Гүлфизаның болашақта үлкенді сыйлай білетін, менің әжемнің, ата-анам мен ағайын-туысымның, дос-жаран, жора-жолдастарымның көңілінен шығатын мақтаулы, сыйлы келін болатындығына нық сенімдімін.
— Сенімің алдамасын, Бауыржан бауырым. Қол ұстасып ұзақ жолға шығуға ниеттенген Гүлфиза екеуіңе «Орал өңірінің» ну ормандай оқырмандары мен «Ақжайықтың» мың-сан жанкүйерлері атынан құтты қадам, сәтті сапар, баянды бақыт тілейміз!
— Рақмет, аға. Айтқаныңыз келсін!
Сұхбаттасқан Бақытжан ҒАБДУЛЛИН