9.07.2015, 6:08
Қараулар: 354
Ғибратты ғұмыр тағылымы

Ғибратты ғұмыр тағылымы

3


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» кітабы туралы толғанғанда


Адамзат аузымен ежелден айтылып келе жатқан мәтел сөз бар: «Нағыз тарих романшының да қиял құсын шаң қаптырмақ» деген. Орысшасы: «Старая истина – подлинная ис­тория может превзойти любые фантазии романиста». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» кітабы (Нұрсұлтан Назарбаев. «Өмір өткелдері». Сұхбат кітабы. Астана. «Фолиант» баспасы. 2015 жыл.) – шынында да романға бергісіз тарихи сұхбат. Мәселе шығарманың алғашқы бетін ашқан бойда-ақ бас алдырмай қадалтатын, ақыл-ойыңды билеп бой сергітер айрықша тар­тым­дылығында ғана емес. Эпи­калық құлашының ерендігінде, пайым, парасатының биіктігінде. Шығар­ма аннотациясында айтылған­дай, «Елбасымен сұхбаттарды ой көзі­мен оқыған адам ғибратты ғұ­мырдан көп тағылым алатыны талассыз». Сұхбат  публицистика жан­рына жатады. Автор моноло­­гы мұнда әлсін-әлі сұрақ түрінде қо­йылатын диалогқа ауысады. Көр­кем әдебиеттен өзгешелігі, ойдан қосуға жуымайды. Зәрулі зама­на проблемаларын қозғап, қалың оқырман санасын асқақ толға­ныс, жалынды пафоспен, өткір де ал­ғыр тілімен баурайды. Қалың том құрайтын, алғы сөзін есептемегенде, он алты көлемді тараулардан тұратын аталған кітап интервью­дің өрістетілген түрі іспетті. Мұн­­да­ғы факт, пікір, дәлел-аргумент, проблема, қағида құр баяндал­­май­ды. Монолог иесі басынан өт­кен қым-қиғаш тартыстар бары­сын­­дағы көңілін, күйініш-сүйініш­те­рін шын жүректен жасырмай ақ­та­ра­ды. Психологизм, памфлет, юмор, сатира, көркем деталь элемент­те­рін барынша кең пайдаланады. Сая­си-идеологиялық мәселелер төңірегінде ғана емес, фило­со­фиялық, әдеби сын, моральдық-этикалық проблемалар аясынан толғанады. Шығарма жай сұхбат, интервью деңгейінен әлдеқай­да асып-төгіліп жатыр. Сондық­тан жанрын анықтай түсу керек. Өз басым, шығарманы сыр-сұхбат кі­табы деп атар едім. Бұл сыр-сұх­батта антика, басқа да дәуір ой­шыл­дарының, өзімізден ұлы Абайдың, басқа да ақын, жазу­шы­лардың, шешендердің афориз­м­дері, тосын да ұшқыр пікірлері жүйесін тауып монолог иесінің ойын ұштай түседі. Басқа сөзбен айтқанда, кітаптың генетикалық түп-тамырлары тереңнен, адамзат рухани кенішінен тарайды. Жеке өз басының тағдырын бүтін бір елдің, қала берді күллі жаһанның арғы-бергі тарихын, бүгінгісі мен ертеңін бар шындығымен айыр­ғысыз тығыз байланыста көрсете­тін мұндай туынды – уысыңа күнде түсе бермейтін ризық. Өзіңді жай­наған өмір шіркіннің нақ ортасында жүргендей сезінесің. Шығарма әңгімешісінің әрі геройының адами кәмелеттілігі «Сүйер ұлың болса, сен, сүй, Сүйінерге жарар ол» деген Абай сөзін сан рет іштей қайталатпай қоймайды. Кітап: мі­не, бүгінгі қазақ біз қандаймыз де­­гізіп, ұлттық мақтаныш се­зім­ге бөлей­ді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­­тың бүкіл өмір жолы­ның басты-бас­ты сатыларын баяндай отырып, тау етегінде туып, бара-бара шың-құзарына сұңқар­дай сам­ғап қалайша көтерілгенін паш етеді. Кітабының «…негізгі арқауы – Қазақстанның жаңа тари­хының ең бір қиын да жарқын сәттері. Сұхбат кітабының тараулары қайсыбір кезеңдердегі қоғам­ның саяси көңіл күйін түсінуге немесе еске алуға көмектеседі, ал экономикалық талдау неғұрлым зерделі оқырмандарға осы жыл­дардағы жағдайды ойша қалып­тауға мүмкіндік береді» («Өмір өт­келдері». 2-б.). Бір Алланың жебеу, демеуімен Нұрсұлтан Әбішұлы­ның өз тағдырын өзі жасауға ұмтыл­ға­нын және атап өтуге тиістіміз. 1980 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің өнер­кәсіп жөніндегі хатшысы қызме­тіне келісім алуға барғанында ке­­ңес­тік кардинал саналатын Михаил Суслов Нұрсұлтан Әбішұлы­на: «Міне, сізді өсіріп шығар­дық!» – депті. Кезінде қолтығынан де­меп жіберуге әжептәуір себебі ти­ген бұл қайраткерді ілтифатпен еске ала отырып, кітап авторы, сонымен бірге оның «сізді өсірдігіне» келіскісі жоқ. «Біреудің өсіруімен, – дейді Н. Ә. Назарбаев, – ешкім де алысқа бара алмайды. Өсірумен қызметке қоюға болады, әйтсе де ондай қызмет баянды болмайды. Ең абзалы – Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзін ұдайы есте ұстау» (Сонда. 104-б.). Осы ұғым кітаптың қай тұсында да қылаң беріп, әдемі ән қайыр­ма­сындай қайталанады… Әлбетте, еңбектің де еңбегі бар. Нұрсұлтан Әбішұлы күні бүгінге дейін өзінің қазақ жерінде алғаш шойын құюшылардың қатарында бол­ға­нын зор қанағат тұтып еске алады. Сол бір тарихи сәтте домна опе­раторының кіші көмекшісі екен. Жұ­мысқа жанын салатын жас қай­рат бір жыл өтер өтпес кіші кө­мекшіден аға көмекшіге, одан газ­шының аға көмекшісіне көте­ріледі. Арада тағы бір жыл өткенде аға горновой болып жоғарылайды. Ал бұл мамандық бойынша жұмыс істеу оңай болмаған. Ол еңбегінің қыр-сырын сөз еткенде Нұрсұлтан Әбішұлының аузына «азап», «то­зақ» деген сөздер түсетіні тегін емес. «…Пештің температурасы екі мың градусқа дейін жетеді. Бір жағынан шаң, бір жағынан газ. Былайша қарағанда, нағыз тозақтың өзі. Жұмысты бір сәтке де тоқтату­ға болмайды. Тоқтату тұрмақ, қар­қынын бәсеңдетуге болмайды. Ме­талл қатып қалса – апат» (Сонда. 75-б.). Әйтсе де жас қайрат сол азап­­­ты, сол тозақты ештеңеге айыр­­бастағысы келмеген. Тіпті бір кү­ні Теміртауға арнайы келген әке­сі баласының жұмысын көріп, әкем­нен үш жасымда қалғанда не қиын­дықтың талайын көріп едім, дәл мы­нандай тозақты көрген емес­пін, қой, таста, жаныңды азапқа салмай! – депті. Бірақ баласы тұңғыш рет қарттың тілін алмаған. Алған бетінен қайтпаған. Неге? Түптеп келгенде, жауабы жеңіл сауал емес. Жас ұланның еңбек­сүй­гіш­тігін, я болмаса қайсар характерін айтып түсіндірумен шектеле қой­майды. Бірсыпыра әлеуметтік, мо­ральдық-этикалық проблема­лар­­­ға жүгінуге тура келеді. Тіпті тұр­­­мыс, пендешілік мәселелеріне де. «Ең­бек етсең ерінбей, тояды қар­ның тіленбей». Қарның тоқ, қайғың жоқ жүрсең, аз жетістік пе? Абай босқа сөз шығындамайды. Еңбек пен тоқ тұрмыс арасындағы байланыс қай заманның да күн тәртібінен түс­пеген. Кеңестік кезеңде мате­риал­дық ынталандыру қағидаты кең дәріптелгені мәлім. Горновой жап-жас Нұрсұлтан айлығына 450 рубль алатын. Рубль ол шақта доллардан да құндырақ болғанын еске алсақ, бұл аз қаражат емес. Мен министр дәрежесінде қыз­метте жүргенімде айлығым 430 сом болатын. Партиялық жарнама мен тиісті салықты өтегенімде қал­тама түсетіні 350 рубль еді. Ал мы­на жап-жас жігіт министрден де көп ақша таба бастаған… Жұмы­сын небір сұмдық қиындықтарына қарамастан, барынша беріліп істеуінде жас ұланның сонау балалық кезінен бастап бойына сіңген намыскерлігі де аз рөл атқармаған. Еңбек пен намыс ол үшін егіз ұғым болған. Туған жері Шамалғанда тұр­­­ғанда орыс, украин, неміс, әзір­байжан, түрік сиқты көптеген ұлт­тың балаларымен «араласып, құ­раласып, жарыса» өскен. «Сабақ оқуда болсын, спортта болсын, көр­кемөнерпаздар үйірмесіне қа­тысуда болсын» намысты қолдан бермеуге тырысқан («Өмір өт­кел­дері». 45-б.). Теміртауға келген жастар бастапқыда көп қиын­шы­лық көрген. Тұрмыстағы күй­сіздік­ті былай қойғанда, металлург ма­мандығына қол арту қиынның қиыны еді. Оған шыдас бере ал­мағандар ауылдарына зытқан. Кейбіреулері жұмыс үстінде қал­жырап құлап түскенде дәрігерлер алып кететін. Кузнецкіден, басқа да сырттан келген мамансымақ­тар: «Да им только баранов пас­ти, зачем их приняли на завод? – деп тұратын. Қаның қайнамай ма сол кезде?» (Сонда. 117-б.) – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ұлттық намыскерлік… Сұхбат кітабында автор қазақ халқының намыскерлік туын жықпай биік көтеріп келе жатқанын зор мақтаныш сезіммен атап көрсетеді. Жарқын мысалы – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Горбачев адам құқын қорғайтын қоғам құрамыз деп бүкіл әлемге жар салғанымен, «Қазақ өзін-өзі басқара алмайды» деген шовинистік ауруға шалдықты. Исі қа­зақты қорлайтын оспадарлық жасап, шеттен Қазақстанның ұлығы етіп Колбинді тағайындатты. Сүйе­гімізге таңба қылыққа қарсы біз­­­­­­дің ұлттық намысымызды қор­­ғап ал­ды­мен жастарымыз шық­ты. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Тәубе, ел екен­біз ғой, халық екенбіз ғой», деп жастардың сол ерлігіне сүйіне, сүйсіне тебіренген… Намыскерлік – қасиетті сезім болуымен қатар, әрқайсысымыздың алдымызда ұда­­йы тұратын абыройлы міндет те. Ол міндет турасында кешегі металлург, бүгінгі Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті былайша толғанады: «Адамның бір парызы өз ұлтының, туған халқының на­мысын бермеуі, жақсы атағын шы­ғаруы» (Сонда. 45-б.). Бұл па­рыз сезімі күні бүгін пайда болған жоқ, әрине. Әріден келе жатыр. Ұлы Абай «Ғақлияның» отыз тоғызын­шы сөзінде намыскерлікті ата-бабамыздан қалған тәуір мінезге, құнды мирасқа балап, ұлт береке-бірлігінің алғышарты санаған. Сұх­бат кітабының баянынан, туған еліміздің арғы-бергі тарихын, бү­гінгі белестерін әңгімелеуінен абай­танудың жаңа беттерін па­рақ­тап отырғандай сезінесің. Шығар­ма иесі Абайсыз аттап баспайды десе де болады. Артына өлмей­тұғын сөз қалдырған ақынға құр­меті тіптен бөлек. …Өтпелі ке­зең­нің елең-алаңы – 1995 жыл. Қи­ын­­дықтары адам айтқысыз уа­қыт еді ғой. Жас мемлекетіміздің қал­тасы жұқа. Қаржысы там-тұм. Міне, сондай ауыр кезеңде ұлы Абайдың туғанына 150 жылдық мерейтойын өткізу керек болды. Жауапкершілігі бөлек сол той, бү­кіл халық тойы, елдің ауыр жағ­дайына қарамастан, ас та төк тамаша өтті. Және мұның өзі шын­дық­тың бір қыры ғана еді. Бә­рінен де кереметі Жидебай же­рінде Абай мен Шәкәрімнің жа­ңа кесенесінің күтпеген жерден бой көтергендігі болды. Жиналған жұрт қайран қалдық. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы Абай суреті салынған, темір қоршаумен қор­шалған обелискіге келіп гүл шоғын қойса да, оған мерейтойға қа­ты­сушылар ризашылықтан басқа ештеңе айтпас едік. Және әлемнің талай ардақтыларының жатқан жерінің де қандай екенін байқап жүрміз ғой. Ал мұндай айналасы атшаптырым, қос күмбезі сонау көкжиектен көз тартатын, сар да­лаға сән бітіріп тұрған кесенедей әлеуетті ғимаратты ұшыратқан емен. Бұған Абайдың қыстауын, Зере, Ұлжан зиратнамаларын қо­сыңыз. Олар да салтанатты кесенеге барар жолдағы аса қасиетті ескерткіштер. Мұндай есте қалар­­лық құрмет-қошеметті ұйымдасты­­ру­­да аянып қалмаған Елбасы қа­шан да Абайдың асыл мұра­сын хал­қы­мыз­ға үлгі-өнеге етуден ая­нып қал­ған жоқ. Өз жеке тәжірибесі­нен де көл-көсір игілігіне қанық. Абай мұрасы – сарқылмас рухани қо­рек. «Жалпы, бізге, – дейді ол кітабында, – қазір қолға алып жатқан көп бастаманың дәйектемесін басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін де Абайдан табасың» (Нұрсұлтан Назарбаев. «Таңдамалы сөздер» жинағы, 11-том. Астана, 2014 жыл. 693-б.). Бұл тұжырым сыр-сұхбат кі­табының алтын арқауы екенін айтуға керек. Нұрсұлтан Назарбаев үшін Абай мұрасы – идеялық қару, іске басшылық.

* * *

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сонау ба­лалық дәуреннен бастап тәуелсіз Қазақстан Республикасы Президенті өресіне көтерілгенге дейінгі өсу жолы, өз сөзімен айт­қанда, тақтайдай жазық бол­маған. Сү­рі­ніп, қабынып, Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне түсуге бір балы жетпей қалған кездері де болған. Бір ойың айтады, сол сәтсіздіктің кешегі ауыл баласының былайғы тағды­рына зиянынан гөрі пайдасы мо­лырақ тиді ме деген. Әйтпегенде ол кейіндер өзінің бағын жан­дыр­ған Қазақстан Магниткасына аттанар ма еді, аттанбас па еді?! Басы қатты, аяғы сәтті осы оқиға, өмір жолының әуелгі кезеңінің өзге де хикаялары, кітаптың тең жарымын алып жатқан тараулары негізінен Нұрсұлтан Әбішұлының жан дү­ниесі, қабілет, дарыны, бұрын білмесек, енді білетін сыры, мұрат, мақсаты, идеалы қалай қалып­тас­қанын әңгімелейді. «Жылқы көп – қазанаты сирек, жігіт көп – азаматы сирек». Бұл мәтел дәл Нұрсұлтан­дай бітімі бөлек, біртуар аза­матқа арнап айтылғандай. Оның өмір өткелдері – бүгінгі һәм кейінгі ұрпаққа биік үлгі, жарасымды сабақ. Сұхбат кітабының «Сын сағаты соққанда» атты тарауынан басталатын ендігі бөлімі, яки соңғысы – ұлы көшіміздің көсемі Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуел­сіздік дәуіріндегі ұлан-асыр қыз­метін қамтиды. Азат Қазақ елінің дархан дарын басшылығымен қол жеткізген ілкі табыстарын тарих айнасына түсіреді. Толғағы жеткен проблемаларын шешу жолын­да­ғы жан алып, жан берген жанқияр­лық күрес-талабын талдап сарап­тай­ды. Айтары көп кітаптың бұл бөлі­мі­нің әр тарауына арнайы тоқтал­ған жөн болар еді, бірақ мақала кө­ле­мі көтермейтіндіктен, әмбе оқ жетпес жерге қылыш суырғандай болмас үшін, еңбектің ең бір ұрымтал тұстарына назар аударсақ па дейміз. Ең дұрысы – өнегесі өзгеше қайраткердің аса өткір мемлекеттік мәселелерді жанда жоқ тап­қыр­лықпен, кейде тәуекелге бел байлап асқан батылдықпен шешкен іс-әрекеттеріне үңілу болса керек. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп. Қай ретте тыңнан жол салуға тура келеді. Бұрын Қазақ елін басқар­ған ұлықтардың – хандардың, сұл­тан, губернаторлардың, коммунист бі­рінші хатшылардың біразы шетелдермен істес болғанымен, қай-қай­сысы да әдемдік аренаға шық­­па­ғаны, Нұрсұлтан Назарбаев се­кіл­ді жаһандық тартыстардың, тра­ге­дия, драмалардың қайнаған ор­та­сын­да жүрмегені мәлім. Кітапта Қазақ мемлекетінің, міне, осы жаңа тұрпатты басшысының ел-жұртын өрге сүйреген қызметі татымды да тартымды көрсетілгенін айту ләзім. Ішкі ме, сыртқы саясат па Елбасы даяр соқпақпен тарта бермейді. Әманда сұңғыла­лығы­мен туған халқының мүддесін ой­дағыдай қорғайтын өзіндік сара жол тауып отырады. Ішіңнен енді оқырман өзің тәубе айтасың. Ел басқарса, мына біздің қазақ перзентіндей басқарсын дейсің. Елбасы Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының іргетасын қалау уа­қытында алдымен елінің елдігін ойлаған. Бұл қызметінде де ежелгі дағдысы бойынша болмысы биік беделмен ой бөлісуді ұмытпайды. Оқырман көкейінде орынды сұрақ тууы: оу, бүгінгі сыртқы саясат пен Абай ілімінің арасында қандай байланыс болуы мүмкін деген әспетте. Былай қарағанда, бір-бірінен айырмасы жер мен көктей алыс тәрізді. Бірақ ойланған жанға олай еместігі, керісінше, байланысы тонның ішкі бауындай екендігі анықталады. Сыртқы саясаты­мыз­дағы «…Ең басты ұстанымымыз, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы, – көп­жақты бағдар болуы керек деген тоқтамға келдік. Сөйтіп, халық­аралық байланыс­тарымыздың ар­қауы етіп жақындағы, алыстағы елдердің бәрімен өзара тиімді қа­тынастар орнатуымыз қажет деп шештік. Бұл арада біз өзіміз тол­ғандырған көп сұрақты ұлы Абайдан тапқандай болдық. Оның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» айтатын сөзі нағыз халық­аралық дипломатияның ой қазығы емес пе?» («Өмір өткелдері». 409-б.). Қазақстан 1991 жылдың басында-ақ бірқатар шетел басшыла­рымен тікелей қарым-қатынас ор­­­­нат­ты. Мәскеудің рұқсатынсыз, сол кез­дегі қолайлы тарихи жағ­дай­ды сә­ті­мен пайдалана отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға Түркия Президенті Тұрғыт Өзалды, Сингапур лидері Ли Куан Юді Қазақстанға шақырды. АҚШ Президенті Джордж Бушпен, Ұлыбри­тания Премьер-министрі Джон Мейд­жормен, Оңтүстік Кореяның Президенті Ро Дэ Умен кездесті. Сыртқы саясаттағы көпжақты бағ­дарлама тәуелсіздік дәуірінде же­місін еселеп берді. Шетелдік тә­жірибе ішкі саясатта твор­­чес­­тво­­лық­пен пайдаға асы­рыл­­ды. Нә­ти­же­сін­де тәуелсіз­дік ал­ған 1991 жыл­дың аяқ шенінен бас­тап, на­рық­тық эко­но­ми­каны ен­гі­зу­ге оң­тай­лы жол ашылды. Кей­бір көп-кө­рім қызметте жүрген­дер артқа жал­тақ­тап, иесіздіктен тұра­лап, кетеуі кеткен социалистік қо­ғам­­дық мен­шік­ті қорғаштауға ты­рыс­ты. Ел­басының бейнебір фоль­клор батырындай мың сан қол­­мен жалғыз айқасқан кездері де кезікті. Жо­ғарғы Кеңестің өзі екі дүркін таратылды. Бү­кіл­ха­лық­тық сай­лау­да тө­тен­ше өкі­лет­тік алған Пре­зи­дент қандай да болсын зілдей басқан қиын­шы­лық­тар­ға төтеп беріп, уа­қыт сынынан мүдірмей өтті. Ұтым­ды істерге бастап, халқына дем беретін, қалың бұқараны бір кісідей жұмылдыратын ұғымды сөз таба білді. «Алдымен – экономика, содан кейін саясат» (Сонда. 430-б.). Саясаткер ұзақ шешендікке салынбауы тиіс, ойы жүйріктің – сөзі жүйрік. Нұрсұлтан Әбішұлы ғы­лы­ми түйінді пікірін айшықты, қо­нымды тілмен жеткізген. «Сөзі мың жыл жүрсе де дәмі кетпес» (Мағ­жан). Хакім Абай: «Өзге өскен ел не істесе, соны істе, ғылымын, мә­дениетін меңгер», деген. «Бұл кемел ойды, бүгін заман талабына орай ақыл сарабынан өткізгенде, не істеуге тиіспіз? Ол үшін, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы кітабында, – өзгелермен мәдени-экономи­ка­лық, саяси араластық керек, бү­гін­гіше айтсақ, интеграция» (Сон­­да.). Сұх­бат кітабында интегра­ция ұғы­мы­ның қыр-сыры түгел ашыл­­ған. Экономиканы алға қою­дың мәні­сін жадағай түсінбеу керек. 1994 жылдың наурыз айында Қазақ­­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу уни­верситетінің аудито­риясын­да­ғы сөзінде Еуразиялық одақ құру идея­сын ұсынды. Сол жылдың мамыр айында Өзбекстан Президенті Ислам Каримов: Еуразия идеясында жаңалық жоқ. Қосымша саяси қон­дырғының қандай қажеті бар? – деп жобаны көрінеу бұрмалады. Шын мәнінде, Қазақстан Президенті ешқандай саяси қондырма құруды ұсынған жоқ. Сонсоң бұл одақты тек мәдени өзара байланыстарды нығайту мәселесімен де шектемеу керек. Еуразиялық одақ ең алдымен біртұтас экономика­лық кеңістік қалыптастыруды көз­дейді. Интеграция деген КСРО заманына қайта оралу емес. Сұхбат кітабында интеграцияның эко­но­микалық пайдасын саусақпен санап отырғандай етіп түсіндіреді: «Қазір еліміздің халқы 17 миллион адам, мүмкін бір кезде 30 мил­лионға жетер. Бірақ мына жа­һан­данған әлемде оның өзі де, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы, – өте тар на­рық саналады. Бізге міндетті түрде сыртқы нарықтар керек. Сол на­рықтың ең үлкені – 170 миллион­дық Ресей нарығы… Ресей нарығы, Беларусь нарығы, басқа да көрші­лес нарықтар біздің тауарларға ыңғайлы, біздің нарық та олар үшін өтімді» («Өмір өткелдері». 430-б.). Экономиканы алға қойып, ұлттар достығы туын желбіреткен көре­ген саясаттың нәрлі жемісіне енді, міне, бүкіл ел, халық болып кенелудеміз. Туған Қазақстаны­мыз тә­уелсіздіктің ширек ғасырына толар-толмас тірлігінде бұрын 25 ғасырға татырлық жолдан өтіп отыр. Бүгінгі Қазақстанымыз – Ға­жапстан. Күннен-күнге көркейген Астана қаласы ше? Мәскеу бір күнде салынбаған деген сөз бар. Біздің Астанамыз бір күн десе де болады, айналдырған он шақты жыл­дың ішінде әлемнің көруге көз керек шаһарына айналды. Ал Ал­матының метрополитені, бейнелеп айтқанда, әлемнің сегізінші кереметі! 2015 жыл – қандай мерейлі жыл. Той тойға ұласуда. Қа­зақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ас­­­сам­блеясының 20 жылдығы, Конс­титуцияның 20 жылдығы. Бұл ме­­рейтойлардың түп-тамыры, ұйыт­­­­­қы­­сы – «Мәңгілік Ел» идеясы. Қа­­зақ­­­стан хал­қы­ның табыстарында, бе­­ре­­ке-бір­лі­гін­де осы жетекші идея­­­ның салтанаты жатыр. Жаһан­дық бай­тақ нарық, бәсекелестік­ке төтеп беру елімізді дүние жүзі­нің ең озық 30 елінің қатарына қо­са­ры күмәнсіз.

* * *

«Шекараны таспен қоршамау керек, доспен қоршау ке­рек» (Сонда. 412-б.). Қысқа да нұс­қа қағиданың мағынасы ұшан-теңіз. Кітаптың «Шекараны ше­ген­­деу», тағы да басқа екі-үш та­ра­уы­ның тақырыбына қатысты осы­­­лай деген жөн. Елбасы тә­уел­­­сіз­дік­тің бес жылдығына арнал­­ған сал­­та­нат­ты жиналыста сөй­ле­ген сө­зін­де халық Мағжан ақын­ның: «Алыс­тан орыс, қытай ауыр сал­мақ, Жақын­нан тыншытпайды қа­лың қалмақ. Арты – ор, алдында – көр, жан-жа­ғы жау, Дағдарған Алаш енді қай­да бармақ?! – деген өле­ңін бұдан былай бұрынғы за­манның уайы­мын жеткізген әдеби мұра ретінде қа­растыратынын айтқан еді. Шынында да, ұзындығы 13 мың шақы­рым­нан артық шекарамыз Ресей, Қы­тай, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, Тү­рікменстан мемлекеттерімен ха­лықаралық құқық­тық тұр­ғыдан мәңгі заңдастырылды. Жоқ­тан өз­геден кез келген минутта от шы­ғып кетуі ықтимал қауіп жойылды, күйіп тұрған мәселе түпкілікті ше­шілді. Алдымен шекара сызығы­ның тиісті халықара­лық құжат­­тарда белгіленген сызық­та­ры рас­­тал­­ды да, ар­ты­нан таласты жер­лер дос­тық, өз­ара сыйластық жағ­дай­­да тал­қы­ла­нып бекітілді. Келіс­сөз­ге қол қойған қай мемлекет болсын ұтпаса, ұтылған жоқ. Дәлірек айтқанда, шекара сызы­ғын түп­кі­лікті белгілеуге қатысқан­дардың ел-ел арасының тыныш­тығын ой­лаған ізгі ниеттері ұтты. Осындайда Мағжан Жұмабаевтың «Түркі­стан» атты ұзақ жырындағы қазақ даласының тұтастығы үшін бар өмірін сарп еткен Абылай хан жайлы айрықша толғанысы еске түсе­ді: Бұл Тұран ежелден-ақ алаш жері, Тұрансыз тарқамаған алаш шері. Тұранның топырағында тыныш тапқан Алаштың арыстаны – Абылай ері. Мүрдеңнің қай жер­­­де екенін, аруағыңнан айналайын Мағжан аға, амал қанша, әлі де білмейміз. Әйтеуір қазақ жерінде­сің ғой деп қол жайып бата қылғанда айтарымыз: «Бүгінгі Алаштың ендігі көшбасшысының арқасында іш­тегі алабұртқан арманың мүл­тік­сіз орындалды, жан аға. Енді Абылай ханға арнаған ақ тілегіңді біз қайталаймыз: топырағыңда тыныш тапқын, әумин!». Шекараны таспен емес, доспен қоршау идеясының, айта берсе, әңгімесі таусылмайды. Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, 40 жылдан астам уақыт бойы қазақ жерін тітіреткен, мыңдаған адамның денсаулығын зақымдаған тажалды Президентіміз өз қолымен тұншықтырып тынды. Президент Назарбаевтың тарихи шешіміне күллі адамзат қол соқты. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун біздің Елбасымызға «Ядролық сынақ­тар­ды тоқтатып, ядролық қарулар­дан ада болу қажеттігін әлемге жар салып айтушы рөліне Жер бетінде Сізден лайық адам жоқ», – деп жар салғанын білеміз. Еріксіз қиялға кетесің: пау, шіркін, күллі адамзат атынан сөйлеуге құқылы қайрат­кердің шын жүрегінен шыққан ле­бізі жыл сайын әлемде бейбіт­ші­ліктің мәртебелі сыйлы­ғын атап жа­татын Нобель комитетінің қа­дір­лі мүшелерінің құлағына қа­­шан шалынар екен?! – дегендейін. Ядро­лық қарудың қазақ жерінен аласталуына байланысты айтылуға тиісті тағы бір нәрсе, не мәселені де барынша құнттап зерттейтін Елбасы бұл тұста да туған елінің қауіпсіздігін ойлауды ұмытқан жоқ. Ядролық дипломатиясы тамаша табыспен аяқталды. Америка Құ­рама Штаттары, Ресей Федерациясы, Ұлыбритания, Қытай мен Франция – өңшең ядролық держава дөй­лері тарапынан Қазақстанның тәуелсіздігіне, аумақтық тұтас­ты­ғы­на қарсы күш қолданбауға, эко­но­микалық зорлық-зомбылық көр­сетпеуге кепілдік берді. Бейбітшілік пен қауіпсіздік ісіне мықты үлес қосқан Қазақстан Республика­сы­ның, оның Президентінің беделі халықаралық аренада барған са­йын арта түсуде. Халықтар ара­сын­дағы бейбітшілік пен достықтың айнымас табанды жақтаушысы саналуда. Тағы бір дәлеліне Ресей мен Украина арасындағы жан­жал­ға арашаға тұрған фактіні айт­сақ та жеткілікті. Сұхбат кітабын­да ай­тылғандай, Минскідегі ке­ліс­­сөз­дердің ұйытқысы – Нұрсұлтан Назарбаев. Жас ша­ғын­да металлург мамандығына бау­лы­ған Украина­­ға іш тартатынын жасырмайды. Ондағы азамат соғысы өртін өші­ру жолында аянбай кү­ресуде. «Сау­да мақсаты – ұту, жол мақсаты – же­ту, дау мақсаты – біту» деп атам қа­зақ айтатындай, орыс және украин достарына: қандай соғыс болсын тү­бі бітіммен аяқ­талады деп ақыл қосудан еш жа­лыққан емес. Ал өз Отанымызға қатысты айтатын болсақ, Елбасы ел іргесін бекіте түсудің пәрменді іс-ша­раларын жүзеге асыруда. Қайсы­біреулердей, сөзі мен ісінің арасы мың шақырым емес. Жар­қын мысалы – жаңа астанамыз. Сұх­бат кітабының соңғы тарауы «Астана – елдің ерлігі» деп аталған. Шынтуайтында, бұл – алдымен Елбасының ерлігі. Жаңа астана тұрмақ, жаңа үй салудың өзі қиын­ның-қиыны шақта, өтпелі кезеңнің бас шенінде ол астананы Алматыдан Ақ­молаға көшіруге бет қойды. Бұл үл­­кен істің стратегиялық мақсаты, қиын­дық-бөгеттері кітапта толық айтылғандықтан, қайта­лағым жоқ. Тек сол жәйттің біріне ғана ар­­­­на­­йы тоқталу керек сияқты. Әң­­­гі­ме кітапқа анықтама есебінде бе­рілген дәйектеме туралы болып отыр. Дәйектеме Иманғали Тасма­ғамбетовтің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Мем­ле­кет­тің мерейлі мерекесі» мақаласы­нан алынған. Бір жолы Нұрсұлтан Әбішұлының қасына еріп, Алатау жаққа сейіл құруға барғанын айта келе, мақала авторы былай деп жазады: «Президенттің көмекшісі кезім. Парламент Қазақстанның ас­танасын ауыстыру жөніндегі ше­шімді қолдағанымен, бәрі де өз орнында тұрған шақ. Көктемнің жайнаған күні… Бір қырқаға кө­те­ріліп едік, алдымыздан айналайын ару Алматы алақандағыдай ашылып шыға келді. Ғажап көрініске сүйсіне қарап тұрды да, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қандай керемет!» – деді. Сол арада мен: «Осындай кере­метті қалдырып…» – деп қалдым. Айтылар сөз айтылып кетті. «Сен ондайды қой», – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы қабағын қатайтыңқырап. Сөйтті де… Біз мынадай терри­торияға елдің бір шетінен қарап отырып, ие бола алмай қалуы­мыз да мүмкін. Арқада, солтүстік облыстарда демографиялық ахуалды қалай да өзгертуіміз керек. Мына елдің иесі кім екенін бүкіл әлем білуі тиіс» («Өмір өткелдері». 549-550-б.). Қазір Астана қаласының тұрғын саны 900 мыңға жетті. Кітапты оқи отыра басыңа талай ой келеді. Республикамыздың сол­түс­тік және шығыс, батыс облыстарында жұмыс күші тапшылық етуде. Ал оңтүстігімізде асып-төгіліп жатыр. Тұс-тұстан ағылып келіп жатқан оралмандарды есептемегенде. Сол тың жұмыс күшінің солтүстік өңірге қоныстануына бизнесмен атаулы, көп түкірсе көл болады дегендей, бәріміз жиналып жәрдем жасап, басына үй, алдына мал салып берсек ше? Бар жүкті Елбасының, жас мемле­ке­тіміздің мойнына арта беруге болмайды ғой… Сұхбат кітабының ақыл-кеңесін айтып тауыса ал­май­сың. Мамандығыма бір табан жа­қын «Мәдени мұра» бағдар­лама­­­­сы да Елбасының игілікті ісі. Бұл бағдарламаға сәйкес М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 100 том құрайтын «Баба­лар сөзі» атты фольклор жина­­ғын, заң­ғар жазушымыз Мұхтар Әуе­зовтің 50 томдық шығармалар жинағын дүниеге келтірді. Институт ұжымы тәуелсіздік дәуіріндегі проза, поэзия, драматургия туындыларын құнттап тексеруде. Жазушылар қа­уымы да ақ тер, көк тер еңбек етуде. Қазақ мемлекеттілігі үшін айқасқан Керей, Жәнібек, Қасым, Абылай хандар және басқа ел қаһармандары бейнеленген көр­кем шығармалар тарихи туынды­лардың алтын қазынасына қосы­луда. Бүгінгі постмодернистердің қайсыбірі: қазір жұрт кітап оқудан қалған, сондықтан қаламгер тек өзі үшін жазуға тиіс дегенді шы­ғарып жүр. Көркем шығарма ти­ражының қушиып қалғаны рас. 17 миллион халқымызға тиесілі, ай­талық, роман таралымы шірегенде 2000 дана ғана. Бірақ осы уақытша тығырыққа бола, өнер – халықтікі деген ұлы мүдде-мақсаттан әде­биет қауымы айнымауға тиістіміз. Президентіміз әнеу бір жылы елі­міздің ірі кәсіпкерлеріне бәйге, сыйлық түрінде ме, әлдебір үздік шығармагерлік табысы үшін бе, жазу-сызу қайраткерлерін мате­риалдық жағынан қолдап, қол­ға­быс етіп тұру қажеттігін айтып құ­лаққағыс еткен еді. Елбасы тілегіне орай, «Бент» акционерлік қоғамы­ның президенті Дильмұрат Ку­зиев «Ильхам» – «Шабыт» атты ме­це­нат клубын ашып, қыруар іс тындыруда. Осы ұйғыр кәсіпкерінің мар­хабатты ісін неге қолдамасқа?! Нұрсұлтан Әбішұлының «Өмір өт­келдері» атты кітабына респуб­ликамыздың ғана емес, дүние жүзі оқырманының да ыстық ықыласты назары ауатыны кәміл. Бұл үлкен шаруаға сұхбаттасушы, аға газе­тіміз – «Егемен Қазақстан» акцио­нерлік қоғамының президенті, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахмановтың көп қаруы тиген. Президент сұхбатта­суға көп уақыт бөле алмағанын, о баста ойластырылған біраз тақы­рыптар қозғалмай қалғанын «Ал­­­ғы сөзде» арнайы ескертуді жөн көрген. Тегінде, ол келер күндер­дің еншісі болар дейді. Аннота­ция қорытындысы даусыз: «Елбасы­мен сұхбаттарды ой көзімен оқы­ған адам ғибратты ғұмырдан көп та­ғылым алатыны талассыз». Қоры­тындыға қосыла отырып, кітаптың соңғы бетіндегі кітап таралымы жөніндегі баспа мәліметіне көз жүгіртесің. Қараған бойда қарның ашады. Өз көзіңе өзің сенбейсің. Баспа, полиграфия орындарын басқаратын министрліктің мәңгі дерлік жаттанды цифры тағы да қайталаныпты – бар-жоғы 2000 дана! Абай «Ғақлияның» отыз тоғы­зыншы сөзінде көне ата-баба­мыздың бүгінгі замандармен са­лыстырғандағы артық екі мінезі­нің бірі жоғарыда айтылған намыс болғанда, бірі Елбасының ғибраты деген. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің», деп екі тізгін, бір шылбырды» Елбасы, саған бердік дейді екен. Ұлы Абайдың және бір ұлағаты: «Артық білім кітапта» деген. Бүгінгі артық білім Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты сыр-сұхбат кітабында.

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

«Егемен Қазақстан» газетІ, №126, 5 шілде 2015 ж.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар