Сейсенбі күні Қазақстан – Орал телеарнасында өңіріміздің денсаулық сақтау саласына қатысты баспасөз конференциясы өтті. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Жанболат Иманғалиев қатысты.
Аталмыш басқарма басшысының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда облыстағы 630 667 тұрғынға медициналық көмек көрсету 426 денсаулық сақтау нысаны арқылы жүзеге асырылуда. Ондай нысандардың қатарында 35 аурухана, 6 емхана, 2 санаторий бар. Кейінгі уақытта облысымыз бойынша медициналық-демографиялық, эпидемиологиялық жағдайлардың тұрақтануы байқалған. Бұл өз кезегінде жалпы өлім көрсеткішінің азаюына оң әсерін тигізіп, соңғы 10 жылда тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 4 жылға артып, 71,14 жасты құраған. Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және «Ақпараттық Қазақстан — 2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Зеленов аудандық орталық ауруханасының базасында облыстық клиникалық ауруханамен онлайн режиміндегі байланысты қамтамасыз ететін медициналық ақпараттық жүйе (МАЖ) орнатылған. Ол сала мамандарына қаралуға деген кезекті төмендетуге, қағаз түріндегі құжат айналымының азаюына септігін тигізеді. Болашақта өңірдегі барлық медицина ұйымдарына аталмыш жүйені енгізу жоспарланған. Сондай-ақ пациенттерден түсетін арыз-шағымдарды қарау бағытында Call-орталығының жұмысы күшейтілмек. Мәселен, №1 қалалық емхана базасында Call-орталығы құрылып, бүгінде 200-ден астам шағым қаралып, қанағаттандырылған.
Қазіргі кезде облыстың денсаулық сақтау жүйесінде 1 555 дәрігер бар екен. Дәрігерлермен қатар 6 000-ға жуық орта медицина қызметкері еңбек етуде. Дәрігерлерге қажеттілік 92 маманды құрайды. Алдағы уақытта қалалық көпбейінді аурухана іске қосылған кезде бұл көрсеткіш 100-ге жетпек. Аталған мәселені шешу үшін Алматы қаласындағы С. Асфендияров атындағы Қазақтың Ұлттық медицина университеті және Ақтөбе қаласындағы М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын бітірген жас мамандарды алдын ала бөлу бойынша облысымызға 80 маман шақырылған. Осылайша қажетті мамандарды тарту жұмыстары жүргізіле бермек. Өңір дәрігерлерін медицинаның түрлі салалары бойынша Литва, АҚШ, Ресей, Финляндия, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания секілді шет мемлекеттердегі тәжірибеден өткізу жалғасуда. Ал жоспар бойынша қалалық көпбейінді аурухананы іске қосу, медицина ұйымдарын медициналық ақпараттық жүйеге көшіру, өзге де бірқатар келелі істер жыл соңына дейін атқарылар негізгі жұмыстардың қатарында.
Шара соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов пен медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Жанболат Иманғалиев журналистердің сауалдарына жауап берді.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Орал өңірі»