Орал қаласының көркіне көрік қосып, күні кеше ғана салтанатты жағдайда ашылған Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында 4-6 шілде күндері Астана күні мерекесіне арналған ауқымды мәдени шаралар өтті.
Үш күн бойына орталық маңына жиналған халыққа ледэкран арқылы Қазақстан, Елбасы, Астана туралы бейнебаян көрсетілді. Сонымен қатар орталықтың көрме залында суретшілер көрмесі, музей залдарына экскурсия, кітапханада «Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі» атты көрмелер көрермен назарына ұсынылды. Мерекенің әр күні келушілерге арнап, Елбасымыз туралы «Балалық шағымның аспаны», «Елбасы жолы – Теміртау», «Елбасы жолы – от өзен» атты көркем фильмдер көрсетілді.
Қадыр ақыннің ескерткіші алдында алғаш рет «Өмірі – өшпес естелік, өлеңі – өлмес ескерткіш» атты «Қадыр оқулары» өтті. Кешке қатысып, өнерлерін ортаға салған қаламыздың жас бүлдіршіндерімен қатар ақын өнерінетабынушы аға ұрпақ алғысхаттармен марапатталып, Қадыр Мырза Әлі ағамыздың жыр жинақтарын сыйға алды.
Кешкісін амфитеатрға жиналған көрермен Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері, облыс әкімінің эстрада-симфониялық оркестрі және қалалық орыс халық аспаптар оркестрінің «Асқақтай бер, Астана!» атты қорытынды концертін тамашалады.
Ашық аспан астындағы мерекелік концертті тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың болды.
– Құрметті көрермен, сіздерді бүгінгі Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын. Елордамыз Астана мәдени, рухани және экономикалық орталыққа айналып, күннен-күнге дамып келеді. Оған қарап бой түзеген біздің қаламызда да ерекше жобамен жаңа ғимараттар салынып, халықтың игілігіне берілді. Келешек ұрпақ үшін жасалып жатқан игі істержалғасын тауып, халықтың қуанышына бөлене берейік. Мереке құтты болсын, – деді шаһар басшысы Алтай Көлгінов.
Кеште «Назерке», «Ақжайық», «Қызғалдақ» би ансамбльдері өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленсе, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның бір топ әншілері елордамызға деген ықылас-ілтипатын концерттік бағдарлама арқылы жеткізді.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ