Астана күні аясында Оралда бір топ қала тұрғындарына жаңа пәтер кілті тапсырылды. Орал қаласының Зашаған кентінде «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша 9 қабатты үш тұрғын үй бой көтерген-ді. Сөйтіп, баспана мәселесі «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкінің салымшылары үшін де оң шешімін тапты. 396 отбасы қоныстой тойламақ.
– Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірімізде құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыс өнімді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов мерекеге орай өз лебізін жеткізген соң.
– Соңғы үш жылдың ішінде 13 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, қазір 7 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл еліміздің өркендеуіне қосылған үлес деп есептеймін. Жаңа баспанаға қол жеткізген жерлестерімізді құттықтаймын.
Бұдан әрі Арман Өтеғұлов пен Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов тұрғындарға пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады. Қала басшысы өз кезегінде құрылыс мердігерлері «СВ Плюс» және «СКФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жетекшілері Сәбит Өтебалиев пен Валентина Михноға тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.
Нұртай ТЕКЕБАЕВ
Радж ҒАТАУ, ауған соғысының ардагері:
– Астана күні мерекесінде қуанышқа кенелдік. Елбасымыздың қолдауымен жүзеге асқан «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген қазақстандық жаңа баспана иеленуде. Міне, солардың қатарында мен де бармын. Қаламыз жылма-жыл қанатын жайып әрі көркейіп келеді. Бейбіт күн аясында еліміздің ырысы артып, жарқын жетістіктерге бөлене беруіне тілектеспін.