Орал қаласындағы «Мария ханым» салоны – батысқазақстандықтарға кеңінен танымал мекеме. Құрылғанына 30 жылға жуықтаған бұл кәсіпорын эксклюзивті ұлттық киім және мерекелік, кешкі киім үлгілерін, униформа мен жұмыс киімдерін, сахна жабдықтарын тігеді.
Кәсіпорынның даму тарихы сонау қайта құру дәуірінен, жалға алынған бөлмедегі 2-3 тігін машинасымен киім тігуден басталған. 1993 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Артынан «Мария салоны» шағын кәсіпкерлігі атауын алса, соңынан серіктестік болып қайта тіркелді.
Өз жұмысын 3 адамнан бастаған кәсіпорында қазіргі таңда 30-дан аса қызметкер еңбек етеді. Негізінен нәзік жандылар, соның ішінде көп балалы ана, мүгедек және жалғыз басты әйел заты дабар. Олардың барлығы да өз істерінің кәнігі мамандары. Уақытпен санаспай еңбек етіп, соларқылы әлемге сұлулық сыйлауға өз үлестерін қосуда. Республика көлеміндегі, шетелдердегіірі көрмелерде, түрлі форумдарда көрсетілетін коллекциялардың дүниеге келуіне бұл жандардың қосқан үлесі көп. Жалпы алғанда, кәсіпорын білімді де білікті тігінші-шеберлермен, пішушілермен, түрлі сыныптық деңгейдегі электронды және компьютер арқылы кесте тігу машиналарымен қамтылған.
2001-2002 жылдары кәсіпорын басшысы Мария Хуспанова облысымыздың үздік кәсіпкері атағын алды. 2003 жылы Астанада өткен кәсіпкерлер конгресінде үздік әйел кәсіпкер аталымына ие болды. 2005-2006 жылдары қолөнершілердің республикалық байқауларында жеңімпаз атанады. Республика көлемінде шағын кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Президентінің Алғысхатымен марапатталғанын да айта кетейік. 2004 жылы Мәскеуде өткен жоғары сән үлгісі бойынша халықаралық байқауға еліміздің атынан қатысып, «мариялықтардың» қолынан шыққан ұлттық на-қыштағы киім үлгілері жоғары бағаланды. Міне, кәсіпорын содан бері жыл сайын түрлі шараларға қатысып, биіктен көрініп келеді. Бүгінгі таңда Саратов, Самара, Омбы, Орынбор губернияларындағы өнер ұжымдары, ұлттық мәдени орталықтары «Мария ханыммен» тығыз қарым-қатынаста. Ал өз аймағымыздан Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы, Н. Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы, Атырау облысының Исатай ауданындағы және Құлсары қаласындағы мәдениет үйлерінің ұжымдары, Маңғыстау облысындағы «Ерсай» компаниясы тұрақты байланыс орнатқан.
– Биылғы жыл Елбасымыздың бастамасымен Ассамблея жылы деп жарияланды. Республикамыздың бүгінде бірлігі бүтін, беделі биік мықты мемлекетке айналуына осы қоғамдық институттың қосқан үлесі зор. Біз де ұлттар достығын нығайтуға өз үлесімізді қосудамыз. Елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің киімдерін тігеміз. Этномәдени бірлестіктермен серіктес болу арқылы республикамыздың оң имиджін қалыптастыруға атсалысып жүргенімізді мақтан тұтамыз, – дейді кәсіпорынның атқарушы директоры Жұлдыз Хуспанова.
Сәкен МҰРАТҰЛЫ,
Орал қаласы