Осы аптаның сейсенбісінде Орал қаласындағы «Родник» ЖШС-да журналистерге арналған пресс-тур өтті. Аталмыш мекеме өзінің өндірістік тыныс-тіршілігіне енгізген соңғы жаңалықтармен таныстырды.
«Uralsk Spring Кристальная» тауарлық белгісімен 15 жылға жуық ауыз су өндірісінің үздігі болып келе жатқан компания біртіндеп қуатын арттыруда. Цех сапалы су өндірудегі соңғы 30 жылдағы әлемдік үздік технологияға жататын STEELNEAD америкалық құрал-жабдықтармен қамтылған. Кейінгі жылдары италиян-американдық автоматтандырылған жү-йеге көшуде.
Бір қызметкер құтылардың сапасын бақылап, іріктеп, автоматқа салып отырады. Одан дайын шыққан 19 литрлік құтыдағы ауыз суды жүкшілер қабылдап алып, текшелеп жинайды. Адам күші осы істерге ғана қолданылады, қалған барлық шаруа автоматтандырылған.
— Бізге тұтынылған ауыз судың 19 литрлік құтылары кері қайтарылады. Олардың еш бүлінбегені іріктеледі. Автоматты жүйе ол құтыны арнайы қоспамен тазартып, дезинфекциялайды. Жүйенің келесі бөлігінде таза сумен шайылады. Кейін азондалған сумен мұқият жуылып барып ауыз су құйылады. Шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі сапа қатты қадағаланады, — дейді сапа маманы Самал Мерғалиева.
— Өніміміз азонмен байытылғандықтан құрамында түрлі минералдар көп. Сондықтан оны физиологиялық толыққанды су деп сенімді айта аламыз. Кальций мен магнийдің мөлшері, хлоридтер, құрғақ қалдық мекеменің зертханасында анықталады. Ыдыстардан сынама алынып, зерттеледі. Құтыларды жуатын ерітіндінің құрамы жарты сағат сайын тексеріледі, — дейді зертхананың инженер-химигі Нұрбибі Мырзағалиева.
— Өндіріс аумағында су шығатын ұңғымамыз бар. Ұңғымадан сынақ алынып, су құрамы үнемі қадағалауда болады. Одан су механикалық сүзгіге өтеді. Тұз көлемі тексеріліп, өте ұсақ сүзгілерден өткізіледі. 10 кубтық бөшкелерге жиналып, құрамына химиялық зерттеу жасалады. Осыдан кейін ғана құтыларға құйылады, — дейді мекеме директоры Лилия Хайруллина.
Бұрын ескі жүйемен сағатына 19 литрліктен 100 құты әзірленсе, қазіргі жаңа жабдықтар сағатына 450 құты дайындайды. Өнім БҚО, Атырау, Маңғыстау облыстарына тарайды. Директордың айтуынша, әзірге 19 литрлік құтыдағы ауыз су шығаратын бұл базада алдағы уақытта кішкентай құтыларға ауыз су құйылмақ. «0,5 литрлік құтыға су құю 19 литрден гөрі көп еңбекті қажет ететін үрдіс. Жыл соңына қарай нарық сұранысына сәйкес кіші құтыларға құятын жаңа құрал-жабдықтар алынып, өндіріс үш есе артпақ. Бұл жобаларды біз мемлекеттік бағдарламаларсыз бастай алмас едік. Тағы 20 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлаудамыз», — дейді Лилия Хайруллина.
Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ,
«Орал өңірі»
Суреттерді түсірген Медет ДОСУМОВ