Сәрсенбі күні облыстық А. Островский атындағы орыс драма театрында Мұрат Жәкібаевтың продюсерлік орталығы түсірген Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жеңіс тарихы» деректі фильмдер топтамасының тұсаукесері өтті. Тарихи шараға облысы әкімі Нұрлан Ноғаев, белгілі кинорежиссер Талғат Теменов, облыстық мәслихаттың депутаттары, соғыс және еңбек ардагерлері қатысты.
«Аман қалу бақыты», «10 жыл өткен соң», «Кездесу қуанышы» деп аталатын шағын бөлімдерден тұратын деректі фильм көзі тірі соғыс ардагерлерінің өнегелі әңгімесімен, тарихи естеліктерімен құнды. Ал жылдар өткен сайын олардың қатары сиреп, азайып бара жатқаны көңілге мұң ұялатады. Әсіресе, «Он жыл өткен соң» бөлімінде кеудесін оққа тосып, Отан қорғаған аталарымыздың қатарының тым сиреп қалғаны көңілді құлазыта түседі. Жылдар жылжып, уақыт сырғып өтіп, олардың қатары азайған сайын кейінгі ұрпақтың жеңісті алып келген аға ұрпаққа деген шексіз құрметі байқалады. Соғыс дегенді тек кинодан көріп, оқулықтан оқып өсіп келе жатқан кейінгі буын ардагер аталардың әңгімесін көздеріне жас алып, жүректерімен тыңдайды. Кездесу біткен соң да олардың жанынан кетпей, орден-медальдарын сипап, суретке түсіп жатқаны көрерменге әсер етпей қоймайды. Ең бастысы – бұл кадрларда оқушылар да, ардагер аталар да рольде ойнап тұрған жоқ. Бәрі тосыннан түсірілген, шынайы. Деректі фильмдегі картиналар желісі шынайылығымен көрерменге ой салады. Бүгіндері жастары 90-ға жеткен қариялар қайнаған қатал ұрыстың ортасынан аман-есен келіп, бейбіт күнді елмен бірге көріп жатқанына шүкіршілік айтады. Олар «біз батыр емеспіз, дәм-тұзымыз таусылмаған соң аман қалдық» дейді жай ғана. Соғыс кезінде өмірдегі ең жақын адамдарымен кездескен, аз уақытқа үйге келіп қайтқан сәттегі бастан кешкен сезімдерін айтқанда кейінгі ұрпақ бейбіт өмірдің қандай қымбат екенін түсінеді. Әр кейіпкер сол бір ұмытылмас, қимас шақтарды тебірене әңгімелейді. Жалпы, «Жеңіс тарихы» деректі фильмдер топтамасы көрерменге ой салып, тебірентеді. Уақыттың, тыныштықтың, қазіргі бейбіт өмірдің өзі бақыт екенін ұғындырады. Фильм кейіпкерлерінің қатарында Қадыр Ғайсин, Мұхтар Әжіғұлов, Алевтина Митрохина, Мәжит Жаданов тағы басқа батысқазақстандық Ұлы Отан соғысының ардагерлері бар.
Әр бөлімнен соң сахнаға көтерілген ардагер қариялар деректі фильмді түсірген Мұрат Жәкібаев бастаған шығармашылық ұжымға шексіз алғысын білдірді. Деректі фильм туралы өз ой-пікірін ортаға салған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Мұрат Жәкібаев пен оның шығармашылық тобының ізгілікті іс жасағанын атап өтті.
– Ұлы Отан соғысы туралы фильмдерді толқымай, тебіренбей қарау мүмкін емес. Біз – бізге бейбіт өмір сыйлаған аға ұрпақтың алдында мәңгі қарыздармыз. Күні кеше ғана көзбен көріп, әңгімесін тыңдаған майдангерлеріміздің көбі бүгінде ортамызда жоқ. Сондықтан оларды әр кез сағынышпен еске аламыз. Оқ пен оттың ортасынан аман келіп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқан ардагерлерді ұлықтап, оларға құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың борышы, – деді Нұрлан Асқарұлы өз сөзінде.
«Өзім де майдангердің баласымын», – деп сөз бастаған танымал режиссер Талғат Теменов шынайы ынта-ықыласпен түсірілген фильмнің сәтті шыққан туынды екенін айтты. Ерекше толқу үстінде жүрген Орал қалалық мәслихатының депутаты, іскер азамат Мұрат Жәкібаев: «Аға ұрпақты аялап, құрмет көрсету – біздің өмір бойғы парызымыз» – деді өз сөзінде.
Гүлжамал КЕНЖЕҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ