Бейсенбі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Орал және Ақтөбе архиепископы Антониймен кездесті. Кездесу барысында архиепископ өңір басшысына күллі Ресей және Мәскеу патриархатының «Слава и честь» орденін тапсырды. Кездесуден соң жергілікті христиандардың дінбасы журналистермен ой бөлісті.
– Еліміздегі сүттей ұйыған тыныштық, жасампаз еңбекпен жасалып жатқан ізгі істердің бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы. Оған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасын тыңғылықты орындап, Жайық жұртын ынтымақты жұмысқа жұмылдырған облыс басшыларының да еңбегі айтулы. Бұл азаматтар біздің байтақ елімізде ұлтаралық, дінаралық татулықты нығайтып, іргелі жұмыстарды жалғастыруда көп еңбек атқарып келеді. Осы ретте облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев та біздің өңірдегі алуан ұлт-ұлыстың басын қосып, ел игілігі үшін жұмыстануда. Біз өз тарапымыздан атқарушы биліктің дінаралық ынтымақты нығайтуға бағытталған әр ісін, әр қадамын қолдауға әзірміз. Өз басым Қазақстандағы татулықты, ынтымақты мақтан тұтамын. Сондықтан да күллі Ресей және Мәскеу патриархы Кириллдің Нұрлан Асқарұлына жолдаған «Слава и честь» орденін үлкен құрметпен табыстадым, – деді Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ