Мұрат СЫДЫҚОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры:
– Біз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы көп жайға қанықпыз деп ойлаймыз. Сонда негізінен білетініміз – оның саяси қызметі туралы деректер. Ал Мемлекет басшысының жеке басына, өміріне, азаматтық тұлғасына қатысты мәліметтерді біле бермейтініміз рас.
Елбасының қаламынан шыққан «Өмір өткелдері. Сұхбат кітабы» атты туындыда Нұрсұлтан Әбішұлының адами қыры жан-жақты ашылған. Әңгіменің алыстағы балалық шақ, жасөспірімдік кезең, оқу мен алғашқы еңбек жолынан басталуы тегін емес. Яғни жас жігіттің тұлға болып қалыптасуы, рухани құндылық-қағидаттарды санасына сіңіруі осы кезеңнен басталады. Президент шебер талдау арқылы сол бір кеңестік кезеңдегі күрделі саяси үрдістерді тануға шақырады, 1960-70 жылдардағы елдің дамуын тежеген факторларды ашып береді. Қазақ халқының ұлттық сана-сезімі қайта дүр сілкінген, ұлттық салт-дәстүрі қанат жая бастаған, тарихын тануға ұмтылған уақыт деп бағалайды. Кейін бұл Қазақ елінің егемендігіне, тәуелсіздігіне алып келген шешуші факторлардың бірі болды деп баға береді.
Кітаптағы тауарлардың ішінен Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып құрылуы, жас Қазақ еліне Нұрсұлтан Әбішұлының Президент болып сайлануы ерекше қызығушылықпен оқылады дер едім. Біз сол жарқын оқиғалардың куәгері болып, бел ортасында жүрсек те, Елбасы қабылдаған өміршең шешімдердің қалай жүзеге асқандығы, оның көреген саяси ойлау жүйесінің бүгінгі жемісі туралы тұшына оқимыз, оқи отырып таңдай қағып, тамсанамыз.
Мемлекет басшысының қаламынан туындаған жиырма шақты кітаптан бұл туындының ерекшелігі – солардың барлығын бір жерге түйіндеуінде, жинақтап, қорытындылап, жүйелеуінде. Елбасы өзінің өміріне, елдің тағдырына тағы бір байыптап көз жібере отырып, Қазақстанның кемел болашағын жасау үшін барлық салада, саясатта, экономика мен мәдениетте, тарих, өскелең ұрпақ тәрбиесінде нақты бағыт-бағдар ұсынады.
Бұл кітап – нағыз өз уақытында жазылған дүние. Кітапты оқу арқылы біз Елбасымен мақтанамыз, тәуелсіз, жасампаз елімізбен мақтанамыз, келешекке сеніммен қараймыз және қол жеткен барлық жетістіктеріміз Қазақстан Республикасының бірінші Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен байланысты екендігін терең түсінеміз.
Мерке САТЫБАЛДИЕВ, «Жастар қауымдастығы» ЗТБ төрағасы:
– Елбасымыздың «Өмір өткелдері» кітабын оқып шықтым. Осындағы сұхбаттан Ұлт Көшбасшысының өмір жолынан біраз ғибрат алуға болады. Мәселен, Украинаның Днепродзержинск қаласындағы №8 училищеден білім мен машықты ұштастыра игерген соң, алдымен, Теміртаудағы домна пешінің құрылысы аяқталғанға дейін бетоншы болып жұмыс істеген. 1960 жылы Қарағанды металлурия комбинаты ашылғаннан кейін штатқа болат қорытушы болып қабылданады. Одан домна операторының кіші көмекшісі ретінде алғашқы шойын балқытқандардың қатарынан табылады. Бір ғажабы, қарапайым мамандықтан бастап, қалалық партия комитетінің екінші хатшылығы, комбинатта партком хатшылығы лауазымына іскерлік қабілеті, қажыр-қайраты, алғырлығы арқылы қыз-мет бабымен тез көтеріледі. Кейін комбинаттағы шиеленісті ахуал, жұмыс орнындағы техникалық қауқардың, қыруар шаруаның жүйелі жолға қойылмауы, мамандар жайы турасында өткір мәселелерді Мәскеудегі КОКП ОК секретариаты алдында жасындай жарқылдап күн тәртібіне қояды. Нәтижесінде КСРО Металлургия және ауыр машина жасау министрлігінің басшыларына дейін жауапқа тартылады. Үкімет қаулысымен комбинат жұмысы оң бағыт алып, тіпті қаланың инфрақұрылымы жедел дами түседі. Теміртаудағы жарқын істер, осында жинақталған бай тәжірибе болашақ Астананың өркендеу көшіне алғы шарт болғанын Елбасымыз дәйектей айтады. Сөз жоқ, еңбекпен шынығып, ширыққан жігер кейін Қазақ елі тағдырына елеулі әсер еткенін осы кітаптан терең ұғынғанымды айтқым келеді. Біздей жастарға Елбасымыздың комсомол қатарындағы белсенділігі ерекше үлгі болатыны анық.