17.11.2015, 10:54
Қараулар: 312
Бірлескен қимыл қажет

Бірлескен қимыл қажет

г-98-Бала тәрбиесі отбасынан басталатыны айтпасақ та түсінікті. Бір тәуліктің, яғни, 24 сағаттың 6 сағатын бала мектепте, қалғанын отбасында өткізеді. Сондықтан да отбасы, ата-ана – басты тәрбие ұясы болып қала береді. Баланың сабаққа ынтасының артуы, тәрбиелі болып өсуі, мұғалім мен ата-ананың бірлескен жұмысының жемісі. Баланың әлеуметтің жағдайын кем қылмаймыз деп жүріп, отбасындағы тәрбие ісін осалдатып алғанымыз шындық. Мектепте тоқсанына бір өтетін ата-аналар жиналысына қатыспайтын ата-аналар да бар. Бұл тек біздегі ғана емес, республика көлеміндегі білім беру ордаларындағы алаңдатарлық жағдай. Сондықтан да шығар, биылғы 20 шілдеде өткен кеңесте Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің сол кездегі орынбасары Б.М.Сапарбаев ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты күшейту мақсатында ата-аналар қоғамдастығы алдында қоғамдық тыңдаулар өткізу жөнінде тапсырма берген болатын.

2015-2016 оқу жылының І тоқсанының қорытындысы бойынша өткен облыстық қоғамдық тыңдауға ауданымыздың 5 мектебінен ата-ана қатысып келді. Аталмыш шара Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі базасында өтті. Қатысушылар 5 топқа бөлінді. Әр топта түрлі қызықты тренингтермен басталған  шара, аталмыш мектептің куратор-педагогтарының тәрбие жұмысының жүйесі, ата-аналар кеңесі мүшелерінің өз жұмыстарын таныстыруымен жалғасты. Сонымен қатар, қатысушы ата-аналарға мектеп, жанұя, оқушы құндылықтары жөнінде постер қорғатты. Әсіресе, мектептің тәрбие жұмысын жандандыру бағытындағы әлеуметтік жоба көптің көңілінен шықты. Топтық жұмыстан соң, мектептің мәжіліс залында пленарлық мәжіліс өтті. Мәжілісте облыстың білім-тәрбие беру ұйымдарында атқарылған жұмыстар, суицидтік мінез-құлықтың пайда болу проблемасы, кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылық, жастардың деструктивтік діни ағымдарға тартылуы, тамақтандыруды ұйымдастырудың қауіпсіздігі туралы тиісті сала қызметкерлерінің есебі тыңдалды. Бұл көрсеткіштер ішінде облысымызда жасөспірімдер арасында суицид мәселесінің өршіп тұрғаны жан түршіктірді…

Облыстық білім басқармасының қосымша білімді дамыту және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Батырғалиева Луара Хайрекенқызы қоғамдық тыңдауды ауданымыздан қатысқан Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің ата-аналар кеңесі төрайымы Мөкешева Екатерина Жолдығалиқызының қоғамдық тыңдауға арнаған өлең жолдарымен қорытындылауы ауданымыздың мәртебесін бір көтеріп тастады. Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары дайындаған «Жерұйық –Мәңгілік ел» тақырыбындағы театрландырылған қойылымы да сәтті шықты. Қоғамдық тыңдауға қатысушылар мектеп ішімен танысып, бұл тыңдаудан алған әсерлерінің мол екендіктерін және көргендерін өз жерлестеріне жеткізетіндіктерін сөз етті.

Айтылмаса сөз жетім. Көңіліміздегі мына бір жайды да оқырмандарға жеткізе кетейік. Облыстық әдістемелік кабинеттің тапсырмасы бойынша қатысушы ата-аналар мектептегі мұғалімдер арасынан емес, басқа сала немесе үйде отырған ата-аналардан жіберілуі керек-тұғын. Бұл дегеніміз – шараға ата-ана өз қаражаты есебінен барады деген сөз. Оған Ш.Жексенбаев, Б.Жәнекешев, М.Бегалиева атындағы орта мектептердегі ата-аналар кеңесі төрайымдары мен мүшелері сөзге келместен келіссе, басқалары бас тартты. Бала тәрбиесі баршаға ортақ емес пе?! Жолға кетер тиын-тебенімізді есептемей, жаңашылдықты көріп, көңілге түйіп, тәжірибе алмасып, баламыздың тәрбиесі мен мектептің ортақ ісіне өз үлесімізді қоссақ қайтер еді?!… Бұл қоғамдық тыңдау әр тоқсан сайын өтетіндіктен болашақта ата-аналар тарапынан кедергілер туындамағаны жөн.

Назгүл ТІЛЕПОВА,

әдістемелік кабинеттің тәрбие жұмысы жөніндегі әдіскері.