7.12.2015, 11:03
Қараулар: 396
Қариялар, сарқылмас дариялар…

Қариялар, сарқылмас дариялар…

Жақында аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, орынбасары Лариса Қайырғалиева, мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов, ардагерлер ұйымының төрағасы Серік Таңатов Ұлы Отан соғысының ардагері, тоқсанның тұғырына қонақтаған Камал ата Нарболовтың шаңырағында болып,  майдангердің хал-ахуалын біліп, сый-сияпат тарту етті. Кезінде салауатты өмір салтын ұстанған қария кәріліктің кемеліне жетіп отырса да, құлағының ауырлау еститінін бір ғана сөзбен:

–Сендердің не айтып жатқандарыңды жөнді ести алмай отырмын. Дұрыс түсінбей қалсам, айып етпеңіздер!-деп ілтипат білдіре тіл қатып, осынау ат үстіндегі азаматтардың елеп-ескеріп келіп жатқандарына алғысын жаудырды. Жақсы күтіммен отырған қадірлі қарияның  мәдениеттілігі мен жинақылығы алып бәйтеректің реңі өзгерсе де, тамыры тереңде қалатынының дәлеліндей көрінді бізге. Келгендер қарияның қыз-күйеуі Нәйлагүл  Камалқызы мен Қуандық Елемесұлының дастарханынан дәм татып, ардагердің алдағы мерекелі күндерді де ұрпақтарымен бірге қарсылауына тілектестік білдірді.

* * *

Аудан басшысы бастаған топ осы күні Хан Ордасы ауылындағы тағы бір қарт майдангер Нәсіпқали Жұмағалиев атамен де жүздесіп қайтты. Әңгімеге көрік беріп отыратын қария тоқсанның ауылына қадам басқанымен, әлі  де тың һәм елді сөзіне ұйыта білетін қалпынан айнымапты. Аудандағы жаңалықтарға да құлағы түрік. Кезінде шопан ата таяғын ұстап, адал еңбегімен қадірі артқан Қанатбай Айтқалиев ағайды да осы шаңырақтан ұшырастырдық. Өз кезегінде меймандар майдангерге тарту-таралғысын ұсынса, қария дастархан үстінде әдемі әзілімен де отырыстың сәнін келтіре білді. Көңілі жастық шақтың  көк дөненіне мінген  ата әскери әндерді шырқап, жадының мықтылығын да аңғартты.

Иә, соғыс сұрапылын көрген ол бүгінде өмірлік қосағы Рысқаным әжемен ұрпақтарының ортасында елге сыйлы тірлік кешуде. Көңілдері дария көнекөздермен қоштасар кезде «Аман бол, ағаларым!» деген тілек көкейімізге еріксіз ұялай берді.

Гүлнар ҚАДЫРОВА.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар