7.12.2015, 11:20
Қараулар: 369
 » 
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына ЖОЛДАУЫ. Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына ЖОЛДАУЫ. Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму

0Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті Парламент депутаттары мен

 Үкімет мүшелері! Ханымдар мен мырзалар!

Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғаны­мыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолында­ғы өл­шеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық бе­­лесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі  талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді.

Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар. Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлері мен тың мүм­кіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде. Алпауыт елдердің текетіресі мен өзара санкциялар алмасу дүниені тұйыққа қарай бастауда. Біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасы еселеп құлдырады. Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз – бәріміз үшін, бәрі­міз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, ең­бек етуге тиіспіз.

Сәт сайын құбылған аласапыран заман­ға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымыз­ды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бүгін жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындайтын Қазақстан хал­қына Жолдауымды жария етпекпін.

 Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері! Ханымдар мен мырзалар!

 

Бірнеше күннен кейін тарих ел Тәуелсіз­дігінің 25 жылдығының есебін бастай­ды. Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жа­­һан­дық шаруашылық байланыстарға қосыл­ған егемен ұлттық экономика және ұлт­тардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасты. Біз бәріміз бірге көптеген сынақтарға төтеп бердік, шынықтық және нығайдық. Біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткіздік. Біздің халқымыз бұған дейін ешқашан бүгінгідей жақсы өмір сүрген емес. Біз көп нәрселерге қол жеткіздік.

Қазір әлем шапшаң қарқынмен өзгеруде. Басқаша дәуір туып келеді. Біздің көз ал­дымызда өзгеше мүмкіндіктері мен тәуе­келдері бар жаңа жаһандық нақты ахуал пайда болуда. Бүгінде Қазақстан экономикасына әлемдік рыноктардағы құлдырау туындатқан бірқатар сыртқы факторлар те­ріс әсерін тигізуде. Жаһандық дағдарыстардың шығу төркіні біздерге байланысты емес. Жаһандық дағдарыстар ықпалынан ешкім де сақтанып қала алмайды.

І. Жаңа жаһандық нақты ахуалдың сынқатерлері

Бүгінде бізге де әлем дамуы­ның бүкіл сын-қатерлерін көре бі­лудің маңызы зор.

Біріншіден, қазіргі жаһандық дағдарыс жаппай қамту сипатына ие. Іс жүзінде барлық әлемдік рыноктар – қаржы, көмірсутегі, металдар, азық-түлік және бас­қа да рыноктар тұрақсыз. Біз­дің экспорттық өнімдерімізге сұ­ра­ныстың төмендеуінің негізгі себебі де осында.

Екіншіден, әлемнің барлық эко­номикаларында да эконо­ми­ка­лық өсімнің баяулауы бай­қа­луда. Бүгінде жаһандық ІЖӨ өсімінің үнемі төмендеуі жө­нін­­дегі болжамдар ешкімді де таңқалдырмайды. 2011 жылдың күзінен бастап Халықаралық валюта қоры оларды 5-тен 3 па­йызға дейін төмендете отырып, болжамдық көрсеткіштерді 6 рет қайта қарады. Және, шамасы, бұл да шек емес сияқты.

Үшіншіден, бүгінде мұнайдан түсетін супертабыстар жоқ.

Төртіншіден, жаһандық экономика саяси факторлардың қы­сымын сезінуде. Әлем тұрақсыз бола түсті. Жетекші державалар бір-біріне қарсы санкциялар ен­гізді. Олардың арасындағы се­нім күрт төмендеп кетті. Таяу жә­не Орта Шығыс, Солтүстік жә­не Ор­та­лық Африка өңіріндегі тұ­рақ­сыздық пен дау-жанжалдар кең ауқымды босқындар ағынына апа­рып соқтырды. Әрбір күн террорлық актілер мен ондаған адам­­дар­дың қаза тапқандары туралы хабарлар жеткізуде. Бүгінде халықаралық терроризм әлемге елеулі қатер төндіріп тұр. Бұл тәуелсіз мемлекеттердің ішкі істеріне сыртқы күштердің араласуы жолымен мемлекеттіліктің күйреуінің нәтижесі.

Әлемнің дамуы күштердің әлемдік және өңірлік орталық­та­рының арасындағы қатаң бәсе­келестік аясында жүретін бо­ла­ды. Жаңа жаһандық өмір шын­ды­ғы­ның сын-қатерлеріне біз өзіміз­дің нақты мүмкіндіктеріміз негізіндегі біртұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоюымыз керек.

 

ІІ. Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері

Жаһандық дағдарыс – ол  тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер. Әлемдік ау­­қым­дағы көптеген компания­лар дамудың дағдарыстық кезе­ңін­де сәтті компанияларға ай­нал­ды. Іс жүзінде соңғы жарты жүз­жылдықта табысқа қол жеткізген елдердің бәрі тура мағынасында нөлден бастаған болатын. Біздің Қазақстанның өзі де дағдарыс дәуірінде өмірге келді. Алғашқы онжылдықта – Тәуелсіздіктің қа­лыптасуының ең қиын кезеңінде – біз негізінен «мұнайсыз» өмір сүр­дік. Тәуелсіз Қазақстан әр кез­де де сыртқы экономикалық сти­хия­ларға кереғар дамып отыр­ды. Біз Тәуелсіздігімізді жария­лаған өткен ғасырдың 90-шы жыл­да­ры­ның бірінші жартысы біз үшін қолайлы бола алды ма? Ол уақыттары өндіріс тоқтап, адамдар жұмыссыз және өмір сүруге қажетті қаржысыз қалды. Біз лайықты түрде, әрбір қадам сайын ол дағдарысты еңсере білдік. Біздің еліміз өзгерістер­дің алғашқы нәтижелерін енді ға­на сезіне бастаған сәтте 1997-1998 жыл­дардағы Оңтүстік-Шы­ғыс Азия­­­дағы қаржы дағдарысы келіп жетті.

Сол уақыттары қабылданған стратегиялық шешімдер мен іс-
қимылдар маңызды оң сипатты мәнге ие болды. Ол кең ау­қым­ды жекешелендіру мен біздің эко­номикамызға көптеген транс­ұлттық компаниялардың келуі. Сол кезеңде біз жаңа елордамыз – Астананың құрылысын қолға алдық, Каспий құбырлы өткізгіш консорциумы жұмыс істей бастады, «Қазақстан-2030» Стратегия­сы бастау алды. 2007-2009 жыл­­­дардағы дүниежүзілік қаржы дағдарысы туындаған кезде Ұлт­тық қор құру туралы шешімнің маңыздылығы мейлінше айқын бола түсті. 20 миллиард доллар­дай – Қазақстан ІЖӨ-сінің 14 пайызы – жұмыспен қамтуды қол­дау­ға, жолдарды жөндеуге және салуға, қалалар мен ауылдарды көріктендіруге бөлінді. Банк секторы, шаруа қожалықтары, шағын және орта бизнес көмекке қол жеткізді. Арам ниетті құрылыс салушыларға алданған мыңдаған үлестік құрылысқа қатысушы­­лар мемлекеттің ізгілікті ерік-жіге­рінің арқасында жаңа тұрғын үй­лер алып шықты.

Біз дағдарысқа қарсы екі жоспарды әзірлеп, дәйектілікпен жү­зеге асырдық. Бұл біздің эко­­но­микалық қиындықтарды еңсе­рудегі зор да табысты тәжіри­беміз. Қазіргі жаһандық дағда­­­рыс біздің басымызға күтпеген жерден келіп түскен жоқ. Мен жаңа толқынның қайткенде де келіп соғатынын талай рет айтқанмын. Бұл жолы Қазақстан дағдарыс­­қа қарсы алдын алу стратегиясын алғаш рет қолданып отыр.

Біріншіден, біз қазірдің өзінде ин­дустриялық-инновациялық даму­дың екінші бесжылдығын баста­дық, яғни шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудамыз.

Екіншіден, біз Нұрлы Жол»  Мем­лекет­­тік инфра­­құр­ы­лым­дық даму бағдар­­ла­масын қабыл­дадық. Дағ­­да­­рысқа қарсы шара­лардың ма­ңызды аспектісі ұлт­тық валютамыз теңгенің еркін бағамға көшуіне байланысты болды.

Үшіншіден, біз «5 институттық ре­форманы жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудамыз. Парламент Ұлт жоспарын заңнамалық қам­та­ма­сыз ету үшін жұмыс істеуде. Олар 80-нен астам заң. Олар біз жос­­­­пар­лағандай, 2016 жылдың 1 қаң­­­­та­ры­нан жұмыс істей бастайды. Ша­ғын және орта кәсіпкерлік үшін әкім­шілік кедергілер жойылуда, мем­­­­ле­кеттік басқару, білім беру мен ден­сау­лық сақтау жетілдірі­лу­де. Осы шаралардың бәрі де мемле­кетке, қоғамға біздің экономика­мыз­ға қо­сымша төзімділік береді.

Төртіншіден, біз қажетті мемлекеттік қор мен алтын-валюта резервін жинақтадық.

Бесіншіден, менің тапсырмам бо­йынша, бұған дейін мен айтқан­­дай, мұнай бағасы баррельіне 30-ға дейін және 20 долларға дейін тө­­мендеген жағдайларға ойлас­тырыл­ған іс-қимылдар нұсқасы әзірленді.

Алтыншыдан, Қазақстанда инно­вациялық индустрияландыру шең­берінде  құрылған экономи­ка­ның жаңа секторлары экономикалық өсім­­нің драйверлеріне айналуда. Көп­те­ген өңдеуші салалар өсім көр­­се­тіп отыр. Бес жылда өң­деу өнер­кәсібі 1,3 есе, химия өнер­кә­сібі мен құрылыс материалдары өндірісі 1,7 есе өсті. Машина жасау өнімдерін шығару 2,2 есе, экспорт 3 есе артты. 800-ден астам ин­дустриялық жобалар жүзеге асырылды. Биылғы жылы металлургия өнеркәсібі бірден 15 пайызға, химия өнеркәсібі 3,2 пайызға ұлғайды. Минералды өнімдер өндірісі 3,2 пайызға, киім-кешек 4 пайызға өсті. Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі Қазақ­стан үшін 2016 жылға жоғары эконо­ми­калық өсу қарқынын болжап отыр.

Жетіншіден, қазақ­стандық­тар­дың экономикалық мінез-құ­лық­тары өзгеруде. Еңбек өнімділігінің 60 пайыздан астамға артқаны бай­қалып отыр.

* * *

Біздің халқымыз ешқашан бү­гінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олар­дың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы халық­тың тұрмысының, денсаулығы­ның тү­зелуі, санының өсуінің нәти­же­сінде қазақстандықтардың орта­ша өмір ұзақтығы 72 жасқа жуық­та­ды.

Мемлекет қандай жағдайда да әлеуметтік міндеттемелерін ша­шау шы­ғармай орындап келеді. Та­ри­хы­мыз­ды түгендеп, мә­де­­ние­тімізді өркендетуге қол жет­кіз­дік. Жаңа жылдан бюджет қыз­мет­керлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы ор­таша алғанда 30 пайызға дейін көбейеді. Осының барлығы ха­лық­тың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне толық негіз болады.

 

Құрметті қазақстандықтар!

Осыдан екі жыл бұрын мен «Қазақстан-2050» Стратегиясын жа­рияладым. Осы уақыттың өзін­де-ақ біз оны жүзеге асыруда, тіпті, жаһандық дағдарыстың теріс ықпалына қарамастан, орасан зор нәтижелерге қол жеткіздік.

Біріншіден, Давос эконо­мика­лық форумының Жаһандық бә­се­кеге қабілеттілік индексі көрсет­кіші бойынша Қазақстан әлемде 42-ші орынға ие болды.

Екіншіден, бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар жасайтын елдердің әлемдік рейтингінде Қа­зақстан 41-ші позицияны иеленді.

Үшіншіден, бүгін, 30 қарашада Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының заңды түрдегі толық­қанды мүшесі болды. Ол туралы ДСҰ-ның Бас кеңесінің отыры­сын­да ресми түрде хабарланатын бо­ла­ды. Бұл оқиға тәуелсіз Қазақ­-
стан­ның тарихындағы маңызды кезең болып табылады. Ол біздің еліміздің толыққанды сауда-эко­­номикалық әріптес ретінде мо­йындалуын айғақтайды. Қа­зақ­­стан­ның ДСҰ-ға өтуі біздің экс­­порттау­шы­ла­ры­мыз үшін де, эко-
­но­ми­ка­мыз­дың шешуші сектор­ларына келетін шетелдік инвесторлар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады.

 

ІІІ. Біздің дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз

Бүгінде көптеген жайттар Ұлы Қазақстан жолы мен Мәңгілік Ел идеясын бастап отырған өзімізге байланысты. Біздің ұзақ мерзімді, орта мерзімді және таяу бола­шаққа арналған іс-қимыл стратегияларымыз бар.

Қазір және кез келген басқа уақытта біздің дағдарысқа қарсы басты стратагемамыз үш қара­па­йым, бірақ маңызды – өсім, реформалар, даму ұғымдарымен үндес.

Біріншісі – өсім. Әңгіме ең алдымен, экономикалық өсім туралы болып отыр. Ағымдағы міндеттерге қатысты алғанда бізге Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған отыздығына енуін қам­тамасыз ететін экономикалық өсім қарқынын қалпына келтіру қажет. Біз жеке бастамаларды дамыта отырып, өсімнің жаңа ішкі көздерін ашуға тиіспіз.

Екінші – реформалар. Олар экономиканың, қоғам мен мем­лекеттің тұрақтылығын қам­тама­сыз етеді. Қазір біз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырып жатырмыз. Олар өз ауқымы жағынан біз 90-шы жылдары
жүр­гізген реформалар ауқымына сәй­кес. Бізге мемлекеттік жә­не кор­­­поративтік менеджментті, қар­жы және фискалдық сектор­­лар­­ды неғұрлым тереңірек рефор­ма­лау мейлінше қажет.

Үшінші – даму. ХХІ ғасырда қоғамның барлық салаларын үз­діксіз жаңғырту дамудың басты факторына айналып отыр. Біз Жал­пыға Ортақ Еңбек Қоғамы, жо­ғары әлеуметтік жауапкершілік, халықтың неғұрлым әлсіз буын­дарына атаулы көмек қағидатта­рында бүкіл мемлекеттік, қоғам­дық және жеке институттарды кең ауқымды жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізудеміз.

 

  1. Дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағыты

 

Таяу уақыттарда бізге келесі бес бағыт бойынша дағдарысқа қар­­сы және құрылымдық кешенді жа­ңаруларды жүзеге асыру қажет.

БІРІНШІ. Қаржы секторын тұ­рақтандыру

Біздің маңызды міндетіміз – қаржы жүйесін жылдам тұрақ­тан­дыру, оны жаңа жаһандық нақты ахуалға сәйкестендіру.

Біріншіден, қаржы секторының теңгенің еркін бағамы жағдайын­да тиімді жұмыс істеуін қамтама­сыз ету. Мұндағы қағидатты сәт сол, Ұлттық валютаның бағамына Ұлттық қор қаржылары есебінен шексіз қолдау көрсету тәжірибе­сіне қайта оралу болмайды. Ұлт­тық банк банк секторының бар­лық субъектілеріне жұмыс істемей­тін несиелер бойынша стресс-тесті­леу жүргізуі қажет. Оның нәтиже­лері бойынша оларды мойындау және есептен шығару жөнінде шаралар қабылдау керек. Капи­талдандыру проблемаларын ше­ше алмаған банктер қаржы жүйе­сі­нен «кетуі» тиіс. Қазақстандық банктер барлық халықаралық стандарттарға, соның ішінде, Базель комитеті мен Халықаралық валюта қорының стандарттарына сәйкес келуі қажет. «Долларсыздандыру» құралдарын кеңейту арқылы ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуға қол жеткізудің маңызы зор.

Екіншіден, инфляциялық тар­гет­теу шеңберінде Ұлттық банк орта мерзімді болашақта инфля­ция деңгейін 4 пайызға дейін тө­мендетуі керек. Ол үшін пайыз­дық мөлшерлемелерді икемді өзгерту тетігі толыққанды пайдаланылуы тиіс.

Үшіншіден, Ұлттық банктегі инс­титуттық кемшіліктерді жою қа­­­жет. Біртұтас Зейнетақы қорын, Проблемалы несиелер қорын жә­не басқа да қаржы институттарын оның бақылауынан шығару керек.

Төртіншіден, 2016 жылы зей­­нет­ақы активтері жеке қа­зақ­­стан­­дық немесе шетелдік ком­па­ния­лар­­дың басқаруына бе­рі­луі тиіс. Зейнет­ақы жиналым­да­ры­ның табысты­­лығын арттыру мақсатында зей­­нетақы қаржыларын инвестиция­лау­ға көзқарастарды қайта қара­ған жөн. Зейнетақы қорына көз­қарас пен басқару да Ұлттық қор­ға көз­қарас пен басқару сияқты болуы керек.

Ұлттық банк қоғам мен қаржы мекемелеріне өз қызме­ті­нің мә­се­-
лелері бойынша үне­мі тия­нақ­ты ақпарат беріп тұ­руы тиіс. Қар­жы секторына қатысу­шы­лар­дың бәрімен қа­лып­ты жұмыс бабын­дағы үнқатысуды жолға қоюдың маңызы зор. Осы аталған барлық кезек күттірмес шараларды қа­был­дағаннан кейін ғана экономиканы ынталандыруға, соның ішінде монетарлық тәсілдермен ынталандыруға кірісуге болады. Мен жаңа басшылықтың Ұлттық банкті сауатты басқаратынына сенемін. Біздің бәріміздің де ұлт­тық валютамыз – теңгеге сенуіміз қажет. Теңге салымдары – бүгінде аза­маттардың жиналымдарын сақ­таудың ең үздік құралы.

ЕКІНШІ. Бюджет саясатын оң­тайландыру

«Көрпеге қарап көсілу» – бұл, әсіресе, жаһандық дағдарыстың ықпалы жағдайында біз үшін тексерілген қағидат және бюджет саясатының дұрыс моделі.

Бүгінде біз бюджетке салықтық түсімдердің 20 пайызға дерлік тө­мендегенін айтып отырмыз. Қо­­­­сыл­ған құн салығын төлеу көле­мі төрттен бірге, ал табысқа кор­­по­ра­тивтік салық бойынша 13 пайызға төмендеді. Бұл бар бол­­­ға­­ны бизнеске қосымша қы­сым­­ды білдіретін болады. Бюджет шы­ғын­дарын Ұлттық қор есебі­нен жабу – көрегендік емес. Біз ал­­­да­ғы жылдардың қандай бо­ла­рын білмейміз. Сондықтан ме­нің ұстанымым қағидатты – Ұлттық қор қаржыларын ағымд­ағы шы­ғындарға пайдалану тоқта­тылуы тиіс. Ұлттық қордан республикалық бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген, шектеулі трансферт бірден-бір тетік болуы керек. Үкі­метке Ұлттық қор қаржыларын жаңа жаһандық өмір шындығы жағдайында қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжы­рым­да­масын әзірлеуді тапсырамын.

Бізге мемлекеттік кірістер мен шығыстардың бүкіл жүйесін қай­та қарау қажет. Ең алдымен, бюджеттің кіріс базасын ұл­ғай­ту керек. 2017 жылы қазіргі ҚҚС-тің орнына сатудан түсетін са­лық­ты енгізу қажет. Барлық тиімсіз салықтық жеңілдіктерді жойған жөн. Салықтық режімдерді оңтай­ландыру қажет – тек үш деңгей ғана қалуы керек. Олар – жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын және орта бизнес, сондай-ақ аграрлық сектор үшін арнайы салық режімі. Мұндай механизм «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығатын болады.

Салық саласының мөлдірлігін арттыру Үкіметтің басты міндеті болуы тиіс. Тек осылай еткенде ғана экономиканың әрбір субъек­тісі салықтарды толық көлемде төлеуге мүдделі болмақ.

Үкімет салықтық әкімші­лен­ді­­ру­дің тиімділігін қамтамасыз етуі керек. Бүгінде мүлікті жария ету мерзімдері 2016 жылдың 31 жел­тоқсанына дейін ұзартылды. Мү­­­лік пен ақшаны заңды айналымға қай­тару үшін қосымша ынталан­дырулар қабылданды. Құпиялы­лық пен сот қудалауынан қорғау­ға ке­пілдік беріледі. Үкіметке жа­рия ету жағдайларына тағы бір рет талдау жасауды және қажет бол­ған жағдайда, оған қатысушылар­ға ке­­­­­пілдікті күшейтуді тапсырамын. Мен мүлікті жария етуге қа­ты­су жөнінде әлі де ойланып жүр­ген­дердің барлығын осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға шақырамын.

2017 жылдың 1 қаңтарынан кі­­­рістер мен шығыстарды жаппай декларациялау күшіне енеді. Одан кейін, олар қайда болса да, олардың шығу төркіні мен салық салынуын анықтау үшін, соның ішінде Экономикалық ынты­мақ­тастық пен даму ұйы­мы­ның көме­гімен, есепшоттар мен активтерді анықтау бойынша шаралар қа­­был­данатын болады.

Енді бюджет шығындарын оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы. Үкіметке барлық бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізуді тапсырамын. Дағдарыс жағдайында әр теңге де маңыз­­ды. Тиімсіз шығындар немесе же­ке сектор есебінен жабылуы мүм­­кін шығындар бюджеттен шыға­рылуы тиіс. Өңірлік және индус­­­­­трия­лық даму бағдарламаларының шығын­дарын қайта қарау қажет.

Мемлекеттік шығындар мен суб­сидиялар жүйесін де қайта қа­раған жөн. Бүгінде бүтіндей бір са­­лалар мемлекет есебінен өмір сүруде. Сонымен бірге мәселен, «ҚазАгро» корпорациясы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қолдау құралдары бүкіл ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің тең
жартысы үшін қолжетімді емес. Бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекет-жеке меншік әріптес­тігі тетігін белсендірек қолда­ну қа­жет. Экономиканың басым сала­ла­ры­на жеке инвестиция­­ларды ынталандыру бойынша қо­сым­­­­­ша шаралар қарастыру керек. Жеке инвесторларды жол, газ құ­бы­ры, ауруханалар, мектептер және басқа да нысандар құрылысына ғана емес, сонымен бірге оларды қайта жаңғыртуға және техникалық қызмет көрсету­ге тартудың да маңызы зор. Бюд­­жет шығындарын оңтайландырудан бо­­­саған барлық қаржыны бірінші кезекте халық үшін нақты нәтижелер әкелетін жобаларға бағыттау қажет.

ҮШІНШІ. Жекешелендіру жә­не экономикалық бәсеке­лес­тікті ынталандыру

Бүгінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босатудың маңызы зор. Ол үшін біз екі тиімді құралды – кең ауқымды жеке­ше­лендіруді және бәсекелестікті ұл­­ғайтуды пайдалануға тиіспіз. Бүгін­де өсім мен бәсекелестікті не ұстап тұр?

Ең алдымен, үлкен мем­лекет­тік сектор – 7 мыңнан астам кә­­сіп­орындар. «Самұрық­­-Қазы­на» және «ҚазАгро» хол­динг­тері өнеркә­­­сіп пен ауыл шаруашы­лы­ғының орасан зор активтеріне тиім­ді бақылау жасай алмайды. «Са­мұ­рық-Қазына» қорының активтері ІЖӨ-нің 40 пайыздан астамын құрайды, 500-ден астам «немерелер» мен «шөберелерден» тұрады. «ҚазАгро» және «Бәй­те­рек» холдингтері бюджет пен банк­­­тер ара­сындағы тиімсіз дел­далдарға айналды. Осылардың бәрі далиған штаттармен және орасан бюджеттік ресурстармен қоса жүреді, сонымен бірге жеке инвестициялар мен бастамаларды ығыстырып шығаруға апарып соқтырады.

Қазір мемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіруге шектеулерді алып тастау маңызды. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мен Азаматтық кодекстің бірқатар ережелерін қайта қарап, жекешелендіруге жатпайтын стратегия­лық нысандардың санын қысқарту қажет. Үкіметке мем­ле­кет­тік меншіктегі ұйымдар­­дың бәрін қо­са отырып, Жеке­ше­лендірудің жа­ңа бағдар­ла­ма­сын жасауды тап­­­­­­сы­ра­мын. Олар­дың ішінде, «Са­мұрық-
Қазына», «Бәйтерек» жә­не «Қаз­­Агро­ға» кіретіндері де бар. Жеке­ше­лендіру­ден кейін осы үш бас­қарушы холдингтің бәрі ықшам ұйымдарға қайта құрылымдала­тын болуы тиіс.

Жекешелендіру әділетті на­рық­тық баға бойынша, ашық және бәсекелі жүзеге асырылуы керек. Мұнда акцияларды қор нарық­та­рына орналастыру мен ашық аук­циондар шешуші тетіктерге ай­налуы тиіс. Оған қазақстандық және шетелдік инвесторларды ба­­рынша мол қатыстыру үшін жағ­­дай жасау керек. Үкіметке бар­лық акционерлердің мүлкінен айы­­­рылғандардың активтерін са­тып алуға деген басым құқықтарын алып тастауды тапсырамын.

Әрі қарай, Үкімет еркін және саламатты бәсеке үшін жағдайлар жасауы тиіс.

Біріншіден, Үкіметке антимоно­полиялық қызметті күшейту бо­­йын­ша нақты ұсыныстар жа­сау­­ды тапсырамын. Бізге анти­мо­но­по­лия­лық ведомство туралы   мәрте­бе­сі мен жұмыс тәртібі нақты рег­ламенттелген жеке заң керек.

Екіншіден, бағаны жасанды рет­­­теу түрінде нарықтық ынта­лан­­­дыруларға қатысты бұрма­лау­ларды жою қажет. Үкіметке эко­но­миканың барлық секторларында нарықтық баға қалыптастыруға әрі қарай көшуді жалғастыруды тапсырамын.

Үшіншіден, бәсекелестік сала­сындағы саясат банкроттық және тиімсіз компанияларды оңалтуды тиімді реттеу үдерістерімен қоян-қолтық жүруі тиіс. Нарықтық экономика – күштілердің бәсекесі. Жеңілгендер нарықтан кетуге немесе қайтадан бастауға мүмкіндік алулары керек. Бізде мұндай жоқ. Тиімсіз компаниялар мемлекеттен түрлі түрдегі субсидиялар мен жеңілдіктер алу үшін кезек­­­­ке тұрады. Бірде-бір дамыған ел­­де компаниялардың банкроттығы са­­­ланың ыдырауына немесе жұмыс­шыларын босата отырып, кә­сіпорынның тоқтауына алып келмейді. Тиімсіз менеджерлердің орнына өзімен бірге инвестиция­лар әкелетін жаңа меншік иеле­рі келеді. Біз бәсекеге қабілетсіз компанияларды мемлекет есебінен «сүйремеуге» тиіспіз. Үкіметке  жеке және заңды тұлғалар үшін банкроттықтың нақты және түсі­нікті ресімдерін жасауды тапсырамын. Ол барынша жеңілдетілген болуы тиіс.

Кәсіпкерлер, іскер азаматтар!

Мемлекет сіздердің бизнес­те­­­­ріңізді дамытып, аяққа нық тұру­ларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды.

* * *

Мен кәсіпкерлер табына, бар­лық ауқатты қазақстандықтарға, барлық бизнесмендер мен іскер адамдарға сөз арнағым келеді. Мем­лекет жекешелендіру мен эко­номикалық ырықтандыру бо­йынша біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған қадамдарға барып отыр. Еліміз қазірдің өзінде көп­шіліктеріңізге ақша табуға  жә­не іскерлік журналдардың бірінші беттерінен көрінуге мүмкіндік берді. Мен сіздерді капиталдарды заңдастыруға, жекешелендіру тендерлеріне белсенді қатысуға шақырамын. Осылайша сіздер өз­деріңізге және Қазақстанға, барша халқымызға жәрдемдесетін боласыздар.

ТӨРТІНШІ. Жаңа инвести­ция­лық саясаттың негіздері

Таяудағы онжылдықта Қазақ­станның алдында тұрған міндеттер:

— экономиканың жыл сайынғы өсімін 5 пайыз деңгейінде қамта­масыз ету;

— өңделген тауарлардың экс­портын 2015 жылмен салыстыр­ғанда кем дегенде екі есе ұлғай­тып, оны жылына 30 миллиард дол­ларға дейін жеткізу;

— экономикаға жыл сайынғы ин­­­­вестициялардың көлемін 10 мил­лиард доллардан астамға ұл­ғай­тып, тұтастай алғанда 10 жыл ішін­де – кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізу;

— 660 мыңнан астам жаңа жұ­мыс орындарын құру, еңбек өнім­ділі­гін 2 еседен астамға арттыру.

Экономикалық өсімнің мұндай қарқыны тек экспорттық табыс­­тар ағынын мүмкін ететін жаңа драйверлер қалыптастыру есебінен ғана қамтамасыз етіле алады.

Жаңа жаһандық нақты ахуал­дың мәні тек әртараптандырылған экономиканың ғана  жаһан­дық дағдарыс салдарына тиімді қарсы тұра алатынында болып табылады. Сондықтан да біз индустрия­ландыру бағдарламасын жүзеге асыру үстіндеміз. Бізге жаңа ин­вестициялық саясат керек.

Біріншіден, трансұлттық кор­по­ра­цияларға екпін түсіре оты­рып, жеке инвестициялар тарту маңызды. Біз «күрделі инвести­­ция­лар» тарту үшін оңтайлы орта қа­лыптастыруымыз керек. Осы жы­лы «Астана» Халықаралық қар­жы орталығын құру туралы шешім қабылданды. Ол исламдық қар­­жы­ландыру, приват-банкинг жә­не қайта сақтандыру салаларында өңірлік хаб болады. Қазақстан күшті институттары, білікті, тиімді және болжамды үкіметі бар өңір­дегі көшбасшы-елге айналуы тиіс. Бізде озық техникалық кадр­лар, әлемдік деңгейдегі инфра­құ­ры­лымдар болуы тиіс, қоғамдық тәр­тіп пен адамдардың жеке қауіп­сіздігі қамтамасыз етілуі керек.

Инвестициялық ахуалды жетілдіруге бағытталған реформаларды әрі қарай жалғастыру ЭЫДҰ  және басқа да халықаралық қар­жы институттарымен бірлесіп жүргізілуі тиіс. Үкіметке үш ай мерзім ішінде инвестициялық ахуалды жақсартудың егжей-тегжейлі жоспарын жасап ұсынуды тапсырамын. Бұдан бөлек, инвесторлармен жұмысты белсенді ете түсу үшін инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақ­сартуға бағдарланған Үкімет ке­ңесін құруды тапсырамын. Өңір­лерде жергілікті маңыздағы жо­баларды жүзеге асыру үшін ин­вестициялар тартуға қажетті осындай кеңестер құру керек.

Екіншіден, экономикалық өсім­­­нің өңірлік драйверлерін қа­лып­­­тастыру маңызды. Барлық ин­вес­тициялық жобалар тікелей өңірлерде жүзеге асырылады. Сон­­­дықтан 6 макро­өңір­лер – Оң­түс­тік, Солтүстік, Орталық-Шы­ғыс, Батыс, Алматы, және Астана үшін же­­ке
бағдарламалар жасау қажет. Ірі өңірлік жобалар айналасында ша­ғын және орта бизнесті дамыту керек. Сондықтан кәсіпкерлікті қол­даудың «Бизнестің жол кар­­тасы-2020» бағдарламасы макро­өңір­­лердің инвестициялық бағ­дар­­ламаларының бір бөлігі болуы тиіс. Еңбек ресурс­тарының жұмыл­­ғыштығын жоғарылату бо­йын­­ша, бірінші кезекте, еңбек күші ар­тық өңірлердің еңбек күші же­тіс­­­­пейтін өңірлерге миграциялар­ды ынталандыруға бағытталған ша­ралар­ды алдын ала қарас­тыру қа­жет.

Макроөңірлер «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде құры­латын біртұтас көліктік, ло­гис­тикалық және коммуни­ка­ция­лық құрылым аясында бірігулері тиіс. Қазіргі кезде «Орталық – Оңтүс­тік», «Орталық – Шығыс», «Орта­лық – Батыс» шешуші бағыттары бо­йынша 11 жоба жүзеге асырылу­да. «Боржақты – Ерсай», «Алматы – Шу» теміржол желілері мен Құ­рық портындағы паромдық өт­кел құ­рылыстары жүргізілуде. Бұл жо­­балар қазірдің өзінде 72 мың адам­ды жұмыспен қамтып отыр. Үкі­метке аталған бағдарламалар­ды жүзеге асыру ісін белсенді ете түсуді тапсырамын.

Сонымен қатар экономикалық конъюнктураны есепке ала отырып, қаржыландыру көздерін әртараптандыру қажет. Менің ҚХР-ға сапарым барысында Эксим­Банкпен 2,6 миллиард доллар сомасында займ тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қа­зір мемлекеттік бюджет есебінен көптеген жолдар салынып жатыр. Бірақ бұл жобаларға шетелдік және жергілікті инвесторларды да тарту керек. Жақын болашақта «Нұрлы Жол» бағдарламасы жобаларына жеке капиталды тарта отырып, қаржыландыру моделіне келтіру керек.

Үшіншіден, қазір әлемдік және өңірлік рыноктарда экспорттық тауашаларды белсендірек игерген жөн. Біз жақын жатқан елдердің экономикалық әлеуеттерін тиімді пайдалануға тиіспіз. Бірінші кезекте, бұлар – Қытай, Ресей, Иран, Моңғолия, Үндістан, Пәкістан, Ор­талық Азия және Кавказ елдері. Аталған елдер жыл сайын 3,5 триллионнан астам доллардың та­уарлары мен қызметтерін им­порттайды. Еуразиялық экономи­калық одаққа шешуші өңірлік рыноктармен еркін сауда туралы келісім жасасу қажет. Үкімет аталған мәселелерді біздің әріп­тестерімізбен бірлесіп жасап, бәріміз үшін пайдалы етіп шешуі тиіс. СІМ-ге осы міндеттерді орындау үшін Қазақстанның шетелдердегі мекемелерінің барлық ресурстарын іске қосу қажет.

Төртіншіден, бізге техникалық кадрлар дайындау жүйесін ба­рынша дамыту қажет. Техникалық жә­не кәсіби білім беру инвести­циялық саясаттың негізгі бағыт­та­рының бірі болуы тиіс. Бұл үшін Германиямен, Канадамен, Австралиямен және Сингапурмен кадрлар дайындау орталығын бірлесіп құру керек. Олар бүкіл еліміз үшін техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің моделі болады.

Бесіншіден, Қазақстан экономи­касының инновациялық әлеуетін арттырған жөн. Болашақтың экономикасын құру үшін негіз қалау маңызды. Смарт-технология­лар, жасанды интеллект, киберфи­зи­калық жүйелер интеграциялары, болашақтың энергетикасы, жо­ба­лау және инжиниринг сала­ларында біліктілікті дамыту қа­жет. Мұны тек тиімді ғылыми-инно­вациялық жүйе құру арқылы ға­на жасауға болады. Назарбаев Университеттің  «Астана бизнес кампусы» хайтек-паркінің базасы мен Алматыдағы «Алатау» технопаркінде қалыптастырылатын қуатты зерттеу университеттері мен инновациялық кластерлері оның негізіне айналады. Астанада ЭКСПО-2017 Халық­ара­лық мамандандырылған көр­месін өт­­кізу бізге «жасыл техно­логия­лар­­ға» негізделген жаңа энергетика­ны белсенді дамытуға жақсы мүм­­кіндік береді.

БЕСІНШІ. Жаңа әлеуметтік саясат

Серпінді экономикалық өсім көптеген жылдар бойы бізге белсенді әлеуметтік саясат жүргізіп, адамдардың өмір сапасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік бер­ді. Барлық жаһандық дағдарыс­тар­дың теріс ықпалына байланыс­ты экономикамыз тап болған бүкіл қиындықтарға қарамастан, біз әр­кез қазақстандықтардың әл-ау­қа­тын арттырып келдік. Он жылда әлеуметтік салаға мемлекеттік шы­ғындар нақты көрсеткіш бойынша 3 есеге жуық өсті. Әлеуметтік сала мен мемлекеттік басқаруда жұмыс істейтіндердің саны 1,2 миллион адамнан асады. Мемлекет жәрдемақы мен төлемдердің үлкен көлемін қамтамасыз етуде. Оларды 1,5 миллионнан астам
азамат алады.

Экономикалық тәуекелдерге, жалпы, ештеңеге де қарамастан, біз халықты әлеуметтік қолдау ша­раларын жүзеге асыруды жал­ғастырамыз. Мен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызмет­керлердікі 40 пайызға де­йін артатынын жариялаймын. Мұнда бюджет қызметкерлерінің түрлі категорияларына қатысты сара­ланған тәсіл қолданған ұтымды. Алдағы жылы мүгедектігі мен асы­раушысынан айырылуға байла­нысты әлеуметтік жәрдем­ақы­лар­дың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ стипендиялар қамтамасыз еті­летін болады. 2016 жылдың 1 қаң­та­ры­нан бастап біз инфляция  деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекс­тейміз. 2016 жылы «Б» корпу­сындағы мемлекеттік қызмет­ші­лер­дің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады. Бұл мақ­сат­тарға қаржыны біз бюджеттік шығындарды оңтайландырғаннан кейін үнемдейміз. Осылайша біз еңбекақыны өсіру үшін қаржы тауып, өзіміздің халық алдында­­ғы әлеуметтік міндеттемелерімізді орындаймыз!

Мен барлық әлеуметтік жағы­нан әлсіз қорғалған жіктерге сө­зім­ді арнамақпын. Біз мұқтаждар­ға қашанда көмек қолын созып келдік. Сонымен қатар әлеуметтік әділеттілік бұрмаланбауы тиіс. Өйткені әрбір әлеуметтік төлем – бұл жай бюджетке ғана емес, әр­бір жұмыс істейтін қазақстандық­қа қосымша салмақ. Әлеуметтік әділеттілік идеясы жұмыс істейтін қазақстандықтарға қатысты әлеуметтік әділетсіздікке айналмауы тиістігін нақты түсіну керек. Бұл – солардың ақшасы!

Бүгін де тек Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы ғана сыртқы сілкіністерге орнықты, тиімді эконо­миканың нақты негізі болуға қа­білетті. Азаматтарға әлеуметтік қол­дауды кеңейту мақсатында Үкі­метке 2016 жылдың бірінші тоқ­са­ны­ның соңына дейін ең­бек­пен қамтудың жаңа Жол карта­­сын жасауды тапсырамын. Бағдар­ламаларды қаржыландыру кө­ле­мі 2009-2010 жылдары жү­зе­ге асырыл­ған осыған ұқсас Жол картасымен салыстырғанда ұл­ғай­тылатын болуы тиіс. Бұл жергі­лік­ті инфрақұрылымдарды дамы­ту  мен елді мекендерді абат­тан­дыру жобалары есебінен еңбек рыногының тұрақ­тылығын қам­тамасыз ететін болады. Кадрларды кең ауқымды қысқа мерзімді қай­та даярлау мен біліктілігін арт­ты­ру ұйымдастырылады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесиелеу ке­ңеюде.

Бүгін мен жаңа әлеуметтік саясат жасау міндетін қоямын. Мемлекеттің әлеуметтік саладағы рөлі әлсіз қорғалған азаматтарды қолдаумен және адам капиталына инвестицияларды қамтамасыз етумен шектелетін болуы тиіс. Атаулы әлеуметтік қолдау тек мұқ­таж адамдарға, олардың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайын бағамдау негізінде, көрсетілетін болады. Басқалар ақшаны өздері, өздерінің еңбектерімен табулары тиіс. Азаматтарымыздың жекеле­­ген топтарының ерекше сұра­ныс­тарын ескере отырып, өмір сү­ру­дің ең төменгі деңгейінің құры­лымдарын қайта қарау және оның түрлі деңгейлерін белгілеу қажет. Үкіметке үш ай ішінде әлеуметтік қамсыздандыру жүйе­сін оңтайландыру бойынша ұсы­ныс енгізуді тапсырамын.

Еңбек ете алатындарға мемлекеттік қолдау тек олардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысулары негізінде ұсынылатын болуы тиіс. Үкіметке әлеуметтік көмектің мұн­дай түрлерін 2017 жылдан бас­тап енгізуді тапсырамын. Әлеумет­тік саясаттағы мемлекеттің ба­­сым­­ды-
ғы адам капиталын дамы­туға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс. Біз бұған дейін қабылданған бағдарламаларға сәйкес, білім беру және денсаулық сақтау салала­рын жаңғыртуды жалғастыруы­мыз керек. Мен 2017 жылдан бас­тап жаңа жоба – «Баршаға арнал­ған тегін кәсіби-техникалық бі­лім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын. Үкіметке оны жа­сауға кірісуді тапсырамын.

Қазақстанның жас азаматтары!

Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бас­тап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұ­­ра­ныс бар өңірге батыл ба­рың­дар. Шеберліктің шыңына же­те біл­сеңдер мамандықтың бәрі жақ­сы. Қазір техникалық маман­дық­тардың, ғылым мен иннова­цияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жа­лықпай техника меңгерген адам озады.  Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда.

*    *   *

Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы маман­дық­тарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды.

Тұтастай алғанда, Жолдауда іл­герілетіп отырған шаралардың бар­лығы нақты сипатқа ие және, әдеттегісінше, сенімді қаржы­лан­дырумен қамтамасыз етілген. 2014-2015 жылдары шағын және орта бизнесті дамытуға 1 трил­лион теңге бөлініп үлгерілген бола­тын. «Нұрлы Жол» бағдарламалары жобаларына – 2,7 триллион теңге. 2,7 триллион теңге Қазақстанға халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан бөлінді. Қытай Халық Республикасынан 2,7 миллиард доллар көлемінде несие берілді. Тұ­тастай алғанда, осы Жолдау жо­ба­ларын жүзеге асыруға 7,5 трил­лион теңге тартылмақ. Осы қар­жы­ларды тиімді пайдалану – Үкімет­тің басты міндеті және жауап­кершілігі.

Қиындықтарды еңсеруде біз жалғыз емеспіз. Өзіміздің салмақты сыртқы саяси қызметімізбен біз бүкіл әлем бойынша көптеген достар таптық. Олар бізді қолдап келеді. Сіздер менің са­парларыммен әлемнің жетекші елдері­нің көшбасшыларымен келіс­­сөз­дерім­нің куәгерлері болдыңыздар. ҚХР-мен 23 миллиард долларға шикізаттық емес сектордағы ын­тымақтастық туралы уағдалас­тық­қа қол жеткізілді. Бұл – 40-тан астам жаңа кәсіпорын салынады деген сөз. Лондон мен Парижге сапарларым да, экономикалық ынтымақтастық тұрғысынан ал­ған­да, табысты болды. Жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 11,5 миллиард долларды құрай­ды. Елімізге Ресей Президентінің са­пары біздің дәстүрлі ізгі көрші­­лестік қарым-қатынастарымыз­дың тұрақтылығы мен беріктігін  және экономикалық интеграцияның да­мып келе жатқанын көрсетті. Жапония премьер-министрінің сапары инвестициялық және техно­логиялық ынтымақ­тастықтың көк­­жиегін кеңейтетін болады. Бізге тұңғыш рет «Тойота» концерні келіп, Қазақстанда автомобильдер шығарады.

Басты нәтижелердің бірі бізге халықаралық қаржы институт­тарының жоғары сенімі болып табылады. Осындай күрделі кезеңде біздің реформаларымызды қол­дай отырып, олар 9 миллиард доллар көлеміндегі қаржы ресурстарына қол жеткізуімізге жол ашты. Біз Еуропалық Одақ­пен тереңдетілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім­ге қол қойдық. Біз әлемдік қоғамдастықпен ядросыз әлем үшін, тер­роризм мен экстремизмге қар­сы күресте біргеміз. Біз кез кел­ген жанжалдардың бей­біт жол­мен шешілгенін қалай­мыз және осы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.

Дүниежүзінде біз бастаған реформалар туралы, Жүз қадам туралы жақсы біледі және оларды қолдайды. Біз достарымыздың көңілін қалдырмауға тиіспіз. Бұл реформалар, мен аталған Жолдауда алға қойған олармен өзара байланысты міндеттерді орындау оңай болмайды, мүмкін, тіпті, ауыр соғуы ықтимал. Бірақ, олар­ға балама жоқ. Егер біз осының бәрін жасамайтын болсақ, онда әлемдік дамудан үмітсіз кейіндеп қаламыз. Бірақ біз, әдеттегідей, белгілегендеріміздің бәрін жасаймыз.

Құрметті отандастар!

Жаңа 2016 жылдан Ұлт жоспары шеңберінде қабылданған жаңа заңдар жұмыс істей бастайды. Бүгін мен экономикамызды, мемлекетіміз бен қоғамымызды нығайтуды көздейтін жаңа шаралар туралы хабарладым. Бар­­лы­ғымыздың мойнымызда еліміз­дің болашағы үшін орасан зор жауапкершілік жатыр. Алдымызда қиын жұмыстар күтіп тұр. Қазақстан халқына Жолдауымдағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда мен «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беремін. Жолдау барлық пар­тия мүшесі үшін іс-қимыл негізі және таяудағы жылдарға арналған бағдарлама болуы тиіс. Кең көлемді түсіндіру жұ­мыстарын жүргізіп, адамдарды жұмылдыру, қойылған барлық міндеттерді орындауда біріктіру керек. Пар­­тиядан сайлан­ған депутаттар дағ­дарысқа қарсы және құрылым­­дық қайта жаңғыруларды заңнама­лық тұрғыдан қамтамасыз етулері тиіс. Мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игілігі жолын­дағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмылып, аталған  Жол­дау­ды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамын.

Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты мін­детті түрде жеңеміз. Бұл үшін бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар. Біз Қазақстанымызды дамудың жаңа шептеріне шығаратын боламыз!

Қымбатты қазақстандықтар!

Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергі­лерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз.

Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізе бәрі бар. Тәуелсіздік­тің туын желбіретіп, тұғы­рын нығайтқан біз­­дің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіз­дік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!

Мен халқыма сенемін. Көк байрағымыздағы алтын қырандай елі­міз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінсін! Барды ба­ғалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың көк байра­­ғы әрдайым биікте желбіресін!

Алға, Қазақстан!